Маман • Бүгін, 08:30

Алтын қолды дәрігер

6 мин
оқу үшін

Осы уақытқа дейін 30 мыңға жуық операция жасаған білікті хирург Нұрлан Құлмағанбетовті ел-жұрт осылай атайды. Жұмысы ауыр, қолы жеңіл Нұрлан мырза – Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың оториноларингология бөлімінің меңгерушісі. Білікті маман алдына келген науқастың алдымен көңілін жазады, сосын барып дертіне дауа дарытады.

Алтын қолды дәрігер

Кейіпкеріміз Алаш арыстарының атамекені – Ақтоғайда дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түсіп, оны «Емдеу ісі» мамандығымен сәтті аяқтаған, жалындап тұр­ған жас маман аудандық ауруханада шеберлігін шыңдады. Күндіз-түні тыным көрмей, соқырішек ауруынан бастап, пышақ жарақаты, жол-көлік оқиғасынан түскен ауыр нау­қастар мен түрлі сыныққа дейін операция жасап, хирур­гияның үлкен мектебінен өтті. Сөйтіп, қиындығы мен қы­зы­ғы қатар өрбіген жылдар бо­лашақ білікті маманның кәсіби тұрғыдан өсуіне септігін тигізді.

Кейін оториноларингология (ЛОР) бағытында маманданудан өтіп, бұл таңдау оның кәсіби өміріндегі жаңа белесіне айналды. Балқаш қалалық орталық ауруханасында 10 жылдан астам уақыт ЛОР дәрігері болып қызмет етіп, қалған саналы ғұмырын Қарағанды өңірінің медицинасын дамытуға арнады. Қарағанды қаласындағы №1 Өңірлік медициналық бір­лестікте, кейіннен облыстық көппрофильді амбулатория­лық хирургия орталығында бө­лім меңгерушісі болып қызмет етіп, ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. 2013 жылдан бері Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауру­ха­на­­ның (бұрынғы облыстық меди­циналық орталық) оториноларингология бөлімшесінің мең­герушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.

Нұрлан Құлмағамбетұлы – облыста ЛОР-хирургия саласына заманауи технология­ларды алғаш болып енгізген жаңашыл маман. Ол 2016 жылы облыс көлемінде тұңғыш рет тимпанопластика операциясын жа­сады. Жеңіл анестезиямен жасалатын бұл операция мем­лекеттік кепілдендірілген кө­мек аясында толығымен те­гін жүзеге асырылады, нәти­же­сінде, науқастардың 90%-ын­­да есту қабілеті толығымен қал­пы­на келеді. Бөлімше базасын­да Қарағанды медицина уни­верситетінің ЛОР-кафедра­сының орналасуы да емдеу сапасын ғылыми деңгейге көтерді.

Сонымен қатар хирург өңірде алғашқылардың бірі болып видеоэндоскопиялық құрылғы (ЛОР-стойка) арқы­лы операция жасау әдісін енгізді. Бұрын құлақ ішіне кіру бағытында үлкен тілік жасалып, балғамен ұру сияқты ауыр әрі жарақатты әдістер қолданылса, қазір операция мүлдем тіліксіз, қансыз орындалады. Бұл жаңалық нау­қас­тардың тез сауығуына сеп­тігін тигізді. Бұрынырақта нау­қастар операциядан соң айлап ауруханада жатса, қазір заманауи аппараттың арқасында 3–4 күн­де жазылып шығады.

Бүгінде тәжірибелі дәрігер қызмет ететін бөлімше – Қара­ғанды облысы көлемінде шұғыл операция жасайтын жалғыз ЛОР-бөлімше. Мұнда құлақтан немесе гаймор пазухасынан ірің миға шауып, менингоэнцефалит, бас миының абсцесі сияқты ауыр асқынумен келетін науқастарға дер кезінде операция жасалып, қажет жағдайда нейрохирургтермен, офтальмологтермен бірлескен күрделі операциялар да сәтті жүзеге асырылады.

Іскер, ізденгіш маман күн­делікті өмірде антромастоидотомия, мұрын пердесін резекциялау, тонзиллэктомия се­кіл­ді көптеген жоспарлы, шұ­ғыл операцияны жасау­мен қатар, пластикалық хирургия бағытын да сәтті меңгеріп, мұрын ақау­ларын түзету арқылы пациент­терге денсаулық қана емес, сенімділік те сыйлап келеді.

Жоғары санатты дәрігер кәсіби біліктілігін арттыру мақ­сатында Германияда, Ресей­де (Санкт-Петербург, Қазан), Алматы қаласында бірнеше рет арнайы курстардан өтті. Сондай-ақ ол жинаған тәжірибесін шә­кірт­теріне бағыт-бағдар ретінде беріп келеді.

Бүгінде Нұрлан Құл­ма­­ғамбетұлы әріптестерінің ара­сында зор құрметке, мың­даған емделушілердің шексіз алғысына бөленген жан. Өзінің негізгі қызметімен қатар об­лыс­тың штаттан тыс бас ото­рино­ларингологі ретінде де өңір­дегі осы саланың жұмысын үйлестіріп отыр.

Алтын қолды хирургтің ме­ди­цинадағы 40 жылдан аса қа­жырлы еңбегі еленіп, «Ден­саулық сақтау ісінің үздігі» төс­белгісімен, «Алтын дәрігер», «Еңбек ардагері» медальдарымен, еліміз көлемінде санау­лы маманға ғана бұйырған Әл-Фараби атындағы отори­ноларингологияның жеке меда­лімен марапатталған. Сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің «Үздік хирург» сыйлығының иегері. Тәжірибелі дәрігер өткен жолына қарап, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына бағыт-бағдар берген тәлімгерлерін ерекше ілтипатпен еске алады.

– Менің мұндай кәсіби жетіс­­тікке жетуіме ең алдымен ұстаздарым – жоғары са­нат­­ты, білікті хирургтер Қуат Рақымжан мен Жұма Шаях­метовтің септігі тиді. Осы бір күр­делі де жауапты саланың қыр-сырын үйретіп, ЛОР-хи­рургияға баулыған да осы кісі­лер еді. Сол алдыңғы толқын­нан алған білім мен тәжірибе­нің арқасында қазір өзіміз де ұстаз атандық, – дейді Нұрлан Құлмағамбетұлы.

«Ұстазы жақсының – ұс­та­нымы жақсы» деген, бүгінде ке­йіпкеріміздің соңынан ерген 100-ге тарта шәкірті бар. Шә­кірттері еліміздің түк­пір-түкпіріндегі түрлі меди­цина­лық мекемелерде халықтың алғы­сына бөленіп жүр. Бұл – дәрі­гер үшін марапат атау­лының бәрінен де биік, ең үлкен мәртебе.

Алтын қолды дәрігердің сан салалы, ауыр қызметіндегі ең үлкен тірегі де, шабыт көзі де – берекелі шаңырағы. Аяулы жары Мақпал – өткен жылдары ірі корпорацияда аудит саласын басқарған білікті экономист, бүгінде бейнеттің зейне­тін көріп отырған асыл ана, ардақ­ты әже. Екеуі өсіріп-жеткізген перзенттері де қоғамнан өз орын­дарын тапқан білікті мамандар. Ұлы Бауыржан заң са­ла­сында жауапты қызмет атқа­рады, қызы Баян – банк сала­сының қызметкері. Бүгінде Нұр­лан дәрігердің Әмірлан, Әлихан, Әдина есімді сүйкімді немерелерінің қызығына тоймай, олардың әрбір жетісті­гіне балаша қуанып, бақытқа кенеліп отырған жайы бар.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар