• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:53

Қошкенің құнды қолжазбасы

Белгілі Алаш қайраткері Қошке (шын аты – Қошмұхамбет) Кемеңгерұлы – ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлес қосқан тұлға. Сан салалы ізденіске толы ұлтты дамыту жолындағы қызметінің нәтижесінде кейінгіге қомақты мұра қалдырды. Әсіресе өз дәуірінің оқиғаларын тіркеп қана қоймай, сол оқиғаларға терең талдау жасап, тарихи үдерістің ішкі логикасын ашуға ұмтылғаны – тарихшылар үшін құнды дерек. Қошмұхамбет Кемеңгерұлының Омбы облысының тарихи архивінен табылған қолжазбасы осы сөзіміздің дәлелі.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ қоғамы үшін сая­си, әлеу­меттік және рухани өзгеріс­тер­дің аса күрделі кезеңі болды. Пат­шалық биліктің құлауы, Ақпан және Қазан төңкерістері, аза­мат­тық соғыстың өршуі мен жаңа кеңестік билік жүйесінің орны­ғуы қазақ даласындағы қоғам­дық ұйымдардың, әсіресе зия­лы жастар қозғалысының дамуы­на тікелей әсер етті. Осы тарихи жағ­дайда ұлттық мүддені қорғауға ұмтыл­ған әртүрлі бағыттағы ұйым­дар мен топтар пайда болып, олардың арасында идеялық тартыс пен саяси қайшылық күшейді. Солардың бірі ретінде «Бірлік» қоғамы ерекше назар аудартады. Бұл ұйым қазақ жастарының ағар­ту­шылық, мәдени және қоғам­дық белсенділігін арттыруға бағыт­тал­ғанымен, уақыт өте келе саяси  үдерістің ықпалына түсіп, ішкі қайшылығы тереңдей түсті. Қазақ қоғамының  осы бір саяси  бұл­қы­нысының  беймәлім тұстарына сәуле түсірген Қошмұхамбет Кемең­гер­ұлының баяндамасы мен өтіні­шін­де не­гізгі оқиғалардың бірі – 1918 жылғы 7 сәуірде Омбы қаласындағы бұрынғы сот палатасы ғимаратында өткен біріккен мәжіліс. Бұл жиынға облыстық қазақ депутаттары кеңесінің өкіл­дері, «Үш жүз» партиясының орталық комитеті және «Бірлік» қоға­мы­ның мүшелері қатысқан. Күн тәртібінде қазақ жастары арасында жаңа ұйым – «Қазақ оқу­шы жастарының демократиялық кеңесін» құру мәселесі қаралған. Бұл мәсе­ленің өзі сол кезеңде жас­тар қозғалысының біртұтас бол­ма­ғанын, керісінше, әртүрлі топ­тар­ға бөлініп, жеке ұйымдар құруға ұмтылғанын көрсетеді.

Қошмұхамед Кемеңгерұлының қол­­жаз­басындағы мәліметке сүйен­сек, жаңа ұйым «Бірлік» қоғамы­­ның ішінен бөлініп шыққан топ негі­зінде құрылған және бұл үдеріске Көлбай Тоғысов (кей деректе Төгісов – ред.) тікелей қатыс­қан. Бұл дерек Тоғысовтың тек сыртқы қысым жасаушы ғана емес, сонымен қатар қазақ жастары ұйымдарының ішкі құрылымына ықпал етуші тұлға болғанын аңғартады.

Жиында үш баяндама тың­дал­ған. Олардың екеуін «Бірлік» қоғамының атынан – Сейдалин мен Кемеңгерұлы, ал үшіншісін жаңадан құрылған ұйым өкілі Кемелев жасаған. Бұл жағдай «Бірлік» қоғамының ішінде пікір қайшылығы болғанын және оның ашық талқыланғанын көрсетеді. Сонымен қатар аталған мә­жіліс қазақ жастары арасындағы түрлі идео­­логиялық бағыттардың тоғыс­қан әрі өзара қайшылыққа түс­кен алаңы болғаны байқалады. Қ.Кемеңгерұлының өті­нішіндегі ерекше назар аударатын тұс­тар­дың бірі – Сейдалиннің баяндамасы ке­зінде Көлбай Тоғысовтың мінез-құлқы туралы сипаттама. К.Тоғысовтың баян­дама­ны тоқтатуға бірнеше рет әрекет жа­са­ға­ны, оның мазмұнына алаңдағаны айтылады. Бұл факт баяндамада Тоғысовтың қыз­меті  сыналғанын, оның саяси беделіне нұқ­сан келуі мүмкін болғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, Тоғысовтың ке­йінгі әрекет­терін, соның ішінде тінту жүргізуін, осы сынға  жауап ретінде қарастыруға негіз бар.

