Таным • Бүгін, 08:38

Арынғазы ханның ұрпақтары

11 мин
оқу үшін

Ақтау қаласының тұрғыны, зейнеткер дәрігер Әзірбай Жүрсінбайұлы Ораз Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейіне 1816­–1821 жылдары Кіші жүз ханы болған Арынғазы Әбілғазыұлының шөбересі Ғалиахметтің қызы Варвара мен оның анасы Нина Николаевнаның фотоальбомын табыстады. Фотосуреттерді Санкт-Петербург мемлекеттік университеті Тұнбалық геология кафедрасының доценті, Ресей ҒА Биология институты Ботаникалық музейінің жетекші ғылыми қызметкері, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Ресей ҒА жанындағы Палеонтология және орыс географиялық қоғамдарының толық мүшесі Сергей Михайлович Снигиревский сақтап келген.

Арынғазы ханның ұрпақтары

Арынғазы ханның дәрігер ұрпақтарын зерттеп жүрген Әзірбай Ораз ғалыммен 2022 жылдан бері байланыс жасап келеді. Былтыр маусымда Сергей Михайловичпен Санкт-Петербургте кездесіп, аманатты алды. Питерлік ғалым Әзірбайға «Егер альбомдағы деректер өңірдің тарихына пайдалы болып жатса, ризамын», деп хат жазып берген.

Қазақ хандығын құрған әз Жәнібек ұрпағы, Хиуа ханы Қайып ханның немересі, Батыр сұлтанның шөбересі – Арынғазы Әбілғазыұлы 1821 жылы Санкт-Петербургке шақыртылып, 1823 жылы Калугаға жер аударылады. Хан Калугада он жылдай айдауда жүріп, 1833 жылы тамызда 50 жасында қайтыс болды. Арынғазы ханның елде қалған жалғыз баласы Аймұхаммедтен Сапа (Сафа), Шайхыислам туған. Ғалиахмет Сафаұлы Қазан университетінің медицина факуль­тетінде оқыған, өте білімді, жанып тұрған жігіт еді. Бірақ оның тағдыры да бұралаңға толы болған. 1904 жылдың қыркүйек айында 5-курсқа ауысқан кезде Нина Николаевна Простосердова деген қызға үйленіп, шіркеуде некесін қидырып, православ дініне өтеді. Шіркеу оған Юрий Геннадиевич деген жаңа есім бергенімен, тегі Арынғазиев болып қала береді.

э

«Ресей мұрағатынан Ғали­ахмет Арынғазиевтің өмірбаянына қатысты мынадай деректерді таптым. 1905 жылы университетті аяқтап үлгермесе де, орыс-жапон соғысына әскери хирург ретінде жіберілген. Бірақ сол жылдың 23 тамызы (5 қыркүйегі) күні Портсмут бейбітшілік шарты орнап, соғыс қимылдары тоқтайды. Соғыстан оралған соң Сібірде жұмыс істеп, Никольск және Касли учаскелерінде уақытша емдеу жұмыстарымен айналысады. Дәрігерлік дипломын алған бойы, 1907 жылдың 24 қыркүйегінен Реж зауытында дәрігер-эпидемиолог, дәрігер, 1909 жылдан Алапаевск кен орнында дәрігер-эпидемиолог болып еңбек етеді. Одан Нижний Тагиль қалалық ауруханасына ауы­сып, 20 жыл тапжылмай еңбек еткен. Өмірінің соңғы кезеңінде Свердловск қаласында денсаулық сақтау басқармасы жанындағы емдеу-кеңес беру комиссиясында жұмыс істейді. Ғалиахмет азамат соғысына әскери дәрігер ретінде де қатысқан. Бұл туралы «Уральский врач» журналының 1922 жылғы №1 санындағы «Жаралыларға кешенді түрде көрсетілген хирургиялық көмек нәтижелері» атты мақа­ласында былай деп жазған: «Қызыл армия қызметінде бір жарым жылға жуық жұмыс істедім. Хирургиялық госпитальдердің бас дәрігері, аға ординаторы, ал азамат соғысының басында бүкіл Оралдағы жалғыз госпитальдің жалғыз дәрігері болуыма тура келді. Соғыс алаңынан 5-10-нан 100-200 және одан да гөрі көбірек верст қашық аумақтарда жұмыс істедім», деп жазған. Мақаланы оқи отырып аңғарғаным, Ғалиахмет адамның аяқ-қолы, ішкі құрылысы, кеуде қуысы мен бас сүйегіне (ми) әртүрлі күрделі операцияларды сәтті жасай білген», дейді хирург, медицина ғылымдарының кандидаты Әзірбай Жүрсінбайұлы.

Ғалиахмет елге келе алмайды. Өйткені басқа дінді қабылдағаны үшін ақсақалдардан қорыққан сияқты. «Ғалиахмет өзінің үл­кен атасы, қуғынға ұшыраған сұл­танның алыстағы тағдырын қайталады, – деп жазады ҰҒА құр­метті академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ә.Х.Досаханов. – Ол тек өзгерген түрде ғана болды. Хан Арынғазы ғұмырын отанына қайтып оралуды армандап өткізді. Алайда Калугада үй қамағын­да отырған оған еліне қайтар жол жабық еді. Ал Ғалиахмет Нижний Тагилге уақытша жер аударылғанымен, мерзімі біткен соң отанына қайтуына тыйым салынбады. Бірақ өмір бойы туыс­тарым кеудемнен итереді-ау деген қорқынышын жеңе алмай өтті». Бұған қосар сөз – ол Нижний Тагилге жер аударылған жоқ, өзінің жеке қалауымен барды.

Ғалиахмет Нина Просто­серо­вадан екі балалы болды: үлкені – Варвара, кішісі – Борис. Борис кеңес өкіметі жылдарындағы «қызыл террор» кезінде ату жазасына кесілген. Варвара Уфа қаласында нағашы апасы Вераның қолында мектеп бітіріп, Ленинград медицина институтына оқуға түсіп, 1931 жылы бітіріп шыққан. 1926 жылы Варвара әкесінің елін сағынып жүргенін көріп, «туыстарға барып келейік» дегенде, әкесі бара алмайтынын, ел-жұрты қабылдамайтынын айт­қанда, Варвара өзі барып келуге бел байлайды. Оған әкесі де қарсы болмай, елдегі туыстарына телеграмма жіберіп, қызы сол жылы Ақтөбеге келеді. Бір ай жатып, туыс­тарымен танысып, аунап-қунап қайтқан. Оның әкесінің немере туы­сы Калмалитденнің шақыруымен Қызылордада болатыны да сол кез. Камалитден Арынғазиев (1885–1943) қазақ елінің білім саласына қомақты үлесін қосқан азамат. Ақтөбеде тумаластарының арасында қонақтап жүрген немере қарындасы Варвараны үйіне шақыртып алатын кезде ол республиканың халық ағарту комиссары еді. Ол да Арынғазының ұрпағы болғаны үшін қуғынға ұшырап, Ярослав облысының Рыбинск қаласына жер аударылып, 8 жыл азапты өмір сүріп, жат жерде бақиға аттанды.

