Мәжілістің өткен аптадағы жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екінші оқылымда қабылданды. Мұндағы мақсат – еліміздегі байланыс инфрақұрылымын дамыту, перспективалы телекоммуникациялық технологияларды енгізу, халықты жылдамдығы жоғары интернетпен, сапалы әрі қолжетімді байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету. Осы ретте Мәжіліс депутаты, ІТ-технология саласындағы білікті мамандардың бірі Әбутәліп МУТӘЛІМЕН сұхбат құрып, саладағы соңғы өзгерістерді жан-жақты талқылап көрдік.
– Әбутәліп мырза, еліміз кейінгі жылдары озық ақпараттық технологияларды, әсіресе ЖИ-дің артықшылықтарын түрлі салаға енгізіп, цифрлық дамуды жетілдіруге шындап кірісті. Бұл бір жағынан жақсы үдеріс, екінші жағынан қауіпсіздік мәселесі тағы бар. Жалпы, еліміздің киберқалқаны цифрлық қауіп-қатерлерге қаншалықты қауқарлы?
– Мемлекетіміз қазір цифрландыру мәселесіне ерекше басымдық беріп отыр. Яғни Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда толық цифрлық мемлекет құру міндетін қойды. Осыған байланысты киберқауіпсіздік те алаңдататын негізгі мәселенің бірі болып отыр. Цифрлық технологиялар дамыған сайын оларды бұзуға бағытталған тәсілдер де жетіле түседі.
Жалпы, еліміз кейінгі жылдары цифрлық трансформация бағытында айтарлықтай ілгеріледі. Электрондық үкімет, қаржылық технологиялар, мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы және жасанды интеллектіні енгізу бойынша өңірдегі көшбасшы елдердің бірі саналады. Алайда цифрландыру деңгейі артқан сайын киберқауіптер де күрделеніп келеді. Еліміздің киберқауіпсіздік жүйесі бүгінде бірнеше негізгі тірекке сүйенеді. Біріншіден, мемлекеттік деңгейде киберқауіпсіздік саласындағы заңнамалық база қалыптастырылды. Екіншіден, ұлттық деңгейдегі мониторинг пен инциденттерге әрекет ету тетіктері жұмыс істейді. Үшіншіден, мемлекеттік органдар мен аса маңызды цифрлық объектілерге қойылатын қауіпсіздік талаптары кезең-кезеңімен күшейтіліп жатыр. Кейінгі жылдары мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне тұрақты түрде қауіпсіздік аудиттері жүргізіліп, кибершабуылдарды анықтау және алдын алу құралдары енгізілді. Сондай-ақ киберқауіптер туралы ақпарат алмасу жүйелері мен салалық жедел әрекет ету орталықтары дамып келеді.
Жасанды интеллектінің кең таралуы жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа тәуекелдерді де көбейтті. Бүгінде алаяқтар ЖИ көмегімен жалған дауыс, бейне және мәтіндер жасап, азаматтарды алдау әрекеттерін жиілетіп отыр. Сондықтан киберқауіпсіздік енді тек техникалық мәселе емес, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды элементіне айналып отыр. Жалпы алғанда, мемлекетіміздің киберқауіпсіздік қалқаны жыл сайын күшейіп келеді және өңірдегі ең дамыған жүйелердің бірі болып саналады.
– Кейінгі кездері АҚШ, Ұлыбритания, Италия сынды дамыған елдердің өзінде азаматтарға тиесілі жеке деректер қолды болып жатыр. Осы қауіптің алдын алу үшін еліміз қаншалықты қамданып жатыр? Мәселен, IMEI-кодтарды бақылауды мемлекетке беру бастамасы қаншалықты тиімді тетік саналады? Жеке деректерді осы қадам арқылы қорғай аламыз ба?
– Расында, жеке деректердің таралуы мен кибершабуылдар бүгінде бүкіл әлемді әурелеген өзекті мәселеге айналды. Біздің ел де бұл қатердің алдын алу бағытында ақпараттық қауіпсіздік жүйесін дамытып келеді. Мәселен, бұған дейін жеке компанияның қолында болып келген IMEI-кодтарды басқару тетігін мемлекетке беру арқылы маңызды өзгеріс енгізіліп отыр. Абоненттік құрылғыларды верификациялау жүйесі былтырғы 25 маусымнан бастап жұмыс істейді. Пайдалану кезеңінде ақпараттық жүйеде 9 млн-нан аса IMEI-код тіркелді. Нарық қатысушыларының мәліметінше, ресми импорт көлемі 30–50 пайызға артқан, ал жекелеген брендтерде өсім бұдан да жоғары деңгейде байқалады. Жобаны іске қосу кезеңінде заңды нарықтың үлесі 36 пайызды құраса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 60–70 пайызға дейін өсті.
Дегенмен IMEI-вeрификацияны дербес деректерді қорғаудың құралы ретінде қарастыруға болмайды. Біріншіден, бұл бюджетке қосымша түсім әкеледі. Елімізге жыл сайын шамамен 5 млн телефон келеді екен. Олардың әрқайсысы верификациядан өтеді. Нәтижесінде, бюджетке қомақты қаражат түседі. Екіншіден, IMEI верификациясының басты мақсаты – ұрланған, заңсыз әкелінетін телефондардың айналымын азайтып, жалған сәйкестендіру кодтары бар құрылғыларды анықтау. Бұл алаяқтықпен күресуге де көмектеседі. Мысалы, кейбір алаяқтар заңсыз әкелінген телефондарды пайдаланып, түрлі SIM-карталарды тіркейді де, жаппай қоңырау шалумен айналысады. Осындай схемалардың салдарынан мыңдаған адам зардап шегіп жатыр. Қазір интернет-алаяқтықтан азаматтардың жыл сайынғы шығыны шамамен 6 млрд теңгеге жетіп отыр.
Осыған байланысты заң аясында бірнеше маңызды норма енгізіліп отыр. Біріншісі – верификация жүйесін күшейту. Екіншісі – жаппай қоңырау шалуды бақылау. Егер бір нөмірден күмәнді көлемде қоңырау шалынса, байланыс операторлары оны бақылап, қажетті шара қабылдауға міндетті болады. Үшіншісі – нөмірлерді таңбалау жүйесі. Мысалы, сізге банктен немесе мемлекеттік ұйымнан хабарласса, телефоныңыздың экранында қай ұйымнан қоңырау келіп тұрғаны бірден көрінеді. Бұл алаяқтардың өзін банк қызметкері ретінде таныстыруын қиындатады.
– «Сұр импортпен» күресу мақсатында жылына сатып алатын телефон санын шектеу туралы норма азаматтардың құқығын шектеу емес пе? Бұған дейінгі сұхбаттарыңыздың бірінде мұндай шешім шығару біз ойлағаннан да күрделірек екенін айтыпсыз. Жуырда ғана Астанада өткен Еуразиялық экономикалық форум аясында осы мәселе талқыланып, тиісті шешімін тапты ма?
