28 Маусым, 2016

Жесір ме, жер иеленген кесір ме?

321 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
кесир келинЕлімізге оралып жатқан қандастарымыз өз шама-шарқынша баспана тұрғызып алуда. Солардың қатарында Ермахановтар отбасы да бар. Әулет Алматы облысы аумағында өз кәсіптерін жасап, мекен ете бастайды. Алайда, сегіз қыздың ортасында өсіп жетілген екі ұлдың бірі қапелімде қайтыс болып кетеді. Күдік бауырларының азаматтық некедегі әйеліне түседі. Оның да өзіндік себептері жоқ емес. Редакциямызға хат жолдаған Алматы облысы Іле ауданы Түй­мебаев ауылының тұрғыны Гүлнара Ермаханова 2004 жылы Өзбекстанда әкелерінің жылдық асын беріп, Қазақстанға көше бас­тағандықтарын жазыпты. Ал­дымен әпкесі Пердегүл мен анасы Собық Қазақстанға көш басын тіреген. Көшпес бұрын анасы Қара­қалпақстандағы үйін күйеу баласы Әбдіғаппарға сенімхат беріп, 4000 долларға сатқызған көрінеді. Сол ақшаға Ұзынағаш ауылының тұрғыны С.Елеуовтен 0,1 гектар жер телімін сатып алыпты. Сатып алу мәмілесіне қатысты сөзінде Гүлнара былай дейді: «Шешеме жездем Ж.Дәулетбаев, С.Елубаев, С.Дәулетбаев және ағам П.Ермаханов келіп, С.Елеубаевтың жер учаскесін сатып алайық, деп үгіттеп жатыр екен. Көпшіліктің пікірін құп көрген шешеміз әпкем Пердегүлге ақшаны санап, сату­шыға беруін сұрады. Ал сату­шы­­ның әлі қазақстандық азамат­ты­ғы болмағандықтан, оның әйелі Қ.Абдибаеваның атынан сенім­хатпен сатылып, Ұзынағаш ауылы әкімінің шешімімен акт жа­салып, бас жоспар әзірленіп берілді». Айта кету керек, сатып алынған Саурық батыр көшесі 77А жер учас­кесіндегі үй іргетасының қа­лануына М.Есімбаев, А.Ерма­ханова, Б.Ермаханова, Ж.Ахметова, П.Ермаханов, С.Қожахметов, Ж.Ерма­ханова, Қ.Өтеев, П.Ерма­ханова, С.Алжанов және т.б. көмек­тесіпті. Артынан толық біткен үйде 2008 жылдың 28 қаңтарында шешелері Собық 76 жасында қай­тыс болады. Ал анасына қарас­қан Ж.Ермаханова отбасымен өз­дері салып алған үйге көшеді. Сонымен, баспана 2010-2011 жылдары қаңырап бос қалады. Үйдің алғашқы салығын марқұм аналары тірі кезінде, яғни 27.08.2007 жы­лы 650 теңге төлегені жөніндегі түбір­тек те бар екен. Даудың басы 2012 жылдың жазында бауырлары П.Ермаханов өзімен К.Байматованы ертіп әкел­геннен кейін басталады. Өзбек­станнан келген Камила ол жақтағы өз үйін 11 мың АҚШ долларына сатып, «Каспий банкіне» салып қойғандығын Пердебайға құлақ­қағыс етсе керек. Қалай болған күн­де Г.Ермаханова ағасы мен жең­гесінің аралары ұрыс-керістен арыл­мады дейді. Оның айтуынша, Камила күйеуін жамандауды дағдыға айналдырған. Содан не керек, 14.01.2014 жылы К.Байматова әулет мүшелеріне телефон шалып, П.Ермахановтың қатты ауырып жатқанын хабарлаған. Артынан оның жеңіл автокөлік астында жаншылып қалғаны белгілі болыпты. Қайғылы жағдай орын алған жерге алдымен полиция мен жедел жәр­дем қызметкерлері жетіп, жапа шегушіні ауруханаға алып кетеді. Бұлар жеткен кезде ағаларының көз жұмғанына 5-6 сағаттай өтіпті. Қапелімде бауырларынан айырылып қалған әулет мүшелері П.