Францияның Страсбург қаласында Еуропа Кеңесінің GRECO-ның (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобы) 102-пленарлық отырысы өтті. Жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс барысын таныстырды.
Еуропа Кеңесімен құрылған GRECO-ға 51 қатысушы мемлекет кіреді және Қазақстан – осы ұйымның толыққанды мүшесі.
Пленарлық отырыста агенттік төрағасы Дархан Жазықбай Қазақстанда GRECO ұсынымдарының іске асырылу барысы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, елдегі жүйені дамыту бағытындағы жүргізіліп жатқан кешенді жұмыс жөнінен баяндама жасады.
Агенттік басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындайтынын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы ауқымды институционалдық өзгерістерге тоқталды. Оған қоса елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, оған мүлдем төзбеушілік пен адалдық қағидаттарын орнықтыруға бағытталған жаңа модельдің кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын жеткізді.
Баяндамада қаржылық тергеулерді дамыту, құқық қорғау органдары арасындағы өкілеттіктерді нақты бөлу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды тергеуде мамандандырылған құрылымдардың рөлін күшейту мәселелері де көрініс тапты.
Азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, уәкілдер институтын енгізу, қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттыру және қоғамдық бақылау тетіктерін заңнамалық тұрғыда бекіту бағытындағы шаралар аталып өтті. Парламент қарауындағы бірқатар заң жобасына да ерекше назар аударылды.
GRECO іс-шарасы аясында Дархан Жазықбай Еуропа Кеңесінің Адам құқықтары және құқық үстемдігі жөніндегі Бас директоры Джанлука Эспозито және GRECO Бюросы мүшесі, Кипр делегациясының басшысы Алексиа Калисперамен кездесті. Іс-шара кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту, GRECO ұсынымдарын орындау барысында тиімді тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері сөз болды.