– Бұл жерде азаматтардың құқықтарын шектеу емес, заңсыз кәсіпкерлік қызмет пен «сұр импорттың» жолын кесу мәселесі қарастырылып отыр. Қазір бір адамға айына он ұялы телефон әкелуге мүмкіндік берілген. Бірақ мұнда «сұр импорт» мәселесі бар. Мұндай телефондар көбіне салық төленбей кіреді және тиісті бақылаудан өтпейді. Кейбір сатушылар осындай жолмен әкелінген телефондарды азаматтарға сатып жібереді. Кейін сатып алушы құрылғыны пайдаланғанда оның верификациядан өтпегенін немесе заңды рәсімделмегенін біледі. Салдарынан барлық мәселе тұтынушының мойнына жүктеледі, ал сатушылар жауапкершіліктен шет қалып қояды. Сондықтан сұр нарықты азайту үшін белгілі бір шектеулер енгізу ұсынылып отыр. Яғни бір адамға жылына екі телефон әкелуге рұқсат берілмек. Дегенмен еліміз бұл шешімді өз бетінше қабылдай алмайды. Өйткені Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болғандықтан, мұндай ұсыныстар одақ деңгейінде қаралады. Ал жуырдағы форум аясында бұл мәселе арнайы талқыланған жоқ. Себебі оның күн тәртібінде негізінен былтырғы жиналған мәселелер қаралды. Ал жаңа ұсыныстар биыл 1 маусымға дейін қабылданды. Сол ұсыныстардың ішінде осы верификация мәселесі де бар. Қазір бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр, жақын уақытта реттеледі деп үміттенеміз.
– Қазір азаматтардың бір бөлігі Қытайдан сапасы жақсы әрі бағасы нағыз iPhone смартфонынан екі есе арзан дәл сондай құрылғыны онлайн тапсырыспен-ақ алдыртып отыр. Сыртына қарасаңыз, соңғы үлгідегі смартфон сияқты, бірақ ішкі жүйесіне кірсеңіз, басқа модель болып шығады. Телефондар елімізге еш қиындықсыз жеткізіліп жатыр. Кейін оны 60–70 мың теңгеге верификация жасатып алады. Верификация рәсімінен алынатын төлемдердің ашықтығы қалай қамтамасыз етіледі?
– Иә, ондай жағдайлар кездеседі. Бұл – «сұр импорттың» нақты көрінісі. Сіздің айтып отырған телефоныңыздың өзі күмән тудыратын құрылғы болуы мүмкін. Мысалы, сыртқы корпусы бір модельге ұқсайды, ал ішіндегі бағдарламалық бөлігі басқа болуы мүмкін. Мұндай құрылғылардың IMEI-кодтарына қатысты да мәселе туындайды. Алаяқтар қандай тәсіл қолданатынын нақты айту қиын. Бірақ тіркелмеген немесе заңсыз әкелінген телефондар алаяқтардың қолына түссе, оларды заңсыз әрекеттерге пайдалану қаупі жоғары.
– Сонда еліміздегі интернет-алаяқтықтың қаупі әлі де сейілмей тұр ғой?
– Интернет-алаяқтық бұған дейін де болған, әлі де бола бермек. Бірақ оның жолын кесу үшін бірінші кезекте заңнамалық тосқауылдарды қою керек. Түсіндіру жұмыстарымен немесе идеологиялық шаралармен ғана мәселені толық шешу мүмкін емес. Сондықтан верификация жүйесі қажет. Оның көмегімен құрылғының кімнің атына тіркелгенін, қайдан келгенін тексеруге мүмкіндік туады.
– Жалпы, мемлекет телефонды IMEI верификациясынан өткізуге қатысты тағы қандай талап қойғалы отыр? Яғни қолдан-қолға өтіп жүрген смартфондарды 100 пайыздық бақылауға алу мүмкін бе?
