Премьер-министр Олжас Бектенов «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Инвестициялық, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қаржы тарту, шикізаттық емес экспортты дамыту, сондай-ақ экономиканың нақты секторын мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысының экономиканы қаржыландыруды көбейту туралы тапсырмаларын орындау аясында Директорлар кеңесі Холдингтің ресурстық базасын кеңейтуге әрі басым салаларды қолдауды арттыруға бағытталған бірқатар шешім қабылдады.
Отандық экспорттаушыларды қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Директорлар кеңесі «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігіне» мемлекет кепілдігімен 250 млрд теңге тартуға рұқсат берді. Кепілдік 10 жыл мерзімге беріледі. Бұл қаражат агенттіктің экспорттаушыларға сақтандыру мен кепілдік беру мүмкіндігін кеңейтіп, шикізаттық емес өнім өндірушілерге қолдау көрсету көлемін кеңейтуге жол ашады.
Нәтижесінде кәсіпкерлердің экспорттық қаржыландыруы жақсарады. Биыл агенттіктің сақтандыру мен кепілдік міндеттемелерінің жалпы көлемі 1,2 трлн теңгеге жетеді деген үміт бар. Сондай-ақ «Бәйтерек» холдингінің 2026–2028 жылдарға арналған орнықты даму жоспары бекітілді. Құжат экологиялық таза жобаларды қаржыландыруды көбейтуге, көміртегі шығарындыларын азайтатын бастамаларды қолдауға, корпоративтік басқарудың ашықтығын арттыруға әрі тәуекелдерді тиімді басқаруға бағытталған. Бұдан бөлек, әлеуметтік жобаларды іске асыру, кадрлық саясатты жетілдіру, халықаралық үздік тәжірибелерді енгізу де негізгі басымдықтардың қатарына енгізілді.
Қазір холдинг Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 17 бағытының 15-ін өз қызметінде ескеріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысында Sustainable Fitch халықаралық рейтинг агенттігі холдингтің ESG-рейтингін «3» деңгейден «2» деңгейге көтерді. Осы көрсеткіш холдингтің тұрақты даму саласындағы халықаралық талаптарға сәйкестігін растайды. Отырыс соңында тәуекелдерге қатысты шоғырландырылған есеп, Ішкі аудит қызметінің есебі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтің 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмысы туралы есеп бекітілді.