• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Құқық Бүгін, 08:55

Мүлікті қорғаудың тиімді тетігі

10 рет
көрсетілді

Елімізде тұрғын үй қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНДРА) табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы заң жобасының жаңартылған нұсқасын жариялады. Құжат азаматтардың мүліктік тәуекелдерін азайтып, төтенше жағдайлар кезінде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуді мақсат етеді. Сондай-ақ жаңа бас­тама сақтандыру жүйесін жетілдіріп, нарықтағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Заң жобасының мерзіміне назар аударсақ, 2025 жылғы қыркүйекте ұсы­нылған алдыңғы нұсқада нақты ен­гізу уақыты көрсетілмеген еді. Демек ҚНДРА мен Үкімет бұл мәселені биыл түбегейлі шешуге ниетті. Жаңартылған редакция реттеуші құрылымдардың аясын кеңейтеді. ҚНДРА мен Төтенше жағдайлар министрлігі «электрондық үкімет» жүйесі арқылы жұмысты үйлестіріп, басқармақ. Бұған байланыс орталығы мен ақпараттық-анық­тамалық қызмет те қосылады. Атал­ған құрылымдардың нақты қыз­метін Үкімет айқындайды.

Сонымен қатар ТЖМ өңірлермен бірлесіп, су тасқыны, жер сілкінісі мен орман өрттері қаупі бар аумақтарды анықтау тәртібін бекітеді. Ал тәуекелі жоғары өңірлердің тізбесін әзірлеу толықтай Үкіметтің құзырында қалады. Жергілікті атқарушы органдардың міндеті де кеңейеді. Енді олар тек келген залалды емес, табиғи апат кезінде төленетін өтем мөлшерін де есепке алуға тиіс.

Сақтандыру жүйесінде қосымша құрылымдар да қарастырылған. Аза­мат­­­тар­дың мүлкін міндетті сақтан­ды­румен мамандандырылған мемлекеттік қор айналысады. Оның жанынан байланыс орталығы мен ақпараттық-анық­тамалық қызмет жұмыс істейді. Бұл жүйенің де нақты ұйымдастыру тәртібін Үкімет белгілейді.

Жаңа модельде сақтандыру жарна­ла­рының мөлшері де айқындалған. Ең төменгі сыйлықақы – 0,5 АЕК, ең жоғарысы – 5 АЕК. 2026 жылы бір айлық есептік көрсеткіш 4 325 теңге болғандықтан, сақтандыру төлемі шамамен 2 100 теңгеден 21,6 мың теңгеге дейін болады. АЕК көлемі жыл сайын өсетіндіктен, 2027 жылдан бастап бұл сома да ұлғаяды. Бұған қоса 0,2%-дан 0,65%-ға дейінгі өңірлік коэффициенттер қолданылады.

Тәжірибе көрсеткендей, сақтандыру полистеріне деген қызығушылық көбіне апаттан кейін күрт артады да, уақыт өте бәсеңдеп қалады. Жер сілкінісін жиі сезетін алматылықтар секілді, еліміздің тұрғындары да дүмпу болған сәтте ғана сақтану қажеттігін еске алады. Алайда арада біраз уақыт өткен соң бұл мәселе қайтадан ұмытылады. Бұған дейін жойқын су тасқынын бастан өткерген өңірлерде де сақтандыруға деген белсенділік айтарлықтай жоғары емес. Соның салдарынан нарық тарылып, сақтандырылған тұрғын үйлердің үлесі төмен күйінде қалып отыр.

ЮНИСЕФ деректеріне қарағанда, ел аумағының 75 пайызы табиғи апаттар қаупі жоғары аймаққа жатады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, су тасқыны қаупі бар өңірлер қатарына республикалық маңызы бар екі қала мен алты облыс кіреді. Ал сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймақта екі қала және 13 облыс орналасқан. Тәуекелі салыс­тырмалы түрде төмен өңірлер ретінде Астана қаласы, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары аталады. Соған қарамастан еліміздегі тұрғын үйлердің 3,2 пайызы ғана ерікті түрде сақтандырылған.

Халықаралық Moody’s агенттігінің сарапшылары еліміздегі сақтандыру компанияларының рентабельділігі шамамен 20 пайызға дейін артуы мүмкін екенін айтып отыр. Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2030 жылға дейін тәуекелге негізделген қадағалау жүйесін толық енгізуге арналған жол картасын әзірлеген. Бұл өзгерістер сақтандыру саласын Еуропада қол­да­нылатын Solvency II жүйесіне жа­қын­датып, компаниялардың төлем қабілеттілігі мен капиталының жет­кі­ліктілігін бақылауды күшейтеді. Қан­дай да бір төтенше жағдай туындаса, өтемақы арнайы құрылған сақтандыру пулынан төленеді. Тұрғын үй бүлінген жағдайда төлем 500 мың теңгеден бас­талса, толық қираған кезде 10 млн теңгеге дейін жетеді.

Мұндай қаражат бүлінген үйді жөндеуге жеткенімен, толық қираған баспананың орнына аудан немесе облыс орталығынан жер сатып алып, жаңа үй тұрғызуға не пәтер алуға жеткіліксіз болуы мүмкін. Егер тұрғын үйдің толық нарықтық құнын өтеу қажет болса, қосымша сақтандыру полисін рәсімдеу талап етіледі.

Сарапшы Нұржан Жантөреев елімізде оңтүстік пен шығыста сейсми­ка­лық қауіпті өңірлер бар екенін, бұл ретте мамандар елдің орталығында да, батысында да айтарлықтай елеулі дүмпулерді бірнеше рет байқаған. Оның айтуынша, ел аумағының 70%-ға жуығы апатты қауіп-қатер айма­ғында және бұл айтарлықтай елеулі қауіп. Ел көлемінде тұрғын  үйлердің небәрі 3,2%-ы ғана табиғи апаттардан сақтандырылған.

ҚНДРА ұсынған заң жобасы бірінші кезеңде заң тұжырымдамасы базалық төлемдерді жүзеге асыруды көздейді. Бұдан әрі сақтандыру жүйесін зардап шеккен өңірде базалық тұрғын үй сатып алуға төлемдер жеткілікті болатындай етіп қайта баптау жоспарланып отыр. Бұл тәсілдер бұған дейін Түркия мен Румынияда қолданылыпты. Мұндай тетіктер бюджеттен жүктемені алып тастауға ғана емес, зардап шеккендерді жедел төлемдермен қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді. Егер зілзаладан бірнеше жүз мың, тіпті миллиондаған адам зардап шексе, ешқандай мемле­кет­тік резерв қалпына келтіруге жет­пейтінін түсіну керек.

Н.Жантөреевтің айтуынша, тұрғын үйді міндетті сақтандырудың тұрақты жүйесін құру – өте күрделі әрі қиын міндет екенін, оны іске асыруға бірнеше жыл керек.  Түркиядағы табиғи апаттардан міндетті сақтандыру тетігі мемлекет-жекеменшік әріптестікке негізделген. Жергілікті сақтандыру компаниялары өздерінің сату арналары арқылы сақтандыру сыйлықақыларын тікелей жинаумен айналысуы мүмкін екені осыған дейін айтылған. Табиғи апаттардан міндетті сақтандыруды енгізу үдерісінде өнімнің маркетингтік құрамдас бөлігіне баса назар аудару қажет екенін Ұлттық банктің сарапшылары да айтады. Жергілікті халықтың табыс деңгейі сияқты аймақтық және табиғи-географиялық ерекшеліктер сақтандыру сыйлықақысын әділ және біркелкі жүктеменің пайдасына есептеу кезінде ескерілуге тиіс.

– Жергілікті сақтандыру компания­лары өздерінің филиалдар, бөлім­шелер, интернет-ресурстар  ар­қы­лы сақтандыру сыйлықақыларын тікелей жинаумен айналысуы мүмкін. Бұдан әрі жиналған сыйлықтар мем­лекеттік сақтандыру компаниясына беріледі. Тәуекелді іске асырған жағдайда зардап шеккендерге тікелей төлемдер де сақтандыру компаниялары арқылы жүзеге асырылады. Айталық, егер пәтер 25 млн теңге тұрса, ал міндетті сақтандыру тек 5 млн теңге шығынды ғана жабады. Тәуекелдердің шектеулі тізбесі бойынша тағы 20 млн теңгеге қосымша өтемақы сатып алуға және тәуекелдер тізбесін кеңейтуге, сондай-ақ тұрғын үйге зақым келтіргені үшін ғана емес, сонымен қатар техникамен жиһаз немесе жөндеу үшін де төлем алуға болады,  – дейді Н.Жантөреев.

Тұрғын үйді сақтандыру сегмен­тінде қордаланып қалған мәселе көп. Қызыл сызықтың үстіне салынып кеткен үйлер орталықтан шалғай өңірлерде ғана емес, Алматыда да бар. Заң бо­йынша Үкімет мұндай үйлерге өтемақы беруге міндетті емес. Бірақ мем­лекеттің әлеуметтік мәртебесі төтен­ше жағдайлардың тұтқыны болып қал­ғандардың бәріне жәрдем­десуді міндеттейді.