• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 12:47

Тозған жайылым, торыққан шаруа: Түйін қашан тарқатылады?

130 рет
көрсетілді

Үкімет Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындаған «Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын» бекітті. Аталған құжат саланы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты шараларды қамтиды. Оның ішінде жеңілдетілген несиелер беру, жайылым инфрақұрылымын дамыту, кадрлық әлеуетті нығайту және ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту мәселелері қарастырылған. Кешенді жоспардың ел экономикасын көтеруге және мал шаруашылығын алға жылжытуға қаншалықты үлес қосатыны жөнінде Egemen.kz тілшісі Парламент Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаевпен әңгімелесті.

– Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының басты басымдықтары қандай? Аталған құжат аясында салада қандай түбегейлі өзгерістер мен жаңашылдықтар күтіледі?

– Жоспардың басты мақсаты – мал басын көбейту, ішкі нарықты отандық өнімдермен тұрақты қамтамасыз ету, өндірістің тиімділігі мен өнім сапасын арттыру, сондай-ақ саланың экспорттық әлеуетін күшейту. Сонымен қатар асыл тұқымды мал санын арттыру, жануарлардың генетикалық әлеуетін жақсарту және заманауи технологияларды енгізу арқылы мал шаруашылығының өнімділігін көтеру көзделіп отыр.

Алдағы бес жылда нақты нәтижелерге қол жеткізу жоспарланған. Атап айтқанда, ірі қара мал басын 7,9 миллионнан 12 миллион басқа дейін, ұсақ малды 20,2 миллионнан 28 миллион басқа дейін, ал жылқы санын 4,8 миллионнан 7 миллион басқа дейін арттыру көзделіп отыр. Сонымен бірге барлық санаттағы шаруашылықтарда ет өндірісін 1,2 миллион тоннадан 1,8 миллион тоннаға дейін көбейту жоспарланған. Сүт өндірісін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 1,4 миллион тоннадан 2,1 миллион тоннаға дейін жеткізу міндеті қойылып отыр. Ал ет экспортының көлемін 82 мың тоннадан 165 мың тоннаға дейін, яғни екі есеге арттыру жоспарланған.

Жалпы, бұл кешенді жоспар мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, ауылдағы еңбек адамдарын қолдауға және еліміздің аграрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Мал шаруашылығы: Жеңілдетілген несие неше пайызбен беріледі?

– Бүгінгі таңда отандық мал шаруашылығының дамуына тежеу болып отырған негізгі түйткілдер қандай? Аграрлық сектор өкілдері, атап айтқанда, фермерлер қазіргі уақытта қандай жүйелі тәуекелдермен бетпе-бет келіп отыр? Жаңадан қабылданған Кешенді жоспар осы қордаланған мәселелердің түйінін тарқатуға қаншалықты қауқарлы?

– Бүгінде мал шаруашылығы саласында бірқатар жүйелі мәселелер сақталып отыр. Талдаулар бұл сектордың әлсіз тұстары әлі де бар екенін көрсетеді.

Ең өзекті мәселенің бірі – шағын және орта фермерлер үшін қолжетімді қаржыландырудың шектеулі болуы. Көптеген шаруалар өндірісті кеңейтуге немесе жаңа технология енгізуге қажетті қаражатқа қол жеткізе алмай отыр. Екінші мәселе – азық базасының әлсіздігі. Ғалымдардың дерегінше, сапалы азықтандыруды жолға қою арқылы мал өнімділігін екі есеге дейін арттыруға болады. Сонымен қатар малдың генетикалық әлеуеті төмен деңгейде. Еліміздегі асыл тұқымды ірі қараның үлесі шамамен 12 пайыз ғана, бұл дамыған елдермен салыстырғанда айтарлықтай аз.

Тағы бір түйткіл – өндірістің ұсақ тауарлылығы. Малдың 40-45 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған, мұнда технологиялық талаптар толық сақтала бермейді, өнім сапасы да тұрақсыз. Одан бөлек, тері мен жүнді терең өңдеу деңгейі төмен, ветеринариялық қауіпсіздік пен малды бірдейлендіру жұмыстары да кей өңірлерде жеткілікті деңгейде жүргізілмейді. Бұл өз кезегінде аурулардың таралу қаупін арттырады. Сондай-ақ кейбір өнім түрлері бойынша импортқа тәуелділік сақталып, жалпы өнімділік деңгейі әлемдік стандарттардан төмен қалып отыр.