Қ.Кемеңгерұлы өз өтінішінде Тоғы­сов­тың әрекеттерін тек бір оқиғамен шекте­мей, жүйелі қысым ретінде сипаттайды. Мұқан Айтпеновтің тұтқындалуын, қоғам құжаттарының заңсыз тәркіле­нуін, ми­лиция қызметкерлерінің қатысуымен жүр­гізілген қудалау­ды атап өтеді. «Біз қазір жасыры­ну­ға мәжбүрміз» деген маз­мұн­дағы мәліметі ерекше назар аудар­тады. Бұл қоғам мүшелеріне нақты қауіп төнгенін, жағдайдың тек әкімшілік деңгейде емес, саяси қудалау деңгейіне дейін жеткенін білдіреді. Яғни «Бірлік» қоғамына қатысты оқиғаларды тек ұйым ішін­дегі дау емес, кең ауқымды саяси қысым ретінде қарастыру орынды.

Қ.Кемеңгерұлының өтінішін­дегі риторика да ғылыми тұрғы­дан маңызды. Ол өз сөзінде «әділет­тілік», «бостандық» сияқ­ты ұғым­дар­ға жүгінеді. Бұл оның тек жеке мүддені емес, белгілі бір саяси-идео­логиялық құндылықтарды қор­ғау­ға тырысқанын көрсетеді. Тоғысовты «екіжүзді» және «аван­­тюрист» ретінде сипаттауы сол кезеңдегі саяси дискурстың эмо­ционалдық және поле­микалық сипатын айқындайды. Тағы бір ма­ңыздысы – мәселені жария ету­ге ұмтылыс. Қ.Кемең­гер­ұлы Омбы қаласында шығатын газет­тер арқылы бұл жағдайды жария­­лау­ды сұрайды. Бұл қадам «Бірлік» қоғамы мү­шелерінің қоғамдық пікірді қалып­тас­ты­руға, өз ұстанымын кең аудиторияға жеткізуге тырысқанын көрсетеді. Сонымен қатар бұл сол кезеңдегі  баспасөз саяси кү­рес­тегі маңызды құралы болғанын дәлелдейді.

Қошмұхамбет Кемеңгерұлы­ның баяндамасы «Бірлік» мәдени-ағартушылық қоғамының ішкі ұстанымдарын ғана емес, сонымен қатар сол кезеңдегі қазақ зиялылары арасындағы идеялық күрестің мазмұнын терең ашып көрсететін маңызды дерек болмақ. Бұл баяндама құрылымы, дәлелдеу тәсілі және қолданылған аргу­мент­тері жағынан қарағанда, автордың тек қоғам мүшесі ғана емес, соны­мен қатар қалыптасқан саяси ойы бар, публицистикалық қа­білеті жоғары тұлға екенін аңғар­тады. Қ.Кемеңгерұлы өз сө­зін қарапайым сипаттаудан бас­тамай, бірден полемикалық бағыт­та құрып, қарсы тараптың – Көл­бай Тоғысовтың саяси бейне­сін әшкерелеуге бағыттайды. Баян­даманың кіріспе бөлігінде  ал­дыңғы баяндамашылардың пікі­рін жалғастыра отырып, Тоғыс­ов­тың қоғам ішінде алауыз­дық туғыз­ғанын атап өтеді. Алайда ол мұны­мен шектелмей, мәселені терең­детіп, Тоғысовтың тек ұйым ішін­дегі әрекеттерін емес, жалпы қоғамдық-саяси қызметін талдауға көшеді.

Қ.Кемеңгерұлының негізгі әдіснамалық тәсілі – баспасөз материалдарын дәлел ретінде пайдалану. Ол «газет – редак­тор­­дың ішкі дүниесінің айнасы» деген тұжырым арқылы өз  дәйектерінің  негізін қалайды. Бұл – ғылыми тұрғыдан алғанда маңызды тәсіл, себебі автор субъек­тив­ті пікірден гөрі жарияланған деректерге сүйе­нуге тырысады. Ол Тоғысов редак­циялаған «Үш жүз» газетіндегі мақалаларды жүйелі түрде талдап, оның сая­си көзқарасының тұрақ­сыз­дығын дәлелдеуге ұм­ты­лады. К.Тоғы­сов­тың саяси ұста­ным­да­рының құбылма­лы­лығын  бір­неше нақты мысал арқылы  дәлел­дейді. Бірінші кезекте, ол Сібір съезі кезеңіндегі федерализмге қатысты көзқарасын талдайды. Қ.Кемеңгерұлының айтуынша, Тоғысов бастапқыда қазақ халқының жеке федерация құру идеясын қолдаған, ал Қазан төңкерісінен кейін және кеңестік билік нығайған соң, ол бұл ұстанымынан бас тартып, автономияға қарсы пікір білдіре бастаған. Бұл саяси тұрақсыздық пен ұстанымсыздықтың көрінісі ретінде бағаланады. Осы талдау арқылы Қ.Кемең­гер­ұлының саяси үдерістерді терең тү­сінге­нін, тұлғалардың әрекеттерін кең кон­тексте бағалай алғанына көз жет­кіземіз. Баяндаманың келесі бөлігінде К.Тоғысовтың «Алаш» партиясына қатысты пікір­лері қарастырылады. Оның әр­түрлі басылымдарда бір-бірі­не қарама-қайшы көзқарас біл­діргенін атап өтеді. Бір жағдайда «Алаш» ­партиясын буржуазия­лық элементтерді қорғайды деп ­айып­таса, екінші жағдайда оны діни бағыттағы қозғалыс ретінде сипаттайды. Қ.Кемеңгерұлының дәйек­теу­­лерінде риторикалық сұрақ­тар кеңі­нен қолданылады. Мұн­дай стиль  оның пу­б­лицистика­лық шеберлігін көр­се­те­ді. Соны­мен қатар баяндамада діни мәселелер де қозғалады. К.Тоғы­сов­тың бір жағынан ислам дінінің элемент­те­рін қолдап, екінші жағынан діни институттарға қарсы пікір біл­діргені  оның көзқа­рас­тарының жүйесіздігін дәлелдеуге арналған. Осы арқылы Қ.Кемеңгерұлы К.Тоғы­совты белгілі бір идео­ло­гия­лық бағыт ұстанбайтын, әр­түр­лі идеяларды жағдайға қарай пай­даланатын тұлға ретінде сипаттайды.  Сонымен қатар Тоғысов­тың «Үш жүз» партиясы арқылы ұсынған идеяларын да талдаған.  Әсіресе түркі-татар халықтарын біріктіру ұранына қатысты сыни көзқарас білдіреді. Автор бұл идеяны нақты саяси бағдардан гөрі декларативті сипаттағы ұран ретінде қарастырады. Бұл да Тоғысовтың идеоло­гия­лық тұтас­ты­ғының жоқтығын көрсетуге бағыт­талған.

