28 Маусым, 2016

Дендробақ демеу күтеді

1335 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
3f51bfa3774199b52afcaa4648974f68Басқасын қайдам, дәл бүгінде Бурабайда жанайқайға басатын тұс келіп тұр. Нақтылай түссек, көп салалы Орман шаруашылығы ғылы­ми-өндірістік орталығының (Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты) ден­дро­бағына (түр мен тек қоры) қатысты мүшкіл хал осы­ны айтқызады. Төтесінен қайырайық, Қазақстан­да орман тым аз. Оның үстіне, жасыл белдеу қоры­ның құрамын негізінен қайың, қарағай, емен, үйеңкімен шектей аламыз. Өсімдіктер әлемінің 17 пайызы ғана ағаш екен. Оның өзі, көбінесе табиғаттың береген қолы­мен бой түзеуде. Сондықтан, “қара орманның” қалыңдауы адамның қамқор жанашырлығына тәуелді болып қала беретіні ақиқат. Міндет – барды еселеп, сұранысқа қажетті тұқым дайындау, жаңа түр мен текті молайту. Бұл орайда, басты тұтынушы бейқам отыр дегеніміз жараспас. Өткен ғасырдың басын­да-ақ, Бурабай орман технику­мын­да дендробау құрылып, өсімдіктер­дің 400 түріне ғылыми сынақ жүргізіле бастаған. Көзайым құнды­лықтың қайтарымы аз болған жоқ. Ең бас­тысы, өсімдіктер әлемін көр­кейту­дің ғылыми жүйесі қалып­тасты. Тәуелсіз Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Ақмола облысына 2007 жылғы 3 мау­сымдағы жұмыс сапары бары­сын­да аталған ұжымға арнайы атбасын бұрды. Бұл еліміз үшін қарбалас кезең еді. Міндет – Аста­на­ның «жасыл белдеуін» қалыптас­тыру. Осыдан болса керек, Нұрсұлтан Әбішұлы бірден қала іргесіндегі дендробаққа аял­да­ған. Елбасы негізгі орамдарды аралап көріп, директорға: «Иә, не айтасың?» – дегені есімізде. Жалғыз ауыз сұрақтың астарында көптеген мәселе, орасан жауап­кершілік жатқан еді. Орталық директоры, ауыл шаруа­шылығы ғылымдарының док­торы Болат Мұқанов Астана­ның жасыл бел­деуін қалып­тас­тырып жатқан кезде жас өскіннің түрі мен тегін, будан­дық аудан­дастырылуын, сұра­ныс­тағы тұқым дайындауды, оған қа­тыс­ты ғылыми негіздемелер мен ұсы­­­н­ыс­тар­ды басшылыққа алу қа­жет­­ті­гін айтқан. Осыған байланыс­ты жаңа міндеттер де жүктелгені түсінікті. Ғылыми-зерттеу институты Елбасы тапсырмасын ой­дағы­дай орын­дап отыр деп айта ала­­­мыз. «Жасыл белдеудің» аума­­­ғы қазіргі күні 100 мың гек­­­тарға жуықтады. Онда Бура­бай ғалымдарының жаңа патент­терімен өсірілген бағалы ағаш­тар, саялы өскіндер жай­қа­лып өсіп тұр. Бұл бағыттағы із­деніс әлі де жалғаса беретіні анық. Тек әлеуеті мол ғылыми ор­даға тиіс­ті қамқорлық керек. – Осынау игілікті іспен жарты ға­сырдан бері айналысып келе­міз, – дейді орман шаруа­шы­лы­ғы ғылы­ми-өндірістік орта­лы­­ғы­­­ның дирек­торы, академик Болат Мұ­қанов. – Профессор В.М.