• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жәдігер Бүгін, 08:40

Тарихқа бай Тараңғұл мен Жамансу

20 рет
көрсетілді

2019 жылы Қарғалы ауданының Қосестек ауылына жақын жердегі Тараңғұл өзенінің сол жақ жағалауынан табылған ежелгі адамдар қонысы зерттеушілердің ерекше қызығушылығын туғызды. Кейінгі қола дәуіріне жататын Тараңғұл тұрағынан шыққан бай олжаларды Ә.Марғұлан атындағы Археология институты ерте темір дәуірі бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Дархан Байтілеу мен Жанаргүл Қалиева зерттеуге кірісті.

2022 жылы Елек өзенінің сағасы Жамансу өзенінің сол жақ жағалауынан Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары ежелгі адамдар тұрағын анықтады. Мәртөк ауданынан табылған осы ескерткішке «Жамансу-2» атауы берілді. Тұрақтың жалпы ауданы шамамен 9,7 гектарды құрайды. Археологтер бұл жерден шаруашылыққа пайдаланылған әртүрлі шұңқырлар тапты, тұрғын үй сияқты орынның сыртқы пішінін анықтады.

Тарихшылар дәстүрлі археологиялық мұраларды киелі ескерткіштер (бейіттер мен ғибадатханалар), қоныс нысандары (тұрақтар мен қоныстар) деп бөледі. Осы жағынан қарағанда бейіттер мен ғибадатханаларды зерттеу ежелгі адамдардың рухани сенімі мен дүниетанымын, жерлеу дәстүрін ұғынуға жол ашады, ал тұрақтар мен қоныстар олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін тануға мүмкіндік береді.

«Қазба жұмыстары кезінде Жамансу-2 тұрағынан мыңнан аса тас бұйым табылды. Олардың арасындағы сан түрлі құралдан бастап, геометриялық микролиттерге дейінгі ежелгі адам қолымен жасалған дүниелер тас өңдеудің жоғары деңгейін меңгерген шеберлер болғанын көрсетеді. Одан басқа жүзден астам қыш бұйымының сынықтары және жиырмаға жуық жа­нуар ­сүйегінің қалдықтары табылды. Табылған заттарды кешенді талдау негізінде осы тұрақта кейінгі мезолит дәуірінен энеолиттің соңына дейін адамдар тұрды деп айта аламыз. Болжамымыз радиокөміртекті даталар кешенімен де расталды. Осы деректерге сүйене отырып, Жамансу-2 тұрағын Ақтөбе облысындағы ғана емес, еліміздің батыс өңіріндегі ең көне адам қоныстарының бірі деп атауға негіз бар», дейді Ә.Марғұлан атындағы Археология институты Батыс Қазақстан филиалының директоры Самрат Қуандық.

Қарғалы ауданындағы қола дәуірінің ескерткіші – Тараңғұл қонысынан да зерттеушілерді ойландырған біраз дүние табылды. «Тараңғұл археологиялық кешені бір-бірімен байланысты екі нысан – қоныс пен бейіттен тұрады. Олардың арасы жақын орналасқан. Бұл жерден ежелгі қауымның шаруашылық қызметі мен қолөнерінен бастап, жерлеу дәстүріне дейінгі өмірі толық көрінеді. Қазба жұмысы кезінде шаруашылық құрылысы, құю қалыптары, қыш сынықтары, егіншілік, кен қазу мен балқытуға арналған құралдар, жан­уар­лар сүйектерінің қалдықтары табылды. Табылған дүниелерді жинақтай келе, кейінгі қола дәуіріне жататын осы ескерткішті Алакөл мәдениетінің оқшауланған нұсқасы Қожымберді мәдени тобымен байланыстырдық. Тараңғұлдың географиялық орналасуы мен одан табылған заттар өз заманында Еуразия аймағындағы мыс өндіру мен өңдеудің негізгі орталықтарының бірі Орал – Мұғалжар кен байыту ауданымен тығыз байланыста болғанын көрсетеді. Оған дәлел қазба жұмыстары кезінде табылған шахталар және кен балқыту пештеріне ұқсайтын жылыту құрылымдары», дейді С.Қуандық. Оның айтуынша, бұл жаңалық далалық аймақтың байырғы қауымының жоғары деңгейде шаруашылық ұйымдастырып, жоғары технологиялық білімге ие болғанын көрсетті. Тұтастай алғанда, осы жаңалық ежелгі дәуірдегі қазіргі Қазақстан аумағына жаңа көзқараспен қарауға жол ашады.

Тараңғұл және Жамансу тұрақтары қола дәуірінің ескерткіштері Ақтөбе облысындағы аз зерттелген әрі сирек табылған маңызды ғылыми жаңалықтардың бірі екені даусыз. Табылған олжаларды зерттеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Осы жердегі өзен жағасын мекендеген ежелгі қола дәуірінің қауымы біздің заманымызға дейін 4–5 мың жыл бұрын Орал мен Мұғалжар таулары арасындағы далада барыс-келіс, айырбас, көші-қонды жүргізіп, егін егіп, кен өндіріп, балқытып, мал өсіріп, аң аулап, тіршілік үшін күресе жүріп, дамудың келесі кезеңіне өткен.

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар