Мәжіліс қабылдаған заң жобасына сәйкес, жаңа Конституцияның қабылдануына орай қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтардың жекелеген санаттары бойынша жауаптылық жеңілдетіледі. Алдын ала есепке сүйенсек, рақымшылық шаралары 16,5 мыңға жуық сотталған азаматқа, 1 миллионға жуық әкімшілік айыппұлға қатысты қолданылады. Жалпы сомасы 21,1 миллиард теңге айыппұл есептен шығарылмақ. Дегенмен құжатта қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін ауыр құқықбұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық қылмыстары рақымшылықтан тыс қалатыны нақты белгіленген.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен отырыста «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Бұл жолғы рақымшылық келер айда жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай жасалады. Ерекшелігі сол – алғаш рет қылмыстық амнистиямен қатар әкімшілік рақымшылық та болады. Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес, қылмыстық рақымшылық шаралары шамамен 16,5 мың адамға қатысты қолданылуы мүмкін. Ал әкімшілік рақымшылық Ішкі істер министрлігі бағыты бойынша шамамен 1 миллион айыппұлды қамтиды.
Осы туралы заң жобасын кеңінен түсіндірген баяндамашы, депутат Абзал Құспанның айтуынша, құжат қылмыстық саясатты ізгілендіруге, халықтың борыштық жүктемесін азайтуға бағытталған.
– Жаңа Ата заңда әділеттілік, гуманизм, заң үстемдігі мен адамның қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттары бекітілді. Дегенмен, рақымшылық жасау жауаптылық қағидатын жоққа шығармайды. Ол заңнамада белгіленген нақты жағдайларда қолданылатын ізгілік актісі ретінде қарастырылады. Құжатқа сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған, сондай-ақ залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамдарға қылмыстық рақымшылық қолданылады. Аталған санаттар бойынша қылмыстық істерді, оның ішінде соттардың қарауындағы істерді тоқтату, жазадан босату немесе жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту көзделіп отыр. Сондай-ақ теріс мінез-құлқы болмаған жағдайда, келтірілген залалдың өтелуіне немесе өтелмеуіне қарамастан, орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған және жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына бір жылдан аспайтын уақыт қалған сотталушылар жазадан босатылуы мүмкін. Осындай шарттар сақталған кезде ауыр және аса ауыр қылмыс жасап сотталғандар үшін жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту қарастырылған, – дейді депутат.
Ескере кететін жайт, аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолданылмайды. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге, экстремизмге қатысты, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы жасалған, қайталанған қылмыс және қауіпті қайталанған жағдайда жасалған, қоғамдық қаупі жоғары дәрежедегі қылмыстар, сондай-ақ азаптау және жақында қылмыстық жауаптылыққа енгізілген іс-әрекеттер қамтылмайды. Бұған қоса, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына сотталғандар және сырттай сотталған адамдарға амнистия көзделмейді.
Ал әкімшілік рақымшылық қайталанған құқықбұзушылықтарға және соттардың қарауындағы істерге қолданылмайды. Мәселен, мас күйінде немесе есірткіге масаң күйде көлік құралын басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жол жүрісі қағидаларын өзге де өрескел бұзу кешірілмейді. Сонымен қатар қару мен есірткі құралдарының заңсыз айналымы, денсаулық сақтау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы, дербес деректерді қорғау және басқа да салалардағы құқықбұзушылықтар да амнистиядан тыс қалады.
Талқылау барысында депутаттар әкімшілік рақымшылық аясында қамтылатын кәсіпкерлер мен жалпы қанша сомадағы айыппұл есептен шығарылатынын сұрады. Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбайдың айтуынша, жалпы сомасы 21,1 миллиард теңге айыппұл есептен шығарылады. Ал Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың сөзіне қарағанда, рақымшылықтың жеке баптарымен 2 370-ке жуық кәсіпкерлік субъектісі қамтылуы мүмкін.
Рақымшылыққа ілікпейтіндер де барЖалпы отырыс аралығында заңға бастамашы болған депутаттар БАҚ өкілдерінің бірқатар сұрақтарына жауап қатты. Брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов те БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Журналистердің «Отандастар әкімшілік рақымшылыққа ілінгенін қалай біледі және кешірілген айыппұлдар қашан жойылады?» деген сұрағына Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қазіргі цифрландыру жағдайында азаматтарды хабардар ету автоматты түрде жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ ол рақымшылықты орындау әр мемлекеттік органның өз құзыреті аясында жүзеге асырылатынын түсіндірді.
– Егер іс сот орындаушыларының өндірісінде болса, бұл жұмысты сот орындаушылары жүргізеді. Ал айыппұл ішкі істер органдарының құзыретіне жатса, оны Ішкі істер министрлігі жүзеге асырады. Сол сияқты Мемлекеттік кірістер комитеті де өз құзыретіндегі істер бойынша рақымшылықты орындауға міндетті болады. Рақымшылық бірден күшіне енбейді. Заң қабылданып, Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін және ресми жарияланған сәттен бастап күшіне енеді. Рақымшылық та сол уақыттан бастап қолданыла бастайды, – деді А.Құспан.
Кейін журналистер Ішкі істер министрінің орынбасарына резонанстық істер бойынша сотталған азаматтар жөнінде сауал қойды. Ашып айтсақ, Қуандық Бишімбаев, Кәрім Мәсімов, Перизат Қайрат туралы сұрады.
– Бұл азаматтар рақымшылыққа ілікпейді. Өйткені Қылмыстық кодекстің 78-бабы терроризм, экстремизм, мемлекетке опасыздық жасау, жемқорлық, қылмыстық топтардың құрамында болу бойынша сотталған азаматтарға амнистия жасауға тікелей тыйым салады, – деді Санжар Әділов.
Айта кетейік, былтыр рақымшылыққа ілігіп, 2,3 мың адам жазасын өтеу орындарынан босатылды. Солардың арасынан 8 адам қайтадан қылмыс жасап, жауапкершілікке тартылды. Заң жобасының 3-бабына сәйкес, бұрын амнистия қолданылып, қайтадан қылмыс жасаған адамдарға қатысты тағы да рақымшылық жасау шектелді.
Құжаттардағы маңызды өзгерісЖиында бұдан өзге бал ара шаруашылығы, нотариаттық қызмет, топырақты қорғау туралы және халықтың көші-қоны сынды мәселелер де қаралды.
Отырыста «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат электронды сауданы реттеуге және шетелдік интернет-платформаларда сатып алынған тауарларды тасымалдау тәртібін жетілдіруге бағытталған.
– Бірінші, халықаралық пошта арқылы шетелдік интернет-платформалардан үшінші елдерден жеке тұлғалардың атына жіберілетін тауарларды бөлек санатқа – электрондық сауда тауарларына бөлу. Екінші, «электрондық сауда операторы» ұғымын енгізу. Үшінші, электрондық сауда декларациясы деген жаңа түрдегі кеден декларациясын енгізу қарастырылған, – деді Ұлттық экономика министрі міндетін атқарушы Азамат Әмрин.
Бұдан бөлек, жиында Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы екі елдің кеден қызметтерінің өкілдіктерін ашу туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы жұмысқа қабылданды.
Жалпы отырыста қаралған тағы бір құжат – бал ара шаруашылығы мәселелеріне қатысты заң жобасы. Құжатта аралардың генетикалық қорын сақтау, саладағы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ селекциялық-асылтұқымдық жұмысты жетілдіру көзделген. Жиында қаралған маңызды құжаттың тағы бірі – нотариаттық қызмет мәселелеріне қатысты. Оған сәйкес нотариустарды дербес деректерге қатысты бұзушылықтар үшін лицензиясынан айырады. Мүдделер қақтығысын болғызбау мақсатымен нотариустарға басшылары, құрылтайшылары немесе акционерлері өздерінің жақын туыстарына жататын заңды тұлғаларға қатысты нотариаттық іс-әрекеттер жасауға тыйым салынады.
Депутаттар елдегі психологиялық қызметке қойылатын талаптарды айқындайтын заң жобасын қабылдады. Ондағы басты норманың бірі – психологтердің бірыңғай мемлекеттік тізілімін құру. Осы тізілімге кіру кәсіби қызметті жүзеге асырудың міндетті шарты болады. Психологиялық көмек пен медициналық қызметтің ара-жігі ажыратылады. Психологтер тарапынан дәрі-дәрмекпен емдеуге шектеу қойылады.
Енді топырақтың құнарлығы туралы мәліметтер бірыңғай базаға енгізіледі. Мәжілісте қаралған «Топырақты қорғау туралы» заңы мен ілеспе құжат осыған байланысты.
– Шаруа қожалықтары жер учаскелерінің шекарасы мен өлшемдерін ғана емес, сонымен қатар сапалық деректерін де көрсете отырып, төлқұжатын (паспорт) рәсімдейді. Құжаттың ережелері қарашірік пен топырақ құнарлылығын толықтыруға тікелей байланысты ғылыми негізделген әдістер мен ұтымды технологияларды міндетті түрде қолдануды көздейді. Заңда жердің құнарлы қабатын алу және жылжытуға байланысты нормалар күшейтілген, – деді баяндамашы Нұржан Әшімбетов.
Мәжіліс екінші оқылымда Парламент депутаттары бастамашы болған Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі заңнамалық түзетулерді қабылдады. Құжатта ұғымдық аппарат нақтыланады, жергілікті қоғамдастықтардың жиындары мен жиналыстарын өткізу тәртібі реттеледі. Сондай-ақ мәслихаттар қызметінің тиімділігін арттыру шараларының аясында депутаттардың өкілеттіктері, жауапкершілік шаралары және әлеуметтік кепілдіктері нақтыланады. Заңмен «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысушылардың тізімі кеңейтіліп, оған цифрлық технологиялар және мұрағат ісі саласындағы мамандар қосылды.
Жиында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы екінші оқылымда қабылданды. Онда инклюзивті білім мәселелеріне қатысты нормалар бар. Атап айтқанда, денсаулығында ауытқулары бар ерте жастағы балаларды (3 жасқа дейін) анықтау және қолдау тәртібі көзделеді, мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін арнайы білім беру ұйымдарын лицензиялау белгіленеді, «инклюзивті мәдениет», «ымдау тілі» ұғымдары және оларға ілеспе тетіктер енгізіледі.
Сонымен қатар түйінді құжат – радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы заң және оған ілеспе «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс пен бірқатар заңнамалық актілер.
– Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қызметті жүзеге асырудың жалпы шарттары, соның ішінде лицензиялық талаптар, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, радиоактивті қалдықтарды есепке алу мен бақылау, персоналды даярлау және басқалары бекітіледі, – деді құжатты төңірегінде баяндама жасаған депутат Дүйсенбай Тұрғанов.
Дарақылық пен даңғазалықКүн тәртібіндегі мәселелер қаралған соң, депутат Жарқынбек Амантайұлы сауалын Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдап, мектеп бітіру іс-шараларын өткізудің бірыңғай тәрбиелік стандартын әзірлеуді сұрады. Оның айтуынша, биылғы соңғы қоңырау кезінде еліміздің бірнеше өңірінде қымбат автокөліктен құралған кортеждер ұйымдастырылып, жол қозғалысы ережесі өрескел бұзылды.
– Алматы қаласында мектеп түлектерінің автокортежіне байланысты 21 кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылды. Ал Маңғыстау облысында түлектердің қымбат көліктермен шеру өткізіп, әлеуметтік желіде сән-салтанатты насихаттаған видео кеңінен тарады. Биыл қоғамда ерекше талқыланған тағы бір құбылыс – мектеп бітіруші түлектерге арналған алып гүл шоқтарының жарысы болды. Бұл жағдай әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары арасында психологиялық тұрғыда оңай болмайтыны белгілі. Мектептегі мұндай көріністер жас ұрпақтың санасында тұтынушылық психологияны, жалған бедел мен сыртқы әсерге табынуды қалыптастыруы мүмкін, – деді ол.
Осыған байланысты ол Үкіметтен соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кештерінде орынсыз сән-салтанатқа, автокортеждерге және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрекеттерге жол бермеу бойынша нақты тетік енгізуді ұсынды.