• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Наурызнама Бүгін, 10:15

Наурызнама: Бүгін – Жаңару күні

20 рет
көрсетілді

Жер аяғы кеңіп, тіршілік атаулы қайта жандана бастаған шақта қазақ жұрты бір-бірімен көрісіп, Наурыз мейрамын қарсы алады. Бұл айда Самарқанның тасы ерігендей, адамдардың көңіл мұзы жібіп, өкпе-реніш ұмыт болады. Ұлыстың ұлы күні тек табиғаттың емес, адамның да ішкі жаңаруына бастайтын рухани кезең, деп жазады Egemen.kz.

Соңғы жылдары бұл дәстүр жаңа мазмұнмен толығып келеді. 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен енгізілген «Наурызнама» онкүндігі мейрамды жүйелі түрде атап өтуге жол ашты. 14-23 наурыз аралығын қамтитын бұл кезеңнің әр күніне арнайы мазмұн жүктеліп, ұлттық құндылықтарды жаңаша дәріптеу үрдісі қалыптасты. Көрісу, қайырымдылық, мәдениет пен салт-дәстүр, шаңырақ, ұлттық киім, жаңару, ұлттық спорт, ынтымақ, жыл басы және тазару күндері халықтың дүниетанымы мен өмір салтын айшықтайды.

Осы онкүндіктің алтыншы күні – Жаңару күні. Бұл күн тек табиғаттың түрленуімен ғана емес, қоғамның да серпілісін білдіреді. Адам баласы айналасын тазалап, ой-санасын жаңғыртып, жаңа бастамаларға қадам басады.

19 наурызда ел аумағында күн ашық болады

Жаңару күніне орай елімізде бірқатар мәдени және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылып отыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» атты мәдени-танымдық бағдарлама өтеді. Мұнда дәстүр мен рухани құндылықтарды насихаттауға басымдық берілген.

Сондай-ақ Мәдениеттерді жақындастыру орталығында «Жаңаруды – тазалықтан бастайық» атты сенбілік өткізу жоспарланған. Бұл бастама қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Ұлттық музейде «Наурыз – жаңару мен бірліктің мейрамы» атты арнайы мәдени бағдарлама ұсынылады.

Мәшһүр Жүсіп жазбасындағы Наурызнама

Ал Республикалық академиялық неміс драма театры көктемгі саябақ кеңістігінде жастар мен жаңару тақырыбына арналған шығармашылық бағдарлама ұсынбақ. Бұл шаралар қоғамның түрлі буынын ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыруға қызмет етеді. 

Күн мен түн 22 наурызда теңелмейді

Мерекелік іс-шаралар өңірлерде де кеңінен жалғасып жатыр. Қарағанды облысында экологиялық акциялар мен жастар бастамалары қолға алынса, Ақмола облысында елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Ақтөбе өңірінде тақырыптық бағдарламалар ұйымдастырылып, қоғамдық іс-шаралар өтеді. Ал Маңғыстау облысында жастар мен еріктілердің қатысуымен түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асып жатыр.

Жаңару күні – тек бір күндік іс-шара емес, ол – қоғамды тазалыққа, бірлікке, жауапкершілікке үндейтін ортақ үндеу. Ұлттық мерекенің жаңа мазмұны дәстүр мен заманауи көзқарастың үйлесімін танытып, елдің рухани жаңғыруына серпін беріп келеді.

Соңғы жаңалықтар