«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновке геологиялық барлауда инновациялық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«ҚазМұнайГаз» жалпы қаржыландыру көлемі 17,3 млрд теңгені құрайтын ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырып жатыр. Кешен 80 технологиялық міндетті қамтиды. Жұмыс көмірсутек қорларын іздеу және бағалау тиімділігін арттыруға бағытталған.
Мұнай бағасы барреліне 115 долларға жетті: Рекордтық өсім тіркелді
Орындалған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 22 геологиялық барлау жобасын қамтыған портфель қалыптастырылды, оның жиынтық геологиялық ресурстық базасы 4,7 млрд тоннаға жуық шартты отынды құрайды. 2026-2029 жылдарға арналған бағдарлама аясында компания 25 іздеу ұңғымасын бұрғылауды жоспарлап отыр.
«ҚазМұнайГаз» бес негізгі мұнай-газ бассейннің бассейндік модельдеуін жасады. Бұл жұмыс көмірсутектердің шоғырлану жағдайлары мен қозғалу жолдарын анықтауға бағытталған. Осылайша перспективалы учаскелерді болжау дәлдігі артады.
«Қазақстанда бұрын қолданылмаған инновациялық технологиялар сейсмикалық барлау саласына да белсенді енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, далалық сейсмикалық барлау жұмыстарын 20%-ға дейін жеделдету үшін сымсыз қабылдағыштар, сондай-ақ жұмыстарды қатынауға қиын аймақтар мен аз зерттелген учаскелерде жүргізу үшін электр-магниттік импульстік көздер пайдаланылады. Бұрғылау саласындағы жаңа технологиялар алғаш рет 5 500 метрден астам тереңдікте ұңғымалар бұрғылауға мүмкіндік берді», деп атап өтті Асхат Хасенов.Сонымен қатар зерттеулерді жеделдету үшін цифрлық керн технологияларын, деректерді өңдеу мен интерпретациялау мерзімін қысқарту үшін жасанды интеллектіні, сондай-ақ LLM үлгілерін әзірлеуді қамтитын жасанды интеллект элементтерін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазақстан мұнай өңдеу қуатын 2 есеге арттыруды көздеп отыр