Түркістан қаласында Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының жаңа заманауи ғимараты пайдалануға берілді.
Биыл кітапхананың құрылғанына 65 жыл толып отыр. Мерейтой қарсаңында жаңа ғимараттың ашылуын жергілікті жұрт облыс руханияты үшін маңызды оқиға ретінде бағалады. Ашылу салтанатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров кітапхананың қоғам үшін маңызына тоқталды. «Кітапхана – тек кітап сақталатын орын емес. Бұл – ұлттың рухани қазынасы әрі тәрбиенің алтын бесігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында: «Тек кітап оқитын ұлт қана шын мәнінде интелектуалды қоғам құра алады. Бұл – елдің рухани дамуының негізі» деп, кітапхана саласының қоғам өміріндегі маңызын айшықтап берген болатын. Әсіресе жастардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, дұрыс бағытта тәрбиелеу – болашаққа жасалған маңызды инвестиция болып саналады. Бүгінгі іс-шара – осы бағыттағы жұмыстардың алғышарты ретінде жүзеге асуда. Осыдан біраз уақыт бұрын кітапхананың ескі ғимаратының жай-күйін көріп, оны заман талабына сай жаңартып, балалар үшін заманауи интеллектуалды орталыққа айналдыру туралы арнайы бастама көтерген едім. Осы идеяны бірауыздан қолдап, балаларымызға ғажайып білім ордасын сыйлауға мүмкіндік туғызған облыстық мәслихат депутаттары мен басқа да азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін», деді Нұралхан Көшеров.
Жаңа ғимаратта балалардың білімін шыңдап, бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Кітапхана қорында 226 403 кітап сақталған, әлемдік классика, заманауи балалар әдебиеті және электронды ресурстардың барлық мүмкіндіктері қамтылған. Жобаның жалпы құны – 481,336 млн теңге. Ғимараттың жалпы аумағы – 1065,3 шаршы метр. Кітапхана бір мезетте 100 оқырманға қызмет көрсетуге қауқарлы. Мұнда 50-ден астам маман еңбек етеді.
Айта кетелік, бүгінде Түркістан облысында жалпы кітап қоры 6 миллионнан асатын 390 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Өткен жылы облыста кітапханалармен қатар 6 мәдениет үйі пайдалануға берілсе, биыл тағы 10 мәдени нысанның құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аталған нысандар жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі.
ТҮРКІСТАН