Дегенмен, саланың әлеуеті жоғары. Мал басын көбейтуге және экспортты арттыруға мүмкіндік жеткілікті. 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспар аясындағы шаралар бұл түйткілдерді шешіп, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға және экспорттық әлеуетті күшейтуге жол ашады.

– Жайылым жерлерінің жетіспеушілігі қаншалықты өзекті мәселе және оны шешудің жолдары қандай?

– Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретін 183,2 млн гектар жайылым жер бар. Алайда оның шамамен 27,1 млн гектары (15%-ға жуығы) тозған. Жалпы ауыл шаруашылығы жерлерінің тозу деңгейі кей бағалаулар бойынша 60%-ға дейін жетеді. Сонымен қатар жайылымдардың 48%-ы су көздерінің тапшылығы мен суландыру инфрақұрылымының жеткіліксіздігіне байланысты толық пайдаланылмай отыр. Соның салдарынан көптеген шаруашылықтар малды ауыл маңында тұрақты бағуға мәжбүр. Мәселені шешу үшін бұған дейін де бағдарламалар қабылданған. Мысалы, 2014 жылдан бастап шалғай жайылымдарды игеру мақсатында құдықтар мен ұңғымалар қазуға жұмсалатын шығындардың 80%-ына дейін субсидиялау қарастырылған. Дегенмен бұл шаралар толық нәтиже бермеді.

Қазіргі таңда бұл бағытта жаңа бастамалар қолға алынуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024-2030 жылдарға арналған жер құнарлылығын қалпына келтіру жол картасын әзірлеп, 2 млн гектардан астам тозған жерді қалпына келтіруді жоспарлап отыр.

Сонымен бірге 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жоспары аясында жайылымдық шаруашылықты қолдайтын жаңа тетіктер енгізілмек. Соның бірі – «Жайлау» атты бірыңғай кредиттік өнім. Ол арқылы жайылымдарды суландыру, мобильді инфрақұрылым сатып алу, сондай-ақ жемшөп, ветеринариялық препараттар мен техникаға жеңілдетілген (5%) несие беру көзделген. Сондай-ақ жемшөп өндірісін дамыту, жайылымдарды тиімді пайдалану және жер ресурстарын ұтымды басқару мәселелеріне басымдық берілуде. Бұл шаралар жүйелі түрде жүзеге асса, жайылым тапшылығы мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік бар.

– Мал азығының қымбаттауы мен жем-шөп тапшылығы бүгінде шаруашылықтардың еңсесін қаншалықты басып отыр? Жалпы, саланың тұрақтылығына тікелей әсер ететін бұл өзекті мәселенің оңтайлы шешілу тетіктері қандай?

– Мал азығы – шаруашылық өндірісіндегі ең негізгі шығындардың бірі. Жалпы алғанда, мал өнімінің өзіндік құнында азықтың үлесі мал түріне қарай шамамен 45-70 пайызды құрайды. Сондықтан жем-шөп бағасының өсуі фермерлердің шығынын тікелей арттырып, өнімнің өзіндік құнына әсер етеді.Бүгінде мал азығын өндіру саласында бірқатар мәселелер бар. Негізінен өнімділігі төмен табиғи шабындықтарға сүйену басым, ал ақуызға бай, шырынды және құрама азықтар жеткілікті көлемде өндірілмейді. Бұл өз кезегінде малдың өнімділігіне де әсер етеді. Мал азығының қымбаттауының негізгі себептері де түсінікті. Соңғы жылдары жанар-жағармай, тыңайтқыш, тұқым және ауыл шаруашылығы техникасының бағасы айтарлықтай өсті. Сонымен бірге ауа райының қолайсыздығы мен тасымалдау шығындарының артуы да жем-шөп бағасына ықпал етіп отыр.

Осы мәселелерді шешу үшін 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында бірқатар шаралар қарастырылған.

