Биыл Ұлытау облысында жаз мезгілінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында өңірдегі жеткіншектердің 35 679-ы (89,7%-ы) демалысқа жіберіледі.
Айталық, облыстық Білім басқармасының мәліметінше, мектеп жанындағы сауықтыру лагеріне – 5 115, мектеп жанындағы бейіндік лагерьге (5–10 сынып) – 30 055, еңбекпен қамту бағытына – 13 643, «Жасыл ел» жобасына – 10 191, шығармашылық үйірмелерге – 7 069, туристік бағытқа – 3 679 және зияткерлік бағытқа 2 407 бала қамтылады деп жоспарланған.
Сондай-ақ жазғы демалыс уақытында қала сыртындағы лагерьлер де жұмыс істейді. Мәселен, жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік санаттағы 470 бала өзге өңірлердегі қала сыртындағы лагерьге барады. Бұл мақсатқа 83 млн 760 мың теңге бөлінген. Бүгінде еліміздегі Балқаш, Щучинск, Қонаев қалаларындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында түрлі жетістіктері бар 330 жеткіншек демалып келді. Алдағы уақытта осы орталыққа 542 оқушы жіберіледі. Сонымен қатар «Қазақмыс» корпорациясы», «Өркен-Атасу», «Казцинк», «Құмкөл Петролеум» компаниялары сияқты ірі кәсіпорындардың демеушілігімен 1 500 бала (өткен жылы – 1 185) қала сыртындағы лагерьлерде тегін демалады.
Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Маратбек Жақыпбекұлының айтуынша, каникул кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында тәрбие жұмысы тоқтамайды. «Біріншіден, балаларды мектеп жанындағы және үйірмелік лагерьлермен барынша (шамамен 90%-ын) қамтып отырмыз. Екіншіден, биыл біз жоғары сынып (8–10 сынып) оқушыларына арналған арнайы кәсіби бағдар беретін бейінді лагерьді дамыттық. Бұл жоба өңірдегі бес жетекші колледж базасында өтеді. Мұндағы іс-шаралар гуманитарлық, медициналық, инженерлік және IT бағыттары бойынша ұйымдастырылады. Оған 250 оқушы тартылды», дейді Білім басқармасы басшысының орынбасары.
Сонымен бірге Білім басқармасы қауіпсіздік шараларына ерекше мән беріп отыр. Маусым-тамыз аралығында Полиция, Төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп, су айдындары маңында рейдтік жұмыс күшеймек. Алдағы тамыз айында қосымша білім беру аясында жазғы мектеп, олимпиада резервтері және балғындар мектебі өз жұмысын бастайды. Сондай-ақ қосымша білім ұйымдары базасында дебат, IT, экономикалық сауаттылық, экодүниетаным бағытын қамтитын «BalaLAND» күндізгі лагерьлер жұмыс істейді.
Айта кетейік, биыл Жезқазған қаласында жыл бойы жұмыс істейтін 400 орындық заманауи лагерьдің құрылысы жоспарланып отыр. Бүгінде нысан салынатын жер учаскесі толық рәсімделген.
Ұлытау облысы