ж

1931 жылы дәрігерлік диплом алған Варвара Ғалиахметқызы Башқұртстанның Мәсәтлә ауданындағы (Мечетлинский район) Мәсәгут (Мясогутово) кеңшарына жіберіледі. Жалғыз ғана медпункті бар, адамы көп ауылда Вавара апай екі жыл жұмыс істеп, аурухана салуға шешім қабылдатады. Құрылыс басталғанда оның тастабанын құйдыртып барып, Мәскеуге ауысып кетеді. Фин соғысына әскери дәрігер ретінде шақыртылды. Одан кейінгі неміс-кеңес соғысына белсене қатысады. Қан майданда қолына тек скальпелін ғана емес, автомат та алып қырғынға қатысқан кездері де болған. Отан қорғау қасиетті міндетін медицина қызметінің майоры шенімен аяқтайды. Мәскеу қаласының бір ауданында денсаулық сақтау бөлімінің бас маманы, бөлім меңгерушісі болып қызмет істейді. Кейін туристерге арналған емхананың бас дәрігері болып ауы­сады. 1981 жылы жазушы Ғалым Ахмедов Мәскеуге келгенде, осы қаладағы танысы қаладағы бір емдеу мекемесін Арынғазиева деген қа­зақ қызы басқарып отырғанын айтады. Ғалым аға Варвара Ғали­ах­метқызын іздеп барып, танысады. Апай оны ықыласпен қарсы алып, үйіне қонаққа шақырып, әкесі және өзі туралы біраз мағлұмат береді. Соғыс кезін еске алып, майдандағы көптеген жаралы қазақ жауынгерін емдегенін айтады. Алматыға келген соң Ғ.Ахмедов «Қазақ әдебиеті» газетінің 17 шіл­дедегі санында «Елін іздеген қыз» деген мақаласын жариялайды. Осы мақала Ақтөбеде тұратын Роза Ахметшеқызы Арынғазиеваға көп ой салады. Көп уақыт өтпей ол немере туысын іздеп барып тауып алған. Роза Ахметшеқызы 1985 жылы Варвара апайымен бірге Калугаға барып, біршама машақаттанып, аталарының бейітін таба алмайды. Бірақ Калуга облыстық мұрағатындағы 700 беттен тұратын Арынғазы ханның ісін қарап шығып, көптеген мәліметтерді жазып алады. Варвара апай 1989 жылы Мәскеуде қайтыс болды.

«Өткен жылдың маусымында Мәскеуге барып, Донское қорымындағы Варвара мен анасы Нина Николаевнаның зиратын таптым. Екеуінің күлі 20-колумбария 24-секциясының бір қуысына бірге қойылыпты, оның бетін жапқан гранит тақтайшада: «Нина Николаевна 1884–1966, Варвара Юрьевна 1907–1989 Арун-Газыевы», деген жазу тұр. Қасымдағы екі жолдасыммен бірге марқұмдардың рухына Құран бағыштадық», дейді Әзірбай Ораз. Ол осы жолы Питерде Сергей Михайлович Снегировскиймен жолыққанында, геолог-ғалым Варвара екеуінің шешелері жақын туыс деп айтқан. Оның анасы Наталья Сергеевнаның шешесі Екатерина Вакуленко (тұрмысқа дейінгі фамилиясы – Снигиревская) Варвараның анасы Нинаның апасы Лидия Вакуленконың (тұрмысқа дейінгі фамилиясы – Простосердова) қайын сіңлісі болып шықты. Олардың арасында туысқандық байланыс тығыз болған.

Роза апайдың әкесі Ахметше Шайхыисламұлы Арынғазиев 1948 жылы немере ағасын іздестіріп, ВКП(б) Свердловск облыстық, Ниж­ний Тагил қалалық партия коми­теттеріне бірнеше рет хат жаз­ған. Ақыры Ғалиахметтің Свердловскіде қызмет етіп, 1946–1947 жылдың басында қайтыс бол­ғаны туралы жауап келген. Бірақ қай жерде жерленгені белгісіз.

Қазақтың алғашқы дәрігерлері туралы Ресей мұрағаттарында деректер баршылық. Тағдыр жазуымен жырақта өмір сүрген Арынғазы ханның ұрпағы Ғалиахметтің де тағдыры оған ұқсас еді. Ұлы Бористің не үшін қудаланғаны, сталиндік жүйе оған неліктен ату жазасын бергені де белгісіз. Көп сырды ішіне бүккен қайратты азамат жалғыз перзенті Варвараға үміт артқан. Әкесінен бала кезінен бастап естігендері құлағында қалған қыз соғыста жаралы қандастарына қолдан келгенше қамқор болды. Ақтөбеге алғаш әке аманатымен, кейін қартайған шағында келді. Арынғазы атасының зиратын табу үшін Калугаға аттанды. Өмірден өткенге дейін Роза апаймен байланыста болды. Тағдыр жазуымен, сая­сат ызғарымен елден жырақтаған қазақтың алғашқы дәрігерлерінің бірі – Ғалиахмет Сафаұлы мен оның жалғыз қызы Варвараның ғұмыры осындай болды. Олардан қалған жалғыз дерек – Мәскеуден жеткен альбом ғана...

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:10

Жеті вагонды сүйреген жігіт

Рекорд • Бүгін, 09:05

Ертіс суы азайып барады

Мәселе • Бүгін, 08:50