Атап айтқанда, егіс алқаптарын әртараптандыру арқылы азықтық дақылдардың үлесін арттыру, азықтық дақылдардың тұқымын сатып алуға берілетін субсидия көлемін 20 пайызға ұлғайту көзделіп отыр. Сонымен қатар жем-шөп дайындауға арналған техника мен жабдықтарды, соның ішінде өздігінен жүретін және тіркемелі азық таратқыштарды, мобильді немесе модульдік жемшөп цехтарын сатып алуға жылдық 5 пайызбен лизингтік қаржыландыру енгізу жоспарланған. Әрине, жоспарланған көрсеткіштерге жету үшін ең алдымен барлық санаттағы шаруашылықтарды, әсіресе шағын және орта фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтарды мал азығымен толық қамтамасыз ету қажет. Бұл үшін өңірлердегі мал басының санына сәйкес жемшөп дақылдарының егіс алқаптарын кеңейту маңызды. Мәселен, мемлекет тарапынан сүрлемдік жүгері, біржылдық және көпжылдық шөптер сияқты мал азықтық дақылдарды өсіруге жұмсалған шығындардың 80 пайызына дейін субсидиялау ұсыныстары да қарастырылуда. Бұл шаралар жемшөп базасын нығайтып қана қоймай, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және малдың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі жоспар бойынша 2031 жылға қарай азықтық дақылдардың егіс алаңын 4 млн гектарға дейін жеткізу көзделген. Алайда бұл көрсеткіш болашақтағы мал басын толық қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Кейбір өңірлерде, атап айтқанда Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында біржылдық шөптердің егісі мүлде жүргізілмеген, ал көпжылдық шөптердің көлемі өте аз. Сондай-ақ бірқатар облыстарда жемшөптік жүгері алқаптары да жеткіліксіз. Сондықтан біздің есептеулер бойынша мал азықтық дақылдардың егіс көлемін кемінде 10 млн гектарға дейін жеткізу қажет. Бұл 1990 жылдардағы деңгейге жуық көрсеткіш. Осындай жүйелі шаралар қабылданғанда ғана жем-шөп мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік болады деп ойлаймын.

–  Шағын және орта шаруашылықтардың әлеуетін толық ашуға тұсау болып отырған басты кедергілер қандай?

– Бүгінде ауыл шаруашылығында шағын және орта шаруашылықтардың үлесі өте жоғары. Алайда олардың толыққанды дамуына бірқатар факторлар кедергі келтіріп отыр. Ең алдымен, қаржыландыру мәселесін айту керек. Көптеген фермерлер үшін қолжетімді несие алу қиын, ал айналым қаражатының жетіспеуі өндірісті кеңейтуге мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар субсидия алу тетіктері де барлық шаруалар үшін бірдей қолжетімді емес. Тағы бір маңызды мәселе – заманауи техника мен технологияның жетіспеуі. Көптеген шағын шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасы әлсіз, бұл еңбек өнімділігінің төмен болуына әсер етеді. Сондай-ақ жер мәселесі де өзекті болып отыр. Жайылым мен егістік жерлердің жеткіліксіздігі немесе оларды тиімді пайдалану мәселелері шағын және орта шаруашылықтардың тұрақты дамуына кедергі келтіруде. Сондықтан алдағы кезеңде шағын және орта фермерлік шаруашылықтарды қаржыландыруды жеңілдету, субсидиялау тетіктерін жетілдіру, техника мен технологияға қолжетімділікті арттыру және жер ресурстарын тиімді басқару мәселелеріне ерекше назар аудару қажет деп есептеймін.

– Мемлекеттік субсидиялау тетігі бүгінде шаруашылықтардың өрісін кеңейтуге қаншалықты ықпал етіп отыр?