Жалпы алғанда, Қ.Кемең­гер­ұлы­­ның баяндамасы құры­лымы жағынан жүйелі, аргументтері нақты деректерге негізделген және айқын полемикалық сипатқа ие. Ол өз қарсыласының әртүрлі кезеңдегі пікірлерін салыстыра отырып, олардың арасындағы қайшылықты ашып көрсетеді. Бұл тәсіл ғылыми талдауға жақын келеді және автордың логикалық ойлау қабілеті­нің жоғары екенін дәлелдейді.

Қошмұхамбет Кемеңгер­ұлы­ның 1918 жылғы саяси үдерістерге қатысуы мәселесі отандық тарихнамада бірқатар пікірталастар туғызғаны белгілі. Кейбір зерттеулерде оның белгілі бір жиындарға, соның ішінде Солтүстік Қазақстан аумағында өткен ірі басқосуларға қаты­сы күмәнмен қарастырылып келген. Алайда мұрағаттық деректер бұл пікір­лерді нақтылай түседі. Атап айтқанда, 1929 жылғы 4 желтоқсанда алынған Есім Байғаскиннің тергеу хаттама­сында 1918 жылдың жазында Міржақып Дулатов бастаған үгіт-наси­хат тобының Петропавл уе­зіне келгені, оның құрамында Қошмұхамбет Кемеңгерұлының де болғаны көрсетіледі. Бұл дерек Кемеңгерұлының тек Омбыдағы саяси үдерістерге ғана емес, сонымен қатар Солтүстік Қазақстан аумағындағы ірі саяси жиындар мен халықтық құрылтайларға да тікелей қатысқанын дәлелдейді. Қошмұхамбет Кемеңгерұлының Петропавл қаласында жарық көр­ген «Жас азамат» газетінің редакторы болғаны – оның сол кезеңдегі ұлттық баспасөздің алдыңғы қатарында тұрғанының дәлелі. Бұл басылымның  бетінде Жұмағали Тілеулин, Мағжан Жұмабаев, Біләл Малдыбаев, Әбдірахман Байділдин, Мұха­меджан Бейсенов сияқты сол дәуір­­дің саяси және рухани эли­та­сына жататын тұлғалардың материал­дары  жариялаған. Бұл есім­дердің өзі «Жас азамат» газе­тінің кездейсоқ басылым емес, қазақ жастарының саяси ой-пікірін қалыптастыруда маңызды рөл атқарған интеллектуалдық алаң болғанын айғақтайды. Осы тұрғыдан алғанда, Қошмұхамбет Кемеңгерұлының тек «Бірлік» қоғамы аясында шектеу ғылыми тұрғыдан жеткіліксіз. Ол – бір мезгілде жастар қозғалысының белсенді мүшесі, ұлттық баспасөз­дің ұйымдастырушысы және «Алаш» қозғалысының идеяларын таратушы қайраткер ретінде көрінеді.

Жалпы алғанда, Қошмұхамбет Кемеңгерұлының баяндамасы мен өтініші ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының саяси ойының даму деңгейін, қоғамдық бел­сенділігін, идеологиялық ұстаным­дарын түсінуге мүмкіндік беретін маңызды дереккөз саналады.

 

Сәуле  МӘЛІКОВА,

Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты

Соңғы жаңалықтар