Тағзым • Бүгін, 08:48

Қос асылдың ізі

6 мин
оқу үшін

Созақ ауданының Құмкент ауылында елге еңбегімен еленіп, халқына адал қызмет еткен қос бірдей азамат – «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Қайрат Беркінбаев пен ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Тайыр Шерәлиевті еске алуға арналған «Қос асылдың ізі» атты волейболдан республикалық турнир өтті.

Қос асылдың ізі

Турнирдің ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев елдің дамуы жолында аянбай еңбек еткен, туған жердің мерейін өсірген азаматтардың жарқын бейнесі әрдайым ұрпақ жадында сақталатынын атап өтті. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков теріскейден түлеп ұшқан қос тұлғаның өмір жолына тоқталып, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен ел игілігі үшін атқарған өнегелі істері кейінгі буынға үлгі екенін жеткізді. Сондай-ақ жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Қайрат Беркінбаевтың жары Ләйлә Сұлтанқызы, туған-туыс­та­ры естеліктерімен бөлісті. Қос азаматтың адамгершілік болмысы мен елге сіңірген еңбектерін тебірене әңгімеледі.

Елімізде курорт ісінің дамуына зор үлес қосқан, ірі сауықтыру мекемелерінде басшылық етіп, өзін дарынды ұйымдастырушы ретінде танытқан Қайрат Шерәліұлы 1965 жылы Созақ ауданында дүниеге келген. 2007 жылдан 2011 жылға дейін бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болды. 2011 жылдан бастап Президенттің Іс басқармасы жүйесінде қызмет етті. Қоғам қайраткері Қайрат Беркінбаев көптеген әлеуметтік жобаның бастамашысы болды.

Еске алу іс-шарасында Созақ ауданы тұрғындары Қайрат Шерәліұлын туған жеріне еңбегі көп сіңген азамат ретінде де жақсы танитындарын айтып, ізгі істерін, өнеге етер асыл қасиеттерін еске алды. Қызылкөл елді мекенінде сегізінші сыныпты бітірген Шерәлінің ұлы Қайрат спортты ұнатқан. Сегізінші сыныптан кейін отбасы Алматыға көшеді. Спортқа бейімдеу болғандықтан, денешынықтыру пәнін жақсы көретін Қайрат институтта оқып жүргенде күреспен айналысты. Бертініректе республикалық Фрис­тайл федерациясының прези­денті болды. Сондай-ақ ауылдастары Қайрат Шерәліұлының депутат болмай тұрып-ақ меценат­тық шараларды жасағанын, мектеп, ба­лабақша, жол салғанын еске алды.

Туған жеріне, ағайын-туыс ортасына 2000 жылдары оралған ол қалталы азамат­тардың ауылға мешіт салып бергеніне қызыға қараған.  Мешіт салғысы келген. Бірақ ақсақалдармен, әкімдермен әңгімелесіп, ауылдың жағдайына қаныққаннан кейін, шешілмей жатқан басқа да әлеуметтік мәсе­­ле­лерге қолғабыс ету қажет деп есептейді. Сөйтіп, мектеп құры­лы­сын қолға алады.

Ауылға мектеп салып жат­қанынан хабардар болған Қайрат Шерәліұлының жолдастары ал­ғаш­қыда таңғалыпты. «Ол қандай табыс әкеледі, одан да оны ақылы түрде жұмыс істетуге болатын Алматыдан неге салмайсыз?» дегендер де табылыпты. Мектепті ауылға тегін салып беріп, одан ешқандай пайда көруді мақсат тұтып отырмағанын айтқанда көпшілігі таңдана қараған. Ауылға осындай жақсылық жасағаннан кейін де депутаттыққа түсу ойы болмаған Қайрат Шерәліұлына ауыл ақсақалдары кеңес береді. Егер депутат болса, қолы ұзарып, яғни бюджеттен тағы осындай екі-үш мектеп салуға қаражат сұрай алатынын айтушылар да болған. Ақсақалдардың кеңесінен соң, об­лыс­тық мәслихат депутаттығына бақ сынайды. Жерлестерінің қолдауының нәтижесінде сайлау­да жеңіске жетеді.

Ауыл тұрғындары Қайрат Шерәліұлының депутат ретінде бір­­­қатар өзекті мәселенің шешімін табуына ықпал еткен. Мысалы, Қызылкөлге су құбырын тартуға 170 млн теңге қаржы бөлінді. «Ащысай – Шолаққорған – Кен­тау» тас жолы салынды. Осы тас жолмен созақтықтардың Түр­кіс­­танға аз уақытта жетіп баруына мүмкіндік жасалды. Ол жол­дың салынуына, яғни қаржы бөлуге ықпал етті. Сондай-ақ ауыл тұрғындары Қайраттың көмек­ке мұқтаж қарияларға, асырау­шысы жоқ отбасыларға, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балдырғандарға жәрдемдескенін ұмыт­қан емес. Қызылкөл елді мекенінде М.Әуезов атындағы мектептің жаңа ғимаратын салдырып, «Қайрат» бөбекжай-балабақшасын салуға демеушілік жасады. Жалпы, аудан тұр­ғындары бұл күні азаматтың ауылға жасаған игі істерін еске алып, елге сіңірген еңбегі де ерен екендігін айтып, жастарға үлгі тұтты.

Сонымен қатар еске алу іс-шарасында Тайыр Шерәлиевтің еңбек жолы, ерлігі әңгімеленді. МКҚБ-да взвод командирі болып бастаған ол 2007 жылдың қыркүйегінен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД ұйым­дас­қан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі болып қызмет еткен. 2009 жылдың шілде айында ауыр қылмыс жасап, іздеуде жүрген қылмыскерді құрықтауға жедел уәкіл топтың жасағымен Алматы қаласына қызметтік іссапарға аттанады. Дәл осы жолы, қылмыскерді ұстау барысында, полиция аға лейтенанты ерлікпен қаза тапты. Қылмыскерді ұстау кезінде Тайыр Шерәлиев ауыр жарақат алып, есін жимаған күйі Алматыдағы ауруханада көз жұмды.

Осындай асыл азаматтарды еске алуға арналған «Қос асылдың ізі» атты волейболдан республикалық турнирге әр өңірден келген 9 команда қатысып, спортшылар саламатты өмір салтының жарқын үлгісін көрсетті. Турнир аясында Қайрат Беркінбаевтың туған жерге тартуы болған «Қайрат» бөбекжай-балабақшасында танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, қо­нақ­тар Қызылкөл ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы білім ордасының жұмысымен таныс­ты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Қос асылдың ізі» турнирі – тек спорттық бәсеке емес, ерлік пен азаматтықтың мәнін ұғындыратын, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін тағылымды іс-шара болды.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:10

Жеті вагонды сүйреген жігіт

Рекорд • Бүгін, 09:05