– Мемлекеттік субсидиялау – ауыл шаруашылығы саласын қолдаудың маңызды құралдарының бірі. Ол фермерлердің өндірістік шығындарының бір бөлігін өтеуге және шаруашылықтардың дамуына белгілі бір деңгейде серпін беруге мүмкіндік береді. Алайда бүгінгі таңда субсидиялау жүйесіне қатысты бірқатар мәселелер бар. Іс жүзінде субсидиялар көбіне ірі шаруашылықтарға қолжетімді болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл сайын шамамен 12 мыңға жуық тауар өндіруші ғана субсидия алады. Бұл жалпы фермерлердің шамамен 5 пайызы ғана, яғни шаруалардың басым бөлігі – 95 пайызы бұл қолдаудан тыс қалып отыр. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарастырып, басымдықты ең алдымен шағын және орта фермерлік шаруашылықтарға беру қажет деп есептеймін. Өйткені ауылдағы нақты өндірістің негізгі бөлігін дәл осы шаруашылықтар қамтамасыз етеді.

Кешенді жоспар аясында биылғы жылдың наурыз айының басынан бастап жылдық мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несиелер – «Игілік» және «Береке» бағдарламалары іске қосылды. Бұл бағдарламалар асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған. Дегенмен, олардың да белгілі бір кемшіліктері бар. Менің ойымша, «Игілік» және «Береке» бағдарламалары ең алдымен жаңа бастаған кәсіпкерлерге бағытталуы тиіс. Қазіргі таңда «Қаладан ауылға» жобасы аясында ауылға көшіп, мал шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтар көп. Олар осы бағдарламалардың тиімді іске қосылуын күтіп отыр. Сондықтан талаптарды белгілі бір деңгейде жеңілдетіп, сонымен бірге әкімдіктер мен бақылаушы органдар тарапынан жүзеге асырылатын мониторингті күшейту қажет. Жалпы алғанда, мемлекеттік қолдау тетіктері бар, бірақ оларды ауылдағы шағын және орта шаруашылықтарға нақты қолжетімді ету – алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі деп санаймын.

– Мал өнімдерін қайта өңдеу ісінің бүгінгі ахуалы қандай? Саланың дамуын тежеп отырған негізгі мәселелер бар ма?

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнімнің үлесін үш жыл ішінде 70 пайызға жеткізу міндетін қойған болатын. Бұл – өте маңызды стратегиялық мақсат. Өкінішке қарай, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды әлі де жеткілікті деңгейде деп айту қиын. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе ет пен сүтті терең өңдеу деңгейі әлі де төмен. Сондықтан аграрлық салада тек шикізат өндірумен шектелмей, өнімді қайта өңдеу бағытын белсенді түрде дамыту қажет. Бұл – қосымша құн қалыптастырып, ауыл экономикасының тиімділігін арттыратын негізгі факторлардың бірі.

Тағы бір маңызды мәселе – шалғай ауылдардағы шаруалардың өнімін өткізу мәселесі. Көптеген алыс ауданда фермерлер өндірген ет пен сүтті тұрақты түрде сатып алатын кәсіпорындар жоқ. Осындай жағдайда делдалдар мен кейбір өңдеу кәсіпорындары бағаны төмендетіп, өнімді арзан бағамен сатып алуға тырысады. Амалы таусылған фермерлер көбіне сол шарттарға келісуге мәжбүр. Сондықтан бұл бағытта нақты шаралар қажет. Ең алдымен, шалғай өңірлерде ет пен сүтті қайта өңдеуге арналған шағын және орта өндіріс орындарын ашуға бағытталған инвестициялық жобаларды қолға алу керек. Мұндай жобалар ауылдағы шаруалардың өнімін тиімді өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да ықпал етеді. Сонымен қатар мал өнімдерінің сапасын арттыру үшін асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, жемшөп базасын нығайту, ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту және өндірісте заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажет. Егер осы мәселелер кешенді түрде шешілсе, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу деңгейі артып, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті күшейтуге толық мүмкіндік болады.

– Отандық өнімнің экспорттық көкжиегін кеңейту үшін қандай жүйелі қадамдар қажет?

