• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Наурызнама Бүгін, 09:40

Рухани өнегесі ағыл-тегіл

10 рет
көрсетілді

Наурыз мейрамының тарихы терең һәм күрделі. Соңғы ширек ғасырда Наурыз мейрамының тарихы мен қоғамдық маңызы туралы көп жазылып жүр. Осылардың ішінде көпшілікке белгілі көне дереккөздеріне тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

Мысалы, біздің жыл санауымыздан бұрын жазылып, Орталық Азия халықтары арасында кең тараған зороастра діни-ғұрыптық ұстаным кітабы «Авеста» жинағында және ХІ ғасыр туын­­­­дысы, атақты ғалым Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрік» атты түркі тілдер сөздігінде көне парсы-түркілердің жыл санауы және Наурыз мейрамы хақында мәліметтер кездеседі.

Осы деректерге қарап біз Наурыз мейрамының көне­лігін аңдаймыз. Сон- дай-ақ ортағасырлық шығыс шайыр­лары мен оқымыстылар Әбу Райхан әл-Бируни, Ибн Балхи, Омар Хаям, Қожа Хафиз еңбек­терінде жазылған мәлімет­терге қарағанда, Наурыз мейрамын ежелгі заманда Иран, Ауған, Бұқара, Қапқаз, Тұран ұлысымен шектестіп жатқан Түркістан өлкесі атап өтетіні туралы айтылса, жазушы Смағұл Елубай ағамыз «Бұл мейрамды ерте кезде Иран-Тұран жұртымен бірге христиан дінін толық қабылдағанға дейін славяндар да тойлаған», дейді.

Тіпті қазіргі жыл санаумыз бойынша ХVІІІ ғасырдың басына дейін ағылшындар жыл басы ретінде «26 наурыз» күнін белгілеп келгені тура­­лы дерек бар. Осы орайда, жаратылыс­танушы мамандар адамзат қолданып келген шығыстық күнтізбелік деректерге сүйене отырып, Наурыз мейрамының пайда болғанына 5000 жыл деп пайымдайды.

Келесі кезекте есте болатын дүние – Наурыз мейрамының «Ұлыстың ұлы күні» деп аталатын балама ұғымы бар. «Ұлыс» –  дегенміз көне түркі тілінде «мемлекет» деген мәнге ие. Дәл қазір осы ұғым, осы термин моңғол тілінде мағынасын бұзбай сақталған екен. Олар өз елін, яғни републикасын ауызекі және жазба тілде «ұлыс» деп атайды. Яғни Моңғолияда мемлекеттің ресми атауы «Моңғол ұлыс».

1984 жылы Моңғол Ғылым академиясының тапсырысымен тілші ғалым Базылхан Бұқатұлы дайындап, Бай-өлкеде жарық көрген «Моңғол – Қазақ» сөздігінің 508-бетінде: «Улс» (ұлыс) атауын қазақ тіліне «мемлекет» деп а­ударса, Шәкәрім атамыздың Наурыз мерекесін сипаттау жырында:

«Ұлыстың ұлы күнінде,

Бай шығады балбырап.

Қасында жас жеткіншек,

Тұлымшағы салбырап.

Келіншек шығар керіліп,

Сәукелесі саудырап.

Қыз шығады қылмиып,

Екі көзі жаудырап.

Түтіні шығар бұрқырап»,  десе және де бір ел аузында сақ­талған тағы бір жырда:

«Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып көріскен,

Жаңа ағытқан қозыдай,

Жамырасып өрістен,

Шалдар бата беріскен,

Сақтай көр деп терістен»,  

деп мейрамның «ұлыс» атауын нақтылай түседі. Яғни Наурыз мейрамы қазақ танымында «Ұлыстың ұлы күні» ретінда сақталған. Сонымен қатар тарихымыздағы «Жошы ұлысы» немесе «Ұлық Ұлыс» деген тарихи тіркестер біз айтып отырған «ұлыс – мемлекет» ұғымымен ұштасып жатыр.

Өткен ғасырлардағы аумалы-төкпелі заманда халқына қорған болған Шақшақ Жәнібек батыр (1693–1752) өлгенде қызы айтқан жоқтауында:

«Сүбесі сүйем қошқарды,

Ұлыс күні соймас па ем,

Тамам сорлы тоймас па ең,

Ұлыс сайын басыңа,

Жұпшырақ жағып қоймас па ем», деген шумағы бізге жетіпті. Осындағы «ұлыс» сөзінің  мағынасы «жыл сайын», яғни «Ұлыстың ұлы күні» болған сайын басыңа жұп-жұбымен шырақ жағып еске алар» едім деген мәтінде айтылып тұр.

Соңғы жаңалықтар