– Қолдан-қолға өтіп жүрген смартфондарды жүз пайыз бақылауға алу өте қиын. Бірақ қазір осы бағытта бір маңызды норма енгізіліп жатыр. Егер телефоныңызды басқа адамға ұзақ мерзімге берсеңіз немесе сатсаңыз, оны міндетті түрде қайта тіркеу қажет. Яғни құрылғының жаңа иесі ресми түрде көрсетілуге тиіс. Бұрын адамдар ескі телефонын туысына немесе танысына бере салатын. Ол адам сол телефонды бірнеше жыл пайдалана беретін. Мұндай жағдай бәріміздің өмірімізде кездескен шығар. Енді отбасы мүшелерінен бөлек, бір-біріне бейтаныс адамдар арасында телефон берілсе немесе сатылса, қайта тіркеу рәсімін жасау қажет болады. Ал егер телефон қайта тіркелмесе, мәселе туындайды. Айталық, сіз құрылғыңызды сатып жібердіңіз, бірақ өз атыңыздан шығармадыңыз. Кейін сол телефон арқылы алаяқтық жасалса немесе қандай да бір құқық бұзушылық болса, бірінші кезекте жауапкершілік сізге артылуы мүмкін. Сондықтан біз осы норманы енгізіп отырмыз. Азаматтар телефон сатқан кезде оны толықтай жаңа иесінің атына өткізіп беруге дағдылануы керек. Бұл жағынан қарағанда көлік сату тәртібіне ұқсайды. Көлікті басқа адамға өткізген соң жауапкершілік те соған өтеді ғой. Телефондарда да дәл осындай құқықтық мәдениет, жүйе қалыптасуы қажет.
– SIM-карталарды биометрия арқылы тіркеу және телефон иесіне жеке жауапкершілік жүктеу мәселесі қоғамда алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл бастама азаматтардың жеке кеңістігіне кіріп, еркіндігіне қауіп төндірмей ме?
– Біз қазір цифрлық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Мемлекеттік қызметтерді пайдалану үшін бүгінде азаматтар түрлі цифрлық сервистерде тіркеледі. Сол кезде биометриялық сәйкестендіру де қолданылады. Бұдан азаматтардың құқықтарының бұзылуы жөнінде жүйелі мәселелер тіркелген жоқ. Сол сияқты SIM-карталарды тіркеуде де ең қауіпсіз әрі тиімді тәсіл – биометрия. Бұл жерде азаматтардың алаңдауына негіз жоқ деп санаймын. Өйткені жиналатын деректердің қауіпсіздігіне мемлекет жауап береді. Ақпарат шифрландырылуы керек, барлық қорғаныс шаралары сақталады. Сондықтан SIM-карталарды биометрия арқылы тіркеу мәселесінен қауіп көріп тұрған жоқпын. Қайта бұл – қауіпсіздікті күшейтетін қадам.
– Осы салаға қатысты, жалпы осы киберқауіпсіздік мәселесінде алаңдатып отырған өзге де жайттарға тоқталсаңыз.
– Бұл заңнама аясында азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бірнеше маңызды норма бар. Соның бірі – халық үшін аса қажетті мемлекеттік сервистерге қолжетімділікті қамтамасыз ету. Мысалы, eGov, салық сервистері, денсаулық сақтау және білім беру платформалары сияқты негізгі қызметтерге азаматтардың ұялы байланыс балансында қаражат болмаса да кіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мемлекет байланыс операторларына осындай талап қойып отыр. Яғни адамдар интернетсіз қалып, маңызды мемлекеттік қызметтерден ажырамауы керек.
– Оған кететін қосымша қаражатты мемлекет бөле ме?
– Жоқ, мемлекет тарапынан қосымша шығын қарастырылмаған. Бұл – байланыс операторларына қойылатын талап. Олар азаматтарға қажетті мемлекеттік сервистердің тәулік бойы қолжетімді болуын қамтамасыз етуге тиіс. Екінші маңызды мәселе – төтенше жағдай кезінде азаматтардың геолокациясын анықтау. Қазір 112 қызметіне хабарласқан адамның нақты орналасқан жерін анықтау әр кез мүмкін бола бермейді. Бұған дейін телеком операторлары мұндай ақпаратты ақылы сервис ретінде ұсынатын. Енді жаңа заңнама аясында 112 қызметіне қоңырау түскен жағдайда азаматтың геолокациясы туралы ақпарат мемлекетке тегін беріледі. Бұл өте маңызды шешім болды. Себебі төтенше жағдай кезінде адамның нақты орнын анықтап, жедел көмек жіберуге мүмкіндік туады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –Жасұлан СЕЙІЛХАН, «Egemen Qazaqstan»