Ел тәуелсіздігі мен бірлігін айшықтап тұрған көк туымызды әрбір азамат қастерлі әрі басты мемлекеттік рәміздер қатарында екенін жақсы біледі. Бұл алдымен оның тереңде жатқан тарихымен байланысты. Ту – ел мен жер үшін күрескен жаугершілік заманнан бері елдің тәуелсіздігі мен бірлігін білдіретін басты нышан.
Елімізде мемлекеттік рәміздерді қолдануға қатысты ережелер күшейтіліп келеді. Дизайны мен мағынасы әлемдегі көптеген мемлекеттің туынан өзгеше көк байрағымызды орынсыз ілуге, қорлауға қатаң тыйым салынады. Мемлекеттік тудың қашан, қай жерде желбірейтіні арнайы тәртіппен жүргізіліп, заңнамамен бекітілген.
Қазір Астананың басты көшелерінің бірі Мәңгілік ел даңғылы бойында туымызбен қатар өзге мемлекеттердің туы қатар ілініп тұрғанын жиі көреміз. Мәселен, осы күні көк байрағымызбен бірге Кипр елінің туы желбіреп тұр. Бір апта бұрын Ресейдің, оның алдында Түркия, Кенияның мемлекет басшылары келген еді.
«Өзге мемлекет басшылары ресми сапармен келген кезде қаланың басты көшелеріне сол елдердің мемлекеттік туларының ілінуі – халықаралық дипломатиялық хаттаманың маңызды бөлігі. Бұл рәсім қонақ мемлекетке, оның егемендігі мен басшысына құрмет білдіруді, қабылдаушы елдің мәртебелі қонақты тең құқықты серіктес ретінде қабылдайтынын көрсетеді. Сонымен қатар екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты, саяси, экономикалық байланыстарды нығайтуға деген ниетті білдіреді. Тулардың қатар ілінуі мемлекеттердің өзара сыйластығын бейнелейді. Жалпы, көптеген елде ресми сапарлар кезінде қонақ мемлекеттің туын мемлекеттік мекемелерде, әуежайларда, негізгі көшелерде орналастыру – қалыптасқан халықаралық тәжірибе. Кей жағдайда тулардың ілінуі екі ел арасындағы қарым-қатынастың ерекше деңгейін немесе белгілі бір саладағы серіктестікті атап көрсетуі мүмкін. Бұл халықаралық қауымдастыққа да белгілі бір дипломатиялық белгі береді», деді Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының міндетін атқарушы Әділхайыр Мырзаханов.
Халықаралық хаттама тудың жыртылмауын немесе дақ түспеуін талап етеді. Бірнеше шетел мемлекеттерінің тулары бір уақытта желбіреген кезде, тулардың өлшемі бірдей болуы керек. Ешбір ту басқасынан биік тұрмауы қажет. Шетел мемлекеттерінің туларын бір ту сабында немесе бірінің үстінде желбіретуге рұқсат етілмейді. Аза тұту кезінде ту сабының жартысына дейін түсіріледі. Ту жерге тимеуі керек. Әскери қызметкерлер құрмет көрсетуі керек. Ту залға әкелінген немесе шығарылған кезде қатысушылардың барлығы орындарынан тұрып, барлық қозғалыс пен әңгіме тоқтайды. Байраққа Мемлекеттік Әнұранға сәйкес құрмет көрсетіледі.
«Әдетте қабылдаушы мемлекеттің туы құрметті орында тұрады, бірақ қонақ елдің туы да соған сай мәртебемен орналастырылады. Мәселен, тулардың тақ санын бір уақытта көтергенде немесе орналастырғанда еліміздің Мемлекеттік Туы ортасында, ал жұп санды, бірақ екеуден көп туларды көтергенде немесе орналастырғанда ортадан солға қарай орналастырылады. Ал ел аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдік ұйымдар мен өкілдіктер пайдаланатын шет мемлекеттердің тулары орналастырылған жағдайда еліміздің Мемлекеттік Туы міндетті түрде қоса орналастырылуы қажет», деді Ә.Мырзаханов.
Оның айтуынша, мемлекеттік рәміздерге қатысты қолданыстағы заңнамаларда Мемлекеттік Туды нақты сақтау мәселелері көзделмеген. Құқықтық құжаттарға сәйкес мемлекеттік рәміздер ұлттық стандартқа сәйкес болу қажет. Ал олар жыртылып, былғанып, бүлінген жағдайда, яғни көзделген техникалық талаптар бұзылған жағдайда уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жойылады немесе ауыстырылады.
«Мәселен, елордамыздағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде орналасқан еліміздегі ең үлкен Мемлекеттік Туды ауыстыру және оған қатысты өзге де жұмыстар сол алаң орналасқан аудан әкімдігінің құзыретіне жатады. Ауа райының ерекшелігіне, климаттық өзгерістерге, сондай-ақ өзге де әсер етуші сыртқы факторларға байланысты жылына 2-3 рет ауыстырылуы мүмкін. Көк туымыз үнемі таза ұсталады. Айналасындағы 111 метрлік тутұғыр мен оның механикалық көтеру жүйесі толықтай техникалық тексеруден өтіп тұрады», деді спикер.
Мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралармен қатар қазір туды азаматтар тұрғын үйлерде, балкондарында ілуге рұқсат етілген. Жеке үйлерге ілінетін болса, ең төменгі биіктік кемінде үш метр болу қажет, түнгі уақытта жарықтандыру талап етілмейді. Сондай-ақ азаматтарға туды спорттық іс-шараларда пайдалануға рұқсат етіледі, бірақ оны коммерциялық мақсатта пайдалануға болмайды.