Қазақстанда тұрақты тұруға және жұмыс істеуге ниетті шетелдік азаматтар үшін қарастырылған сұранысқа ие мамандықтар тізімі осы жылдың соңына дейін қайта қаралады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді. Бұл қадам еліміздің экономикалық қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары білікті кадрларды тартуға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министр өз сөзінде 2026 жылғы 10 сәуірден бастап шетел азаматтарын тұрақты тұруға қабылдауды реттейтін қосымша шаралар енгізілгенін атап өтті. Қазақстан инвесторлар мен сұранысқа ие мамандық иелері үшін жеңілдетілген тәртіпті сақтап отыр.
Инвестициялық жобалардың басшылары мен қатысушыларына, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне «А-5» және «А-6» санатындағы визалар беріледі. Бұл инвесторлардың Қазақстан экономикасына еркін келіп, бизнесті дамытуына және жаңа жұмыс орындарын ашуына жол ашады.
Smart Grid мен ЖИ-инженерлері: Елімізде жаңа мамандықтар пайда болады
Қазіргі таңда тізімге 51 мамандық енген. Олардың қатарында нейрохирургтер, гематологтер, фармацевтика өнеркәсібінің инженер-технологтері, бактериологтар мен графикалық анимация техниктері бар.
Көші-қон саясаты тұжырымдамасын 2030 жылға дейін іске асыру аясында мамандар тізімін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Бұл тізім экономиканың сұранысына қарай тұрақты түрде жаңартылып отырады. Жаңарту жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл тәсіл еліміздің экономикасындағы өзгерістерге дер кезінде жауап беруге және нақты қажетті мамандарды тартуға мүмкіндік береді», деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, Қазақстан жоғары білікті мамандар үшін жаңа виза форматтарын енгізіп жатыр. Бұл қадам елімізге әлемге танымал таланттарды, озық білім мен заманауи технологияларды әкелуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде инвестиция көлемі артып, кадр тапшылығы азаяды деп күтіледі.
2035 жылға қарай қандай мамандықтар сұранысқа ие болады?
Сонымен қатар шетелдік азаматтар салалық мемлекеттік органдардың өтініш хаты арқылы да Қазақстанға жеңілдетілген тәртіппен келе алады.