• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:17

Көпбалалы отбасылар жәрдемақыны қалай алады?

Гүлмира ЖӘКЕНҚЫЗЫ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ана мен баланы қорғау басқармасының басшысы:

Бүгінде көпбалалы отбасы­ларға жәрдемақы тағайын­­дау жүйесі автомат­тан­дырылған. Қызметті проактивті форматта да алуға болады. Мысалы, үйде 4 бала бар, анасы бесінші перзентін дүниеге әкелді делік. Жаңа туған ба­ланың ЖСН-і тіркелген күні анасының смартфонына SMS хабарлама келеді. Онда бала туу бойынша баланың 1,5 жасқа дейінгі күтіміне көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақының үш түрі тағайындалатыны көрсетіледі. Егер осы SMS-ке көпбалалы ана 3 күн ішінде жауап берсе, онда төлемдер автоматты түрде тағайындалады. Осы­лайша, әуелі жәрдемақы та­ғайындауға қызмет алу­шының проактивті қыз­мет көрсетуге келісімі қа­жет. Сосын ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқы­лы банктік шот нөмірін растауы немесе ұсынуға тиіс. Сонда жәрдемақы мен басқа да төлемдер бір шотқа түседі.

Егер SMS-ке қандай да бір себептермен жауап берілмесе, онда екінші деңгейлі бірнеше банктен немесе халыққа қызмет көр­сету орталығынан өтініш беруге болады. Қызмет «электрондық үкімет» веб-пор­талында да қолжетімді. Бұл ретте электрондық өті­ніш нысаны толтырылады. Ал балалар туралы, неке қию (бұзу), қорғаншылық (қамқоршылық), туу туралы акт жазбасынан асырап алу туралы мәліметтер тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйе­лерден автоматты түр­де алынады. Өтініш беру­ші тек банктік шот дерек­­терін көрсетіп, өтінішті ЭЦҚ арқылы растайды. Егер онлайн қызметті пайдалану мүмкіндігі болмаса, өтініш­ті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік кор­по­рациясының бөлім­шелері арқылы да беруге болады. Бұл жағдайда жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен алынған электронды құжат ұсынылады. Ескеретін жайт, ата-ана жәр­демақы туралы хабарламаны жауапсыз қал­дырып, бір айға дейін өтініш толтырмаса, онда өткен айына көпбалалы ана ретінде жәрдемақы ала алмайды. Яғни көпбалалы отбасыларға жәр­демақы өті­ніш­ті тапсырған сәттен та­ғайын­далып, төле­неді. Бұл ретте отбасылар үшін ең дұрысы әрі тиімдісі – SMS-хабарламаға дер кезінде жауап беріп, жәрдемақыны уақы­тында алу. 

Соңғы жаңалықтар