Ресми жыл наурыз айына ауғанда, Есіл бойына да көктемнің жеткені қапысыз сезіледі. Үш ай бұрын жарияланған «Жаңа жыл» ұғымын табиғат басқаша әйгілей бастайды. Уақыт мазмұнына қатысты пікірталастың төрелігіне жаратылыстың өзі жәрдемге келеді. Мұны Алаш ардағы Ахмет Байтұрсынұлы: «Біздің жаңа жыл... шын мағынасымен жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, жер қарайып, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденген кез» деп түсіндіріпті. «Қазақ» газетіндегі (9.03.1913) «Наурыз» атты мақаласында Ақаң маңызды екі ой айтады: 1) Наурыз күнін нақты белгілеу; 2) Ата ғұрыпты ұмытпау.
Алаш баспасөзінен Қазақ елі жыл басын ескіше 9 наурызда қарсы алғанын оқимыз. 1988 жылы Қазақстан Наурыз мерекесін 62 жылдан кейін қайта ресми атап өте бастағанда, тойланатын күн 22 наурыз деп белгіленді. 2009 жылдан бұл дата Орталық Азия республикаларымен сәйкестендірілді (21-23 наурыз аралығы). Осылай азаттықты аңсаған зиялылар арманы кезең-кезеңмен жүзеге асты.
Ұлт зиялылары «ата ғұрып» ұғымына елді сапаландыратын, ар-ұятын сақтайтын, тәжірибесін арттыратын, береке-бірлікті нығайтатын, сенім мен тәуекелді қолдайтын құндылықтарды сыйдырды. Ұлт ұстазы: «Жұрт үшін шығарылған нәрсе жұртқа жақын болуға тиіс. Аспандағанмен алыс кете алмаспыз. Артылдық дегенмен елден алыс кете алмаспыз» дейді. Мұны бір деңіз. Мәні – тамырдан, елдік мүддеден жырақтамау. Алайда келесі еңбегінде ескіге байланбай, өрістеуді де айтады: «Өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді түзеуге жөн ізде!».
Күні кеше жаңа Конституцияға қатысты жалпыұлттық референдум өтті. Саяси реформаны ел өміріне жақындататын, соңғы жылдардағы өзгерістерді заңмен тиянақтайтын бас құжаттың қажеттігі түсінікті еді. Мемлекет пен қоғам жаңарып, ал Ата заң бұрынғыша қала бермейтіні айдан анық. Осы бастаманы терістеуге, кей бабына күмән келтіруге тырысқандар сырттан да, өз ішімізден де байқалды. Бірақ көзі ашық, әділетке сенген халықтың басым көпшілігі жаңа Конституция жобасын қолдап дауыс берді. Ақаң жазғандай, «Зәкүннің асыл түбі – әуелі хүкімет пен халық арасына салатын, екінші хүкіметке қараған адамдардың араларына салатын жол». Бұл – әліпбилік анықтама. Ал сол билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынас, билік тармақтарының мақсат-міндеттері бас құжатта қатталғанда, мұнда ата ғұрыптан түрлі қатерге дейінгі тәуекелдер заң жүйесімен, шарттылығымен көсетілетіні, реттелетіні сөзсіз еді.
Халқымызда ежелден келе жатқан «Заманына қарай – заңы, тоғайына қарай – аңы» деген мақал бар. Мұның да мәні Ақаң меңзеген ата ғұрыптан өрбиді. Біз шекара сыртындағы төрт тарапты да, кейде қарлы, кейде қарсыз алыс-жақын мемлекеттердің пиғыл-пейілін де ескеруге мәжбүрміз. Тарихтағы Абылай арпалысы, Әбілқайыр әлдеғайымы, Кенесары күңіренуі, Сыздық сергелдеңі азат ұрпағынан сақтықты, ақылды, намысты, жауапкершілікті қатар тілейді. Жалаң айқай, жалған үгіт, жадағай пәтуа, жетесіз жарнама ешқашан ата ғұрып та, жөн де бола алмайды.
Сонау Шыңғыс хан заманынан басталып, қаған ұрпағы – Ұлық ұлыс (Алтын орда) хандарына дейін жеткен «Ұлы жарғыда» мынандай бап бар: «Келелі ой айтарда үш ақылды адаммен кеңес. Олар қолдаса, жария ет. Қолдамаса, дымың ішіңде болсын!». Сөз бостандығы дәуірінде біз мұны мысал үшін ғана дәйектедік. Айтпағымыз – А.Байтұрсынұлының «ата ғұрып» ұғымының астарында осындай елдік парасат тұр. Ата заңдағы «Ұлы дала тарихының мыңдаған жылдық сабақтастығынан» жеткен сондай бір жосықта: «Жауынгер бейбіт заманда бұзаудай момақан, соғыс кезінде аш қырандай үрейлі болсын» делініпті. Осы бапты Ақаң өз кезеңінде ағартушылыққа бұруды қалады. Біз бүгін мұны білім-ғылымға, ІТ технология-инновацияға қарай қалыптауға мүдделіміз.
Ата ғұрыпта жауапсыз (жалған сөйлейтін, сөз таситын, уәде мен сертке тұрақсыз) адамды «тірі өлік» дейді. «Ұлы жарғы» үш рет алдағанды өлім жазасына кесіпті. Ағартушы Ақаң «түленмен түрін өзгерткен» т.б. кемшіліктер тәрбие, білім, мәдениет қуатымен түзеледі дейді. Сол үшін де игі дәстүр (ата ғұрып) пен жаңашыл заңды үйлестіруді армандаған.
Алаш алыбы А.Байтұрсынұлы елдік рухани деңгейді, ата дәстүрді «асыл сөздің жаңа сипатын көрсеткен» Абайдай тұлғалар биікке көтергенін де айтты. Дананың пайымынша, кемел адам шыншылдығымен, ізгілігімен, ақылымен (қарасөзде сиддық, кәрәм, ғақыл) ерекшеленеді. Осы сапаға жету үшін талапкерде ыждағат болуы керек. Мұны неге Наурыз мерекесіне орай айтып отырмыз? Өйткені жаңару – кемелдікке апарар жолдың бастауы.
Жаңа Ата заңның 3-бабында «жауапты және жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; төл мәдениетті қолдау» − еліміздің негіз құраушы қағидаттары қатарында көрсетілген. Міне, осы тұрғыдан да Наурыз мерекесі – пәлсапа-тұжырымдамасымен, сән-салтанатты дәстүрімен, әлеуметтік-халықтық сипатымен қоғамды тұтастандыратын рухани күш. Алаш арыстары ата ғұрыптың осындай жаңару тетігін тауып, мазмұнына сол заман зәрулігін енгізуді ойлады.
Жалпы, Наурыз – мереке ғана емес, кешенді өзгеріс ұғымы. Бұл орайда ол Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айқындаған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының бір қырымен сәйкеседі. Ниеттің, пікірдің, істің, ортаның тазалығы – оң өзгеріске сеп. Қоғамдық құндылықтардың, мәдени код пен ойлаудың шынайы жаңаруы заманауи өндірістің де тиімді жұмыс істеуіне әсер етеді.