– Экспорт – мал шаруашылығының дамуы мен ел экономикасына қосымша табыс әкелетін маңызды бағыт. Алайда 2025 жылдың қорытындысы көрсеткендей, кейбір бағыттарда, мысалы, құс етінің экспорты 2024 жылмен салыстырғанда 10 410 тоннаға азайған. Бұл – саланың экспорттық әлеуетін толық пайдалана алмай отырғанымыздың көрінісі. Менің ойымша, ет экспортына қойылған шектеулерді алып тастау қажет. Сонымен қатар тауар өндірушілердің бағасын бақылау немесе экспортқа шектеу қою сияқты шаралар саланың дамуына кері әсер етеді. Бұл – қауіпті тенденция. Одан бөлек, 2025 жылы бірқатар маңызды жетістікке қол жеткізілді. Мысалы, ЕО, Ұлыбритания, Ирак, Иран, АҚШ, Канада, Вьетнам, Парсы шығанағы елдеріне және басқа бағыттарға өнімдерді экспорттауға мүмкіндік беретін 16 ветеринариялық сертификат келісіліп, қол қойылды. Бұл – экспорттық әлеуетті арттырудағы маңызды қадам. Келесі кезеңде бізге экспортты барынша либералдандыру, сертификаттау жүйесін жетілдіру, өнім сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және фермерлерді, өңдеу кәсіпорындарын тікелей қолдау арқылы экспорттық ағындарды тұрақтандыру қажет. Осындай кешенді шаралар арқылы ғана еліміздің мал шаруашылығы өнімдері халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болады деп сенемін.

Ет экспорты екі есе өседі: Үкімет мал шаруашылығына арналған ірі жоспарды бекітті

– Мал шаруашылығын дамытуда кадр мәселесі қаншалықты өзекті? Өскелең ұрпақты мал шаруашылығына баулып, ауылға тұрақтандыру үшін қандай шаралар қажет?

– Кадр мәселесі мал шаруашылығын дамытуда өте өзекті болып отыр. Бүгінде ауылдық жерлерде кәсіби мамандардың тапшылығы айқын байқалады. Ауылға барып жұмыс істейтін жастар аз, ал салалық департаменттер мен кәсіпорындарда тәжірибелі мамандар жеткіліксіз. Берік кадрлық база қалыптаспайынша, мал шаруашылығын жүйелі дамыту мүмкін емес.

Мал шаруашылығы – генетика, ветеринария, азық өндірісі, табынды басқару сияқты бірнеше күрделі бағытты қамтитын сала. Сондықтан бұл саланы дамыту үшін заманауи білім мен дағдыға ие, озық технологияларды енгізуге қабілетті, өнімділіктің орнықты өсуін қамтамасыз ете алатын мамандар қажет. Жастарды салалық мамандықтарға тарту мәселесі де өзекті. Қазіргі кәсіптік бағдарлау жүйесі жеткілікті деңгейде дамымағандықтан, көптеген жас адамдар ауыл шаруашылығы саласына қызығушылық танытпайды.

Осыған байланысты ауыл шаруашылығы министрлігі «Мал шаруашылығы» бағыты бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысына квоталар енгізу мәселесін пысықтап жатыр. Бұл білім алған жастардың үш жыл бойы ауылдық кәсіпорындарда міндетті еңбек етуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында материалдық-техникалық базаны ескере отырып, білім беру талаптары күшейтіледі. Бұл тек теориялық білім берумен шектелмей, практикалық дағдыларды да дамытуға бағытталған. Оқу-өндірістік объектілерде, зертханаларда, клиникаларда студенттер базалық дағдыларды меңгеріп, болашақ маман ретінде толық даяр болады.

Кадр мәселесін шешу – мал шаруашылығын тұрақты дамыту мен саланы заман талабына сай жетілдірудің басты шарты. Жастарды тарту және кәсіби дайындықты нығайту арқылы ғана саланың өсуін қамтамасыз етуге болады.

– Жоспардың Қазақстан экономикасына әсері қандай болады?

– Бұл жоспар, ең алдымен, агроөнеркәсіп кешенінің үлесін арттыруға бағытталған. Ол ауылдық аймақтардың дамуына нақты серпін береді және ауылдағы жұмыс орындарын көбейтеді. Бұл – әлеуметтік маңызды қадам, өйткені ауыл халқының тұрақты жұмыспен қамтылуы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жоспар ішкі нарықтың азық-түлік қауіпсіздігін күшейтеді. Көбірек өнім өндіріліп, ішкі нарық отандық мал шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз етілген кезде, импортқа тәуелділік азаяды. Тағы бір маңызды әсері – инвестициялық тартымдылықтың артуы. Шағын және орта фермерлік шаруашылықтар, өңдеу кәсіпорындары мен инфрақұрылымдық жобаларға инвесторлардың қызығушылығы өседі. Бұл өз кезегінде экономикадағы жалпы қосымша құн мен өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Яғни, кешенді жоспар тек ауыл шаруашылығын дамыту ғана емес, экономиканың тұрақты өсуіне, әлеуметтік тұрақтылыққа және экспорттық әлеуетті арттыруға тікелей ықпал ететін стратегиялық құжат болып отыр.