Са­ви­чев­тің Бура­байдың орман орам­дарында өсім­діктердің 500 түріне сынақ жүргізу­ге мүмкін­діктің бар екендігін дәлел­деген жобасы мақұлданып, 1960 жылы арнайы дендробақ құрылған еді. Оның аумағы 44,3 гектарды алып жатыр. Мұнда өсімдіктің 2 мыңнан астам түрі зерттелген. Бүгінде соның 30 ұялас тармағы мен 95 текті құрайтын 800 түрі сақталып қалды. Жағрапиялық тегін тарқатсақ, ден­дро­бақтағы өскін­дердің 25,6 пайызы еуропа­лық, 22,5-і сібірлік, 21,1-і сол­түс­тікамерикалық, 14,4-і қиыр-шығыстық, 9,2-сі жапон-қы­тай аумақ­­тық, 7,2 пайызы ортаазия­лық түп тамырға жатады. Олар ағаш­тар, бұ­та­­лар, саялы өскіндер және жартылай бұтақ тарамдары болып, үш дәлізді төрт топқа бөлінеді. Ғалымдарымыз табиғатпен неғұрлым үйлесімді байла­нысты қамтамасыз ететін бау-бақша отырғызу өнерінің қайталанбас негізін қалыптастырды. Дендробақпен қолтықтас ор­на­­ласқан арборетум мен попу­ле­тумның табиғи құндылық­тары­мызды еселеу­дегі орны да өлшеусіз. Мұнда жолы түскен кісі өсімдіктер әлемінің қиял-ғажайып құшағына еніп кеткендей тебіренері сөзсіз. Табиғат­тың қатал­дығына қарамастан, осынау 11 гек­тарлық алқапта аса құнды өсім­діктер жайқалып тұрады. Қазіргі сақталға­ны­ның өзі 350 түрді қамтиды екен. Сан алуан мақсат­та пайдаланылатын ағаштарды айт­пағанда, дәрілік шөптер, сан алуан гүл­дер, саялы бұтақ­тар, жеміс-жидек­тердің қалың­дығы қайран қалдырады. Бү­гінде Бурабай дендробағына қатыс­ты 150-ден астам ғылыми еңбек жазы­­лып, ұжымдық жинақ­тар­ды қос­па­ғанда, 70-ке тарта кітап жарық көрді. Сондай-ақ, он­нан астам кан­ди­даттық және док­тор­лық диссертация­ның қор­ғалуы денд­робақ жүйесінің маңыз­ды­лығын дәлелдей түсетіндей. Бурабай бүгін үлкен өзгеріс­тер құшағында. Оған қуан­ғаны­мызбен де, көзқарастың біржақ­тылығы қынжыл­тады. Бәрінен де барымызды сақтауға дәнекер болып отырған ғылыми ден­дро­бақ­тың бағы тайғанын айтса­ңызшы. Соңғы он жылда маңызды нысанның қар­жыландырылуы жұтаңдап барады. Орман ша­руа­шылығы ғы­лыми-өндірістік орталығы жоқтан бар жасап отыр. Ғалымдар да үз­дік­сіз дабылдатуын қояр емес. Бірақ, селт еткендей серпіліс шамалы. Дендробақ Шортан көлін жаға­лай орналасқан. Щучье қа­ласы тиіп тұр. Қараусыз дүние­дей көрін­гендіктен, адамдардың жана­шырлық сипаттағы сана-сезімі де өзгере бастағандай. Жұрт бұ­рынғыдай шарбақты айналып өтуді қойып, төтесінен тартады. Жеміс-жидекті тәртіп сақтап, тәптіштеп теруді ес­кермейтіндер айрықша қорғалатын алаптың топырақ құнарына нұқсан келе­тіні­мен де шаруасы жоқ. Ит-құс пен малыңыз да өріп жүреді. Қаншама маңдай тер төгілген нәзік өскіндер күл-қоқыс­ты көтере ме, сөлі кетіп қуарып барады. Тиісті күтім көрме­ген бақ көз ал­­ды­мызда жабайы­ланып қалған­дай әсер қал­дыратыны өкінішті. Сол себепті, дендробақты қалай­да сақтап қалу мәселесі өзекті болып отыр. Бүгінгі өлшем­мен қара­сақ, оған соншалықты ас та төк қаржы-қаражат жұмылды­рыл­май­тынын ғалымдардың жүргізген есеп-қисаптары аңғар­тады. Рес­публикалық орман шаруа­шылығы ғылыми-өндіріс­тік орталығының басшылығы жұ­мысты қалпына тү­сірудің алғашқы кезеңінде ең болмаса еңсе тіктер теңге бөлінуін сұрап, Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігіне, облыс, аудан әкім­дері­не бірнеше хат жолдаған. Әзірше алдарқатқан аяқ доптың кері болып тұр. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан»  Ақмола облысы, Бурабай ауданы