Сән индустриясында жасанды интеллектінің игілігін көріп отырған жобалар баршылық. Солардың бірі – кәсіпкер Мөлдір Алмасбек негізін қалаған «SoulSis» платформасы. Telegram арқылы жұмыс істейтін бұл жүйе пайдаланушының гардеробын саралап, жеке стилист қызметін цифрлық форматта ұсынады.
Жоба классикалық мобильді қосымша емес. Telegram Mini App форматында әзірленген. Сондықтан пайдаланушыға қосымша жүктеп, телефон жадысын толтырудың қажеті жоқ.
– Мен көп жыл бойы жеке консультация өткізіп, адамдардың гардеробын талдадым. Сонда байқағаным, көпшіліктің шкафы киімге толы болғанымен, олар не киетінін білмей біраз әуре болады. Мәселе киімнің аздығында емес, оны үйлестіре білмеуде. Бір адамның стилін анықтауға бірнеше сағат кетеді. Ал жеке консультация баршаға бірдей қолжетімді емес. Сондықтан білім мен тәжірибені технология арқылы көп адамға жеткізудің жолын іздей бастадым. «SoulSis» идеясы осылай дүниеге келді, – дейді жоба авторы.
Платформаның жұмысы қарапайым. Пайдаланушы өз киімдерінің суретін жүктейді. Жасанды интеллект қандай киімдердің бір-бірімен үйлесетінін көрсетеді, артық заттарды анықтайды және қандай базалық киім жетіспейтінін ұсынады. Сөйтіп, бұрыннан бар киімдерден бірнеше жаңа образ құрастыруға көмектеседі.
Жобадағы ең қызықты құралдардың бірі – «ShopAssist» функциясы. Мысалы, дүкеннен ұнаған киімнің суретін түсіріп жүктесе, жүйе оның қазіргі киімдеріңізге қаншалықты сәйкес келетінін пайызбен көрсетеді.
– Кейде адам эмоцияға беріліп аса қажет емес бұйымдарды сатып алады. Бірақ ол зат кейін ешбір киіммен үйлеспей жатады. «ShopAssist» осындай артық шығынның алдын алуға көмектеседі, – дейді кәсіпкер.
«SoulSis» платформасында «Molly» атты виртуалды көмекші де бар. Ол чат форматында жұмыс істейді. Пайдаланушы «Тойға не кисем болады?» немесе «Іскерлік кездесуге қандай образ таңдау керек?» деген сұрақтар қоя алады. Жасанды интеллект пайдаланушының қолданыстағы киімдерін негізге ала отырып жауап береді.
Жоба авторының айтуынша, «Molly» әлі де үйрену кезеңінде.
– Жасанды интеллект дайын өнім емес. Оны тұрақты түрде оқытып отыру қажет. Қазір «Molly» бес жасар бала секілді. Күн сайын жаңа нәрсе үйреніп келеді, – дейді ол.
«SoulSis» жобасын әзірлеуге шамамен 40-50 мың доллар көлемінде инвестиция салынған. Платформа іске қосылған алғашқы айдың өзінде 350 ақылы қолданушы жинаған. Сонымен қатар Instagram мен вебинарлар арқылы екі мыңнан астам өтінім қабылданған. Қазір жүйе елімізден бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей қолданушылары арасында да тарала бастаған.
– Біздің мақсатымыз – тек киім ұсыну емес. Адамдардың тұтыну мәдениетін өзгерту. Әр адам өз гардеробын ұқыпты пайдаланып, қажетсіз сатып алуларды азайтса екен, – дейді Мөлдір.
«SoulSis» жобасының артында сән саласындағы ұзақ жылдық тәжірибе жатыр. Жоба жетекшісі бұған дейін жеке стилист ретінде жұмыс істеп, онлайн курстар ұйымдастырған. Сонымен қатар киім саудасымен айналысып, бірнеше қалада жұмыс істеген дүкендер желісін дамытуға атсалысқан.
Кейінгі жылдары әлемде сән индустриясы мен технологияны ұштастыратын fashion-tech бағыты қарқынды дамып келеді. Сарапшылар жасанды интеллектінің көмегімен жеке ұсыныстар беру, тұтынушы талғамын болжау және киім таңдау үдерісін жеңілдету алдағы жылдары бұл саланың негізгі трендтерінің біріне айналатынын айтады. «SoulSis» командасы да осы бағытты негізге алған.
Компания алдағы уақытта платформаның мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Мәселен, жазылым иелеріне арналған арнайы бөлімде серіктес брендтердің өнімдерін тиімді бағамен сатып алу мүмкіндігі ұсынылмақ.