– Мал шаруашылығын жаңғыртудың жаңа кезеңінде қандай технологиялық жаңашылдықтарға басымдық беріледі? Саланың тынысын ашатын цифрлық шешімдер іс жүзінде қалай қолданыс таппақ?

– Бүгінде мал шаруашылығын цифрландыру – саланы тиімді әрі бәсекеге қабілетті ету үшін маңызды бағыттардың бірі. Ең алдымен, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу және қадағалау үшін RFID-биркалар (чиптер мен алқалар) кеңінен қолданылады. Бұл технология мал басын нақты есепке алуға, аурулардың алдын алуға және малдың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жайылымдарды тиімді пайдалану үшін электрлі қоршаулар енгізілуде, ал малдың жайылымдағы қозғалысын және денсаулығын қадағалау үшін ПҰА (дрондар) пайдаланылады. Бұл әдістер фермерлерге малды басқаруды жеңілдетіп, шығындарды азайтуға көмектеседі. Өнімділікті болжау және табынды басқару саласында жасанды интеллектіні қолдану енгізілуде. Бұл малдың өнімділігін, азық қажеттілігін, өсімін және жалпы шаруашылық тиімділігін нақты талдауға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, осы технологияларды енгізу мал шаруашылығын заманауи, бәсекеге қабілетті салаға айналдыруға және өнім сапасы мен тиімділікті айтарлықтай арттыруға негіз болады деп есептеймін.

– Ветеринария саласын жетілдіру бағытында қандай жүйелі жұмыстар қолға алынған?

– Ветеринариялық қауіпсіздік – мал шаруашылығының тұрақты дамуының негізгі шарттарының бірі. Осыған байланысты ветеринария қызметінің тиімділігін арттыру және саланың заңнамалық базасын жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің бірқатар депутаттары болып әзірледік. Аталған заң жобасында ветеринария саласындағы өкілеттіктерді мемлекеттік басқару деңгейлері арасында нақты ажырату, жергілікті атқарушы органдар құрған ветеринариялық ұйымдарға тән емес функцияларды алып тастау мәселелері қарастырылған. Сонымен қатар ветеринария мамандарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, оларды есепке алу және біліктілігін арттыру мақсатында ветеринариялық палата нысанындағы кәсіби қоғамдық ұйым құру ұсынылады.

Бұдан бөлек, ветеринариялық препараттардың айналымын Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сәйкестендіру, сондай-ақ ветеринария саласының мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын көрсету мәселелері де қамтылған.

Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың қызметкерлерін арнайы киіммен қамтамасыз ету қарастырылады. Жалпы заң жобасының нормаларын іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен жыл сайын шамамен 27 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу көзделіп отыр.

Бұл шаралар ветеринариялық қауіпсіздікті күшейтуге, мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға және саланың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Мал шаруашылығын жүйелі түрде дамыту – мемлекеттің де, қоғамның да басты міндеттерінің бірі. Бүгінде саланың әлеуеті өте жоғары. Жеріміз кең, жайылымдық алқаптар жеткілікті, мал өсірудің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі бар. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, заманауи технологияларды енгізу, фермерлерді нақты қолдау және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру. Бұл бағытта «Ауыл» партиясы мал шаруашылығын дамыту мәселесіне әрдайым ерекше назар аударып келеді. Партия ауылдың дамуын, фермерлерді қолдауды, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өзінің басты басымдықтарының бірі ретінде қарастырады. Сондықтан алдағы уақытта да ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға бағытталған бастамаларды қолдау, фермерлердің мүддесін қорғау және ауылдың әлеуетін арттыру – біздің ортақ міндетіміз болып қала береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар