Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа даму кезеңіне қадам басқанын атап өтіп, елдегі ауқымды реформалардың қоғамдық сана мен мемлекеттік басқару жүйесіне тың серпін бергенін айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы әскери оқу орындарының үздік түлектеріне алғаш рет «аға лейтенант» шенін тапсырып, нағыз сарбаздың беделі шенімен емес, Отан алдындағы адал қызметімен өлшенетінін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазір Қазақстан жаңа тұрпатты елге айналды. Біз біртұтас әрі жасампаз ұлт ретінде дамудың даңғыл жолына түстік. Кейінгі жылдарды еліміз үшін тарихи бетбұрыс кезеңі деуге толық негіз бар. Ауқымды реформалар барлық салаға тың серпін беруде. Түбегейлі өзгерістер, әсіресе, қоғамдық санаға зор сілкініс әкелді. Ішкі саясаттың мазмұны жаңарды, бағыт-бағдары айқындала түсті.
Ел ішінде жанашырлық, еңбекқорлық, ұқыптылық, үнемшілдік қасиеттері орныға бастады. Азаматтарымыздың көзқарасы және ұстанымы өзгеруде. Халқымыз Әділетті, Мәдениетті, Таза және Қауіпсіз елде өмір сүруді қалайды. Сондықтан жұртымыз тәртіп бұзушылыққа, заңсыздыққа тұтас қоғам болып тосқауыл қоюда. Алайда, алдымызда тұрған жұмыс – өте ауқымды. Бұл жұмысты бәріміз бір ел, біртұтас халық болып міндетті түрде ойдағыдай орындаймыз», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Бұл әр жетістікке мәз болып, жайбарақат отыратын заман емес
Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз сарбаздың абырой-беделі, ең алдымен, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенетінін атап өтті.
«Мен былтыр әскери оқу орындарының үздік түлектерін қолдау жөнінде бастама көтердім. Оларға қалыптасқан дәстүрге сай «лейтенант» емес, «аға лейтенант» шенін тапсыру қажет екенін айттым. Соған сәйкес нақты тапсырма бердім. Міне, бүгін осы бастама нақты жүзеге асырылмақ. Сіздер оқуды бітіріп, бірден «аға лейтенант» шенін алатын тұңғыш түлек боласыздар. Бұл – өздеріңізге артылған зор сенім және үлкен жауапкершілік.
Қазақтың біртуар батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің «атақты алғаннан оны арқалап жүру қиын» деген сөзі бар. Шын мәнінде, нағыз сарбаздың абырой-беделі оның шенімен емес, ең алдымен, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенеді. Көптеген жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Бәріңіз де антқа адал болып, қазақ сардары деген атаққа әрдайым лайық боласыздар деп сенемін. Бүгін алқалы жиынға озат түлектердің ата-аналары да қатысып отыр. Сіздер Қазақстанның дәл осындай отаншыл азаматтарына тәлім-тәрбие бердіңіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жас офицерлердің алғашқы әскери шені құтты болсын! Қызметтеріңізге табыс тілеймін! Туымыз әрдайым көкте желбіресін! Қазақ елі мәңгі болсын!», деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы: Тәуелсіздіктің 35 жылдығын нақты нәтижелермен қарсы алуымыз керек
Іс-шара аясында С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясы, Ішкі істер министрлігінің Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы, Ұлттық ұлан академиясы, М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының үздік түлектеріне «аға лейтенант» шені тапсырылды.