Ермахановтың денесін сараптамадан өткізбей, мұсылмандық салтқа жүгініп жер қойнына тапсырады. Алайда, естерін жиысымен, оның үстіне Камиланың іс-әре­кеттерінен «К.Байматова өлтіруі мүмкін» деген күдік туындапты. Оған себеп те жоқ емес сияқты. Гүлнараның айтуынша, ағасы тәжірибелі жүргізуші ретінде автокөлігін домкратпен көтеріп, астына тіреуіш қоймауы мүм­кін емес. Сол күні бала күтімі­мен отыр­ған әйелдің бес сағат­тай сыртқа шығып кетуі де күдікті көрінген. Бұдан басқа, мәйітханадан өлген бауырларының денесін алар кезде К.Байматова сол жердегі дәрігерге: «Сен кет! Удай массың, арақ ішіп алғансың», деп орынсыз айқай­ла­ған. Одан басқа, денені үйге алып келген кезде де К.Байматова 2-3 сағатқа сыртқа шығып кетіпті. Ту­ған бауырларын жерлегеннен кейін ап­таның әр бейсенбісі қара­шаңы­раққа туысқандары барып тұрыпты. Біраз өткеннен кейін К.Байматова күйеуі жағын үйге кіргіз­бей тастаған. Ал осы кез қаза болған күйеуінің інісі жеңгесімен бірге тұрып келіпті. Сонымен не керек, әулет мүшелері өздеріне тие­­сілі жер аумағын кері қайтарып ал­мақ ниетімен нотариусқа жүгініп, Жамбыл аудандық сотына талап арыз беріп, К.Байматованың заңсыз иелігіндегі жерді талап еткен. Сот оты­рысы кезінде К.Байматованың баласы Нұрсұлтанның әкесі Перде­бай Ермаханов деген тууы туралы куәлік бар екені анықталып отыр. 20.11.2014 жылы Алматы об­лыс­тық сотында 28.04.2014 жылы Жамбыл аудандық сотының П.Ер­махановты К.Байматова баласының әкесі деп тану туралы шешімі бар­лығы белгілі болады. Осы орай­да Г.Ермаханова: «Бауырлары болсақ та, бұл жайлы жеті ай бойы неге білмедік?», деген танданыстарын да жасырмайды. Сондықтан да 20.11.2014 жылғы облыстық сот қаулысының және Жамбыл аудандық соты шешімінің күшін жою туралы талап арыз береді. Оның үстіне Собық Молдабаева 700 АҚШ долларына жер сатып алғандығы туралы қолхат та табыла кетеді. Алматы облыстық сотының 31.03.2016 жылғы қаулысында былай делінеді: «...бұл жайттар арызданушы бұзуды сұрап отырған сот шешімін қабылдаған кезде мәлім болған және сот шешімінде бұл жайттарға қатысты баға берілген. Ал арызданушының сөз болып, сот­қа ұсына алмауы оның іс жүр­гізуіне олқылығы болып табылады». Алайда, Г.Ермаханова сот шешімі 20.11.2014 жылы шыққан­да қолхат әлі табылмағандығын, сондықтан сот тарапынан бұған баға берілмегендігін алға тартып отыр. Олай болса, сот ұйғары­мы­ның уәждеу бөлігіндегі «арыз­данушының қолхатты жоғалтып алып, сотқа ұсына алмауы оның іс жүргізу олқылығы болып табы­лады», деп жазылуы заңмен қа­быс­пай тұрғандығына назар аударт­қан. Жоғарғы Соттың «Аза­­маттық істер бойынша сот акті­лерін жаңадан ашылған мән-жай­лар бойынша қайта қарау­дың кейбір мәселелері туралы» 25.12.2007 жылғы №12 нормативтік қаулысының 10-тармағында былай көрсетілген: «Тараптың қойыл­ған талаптарға негіздеме ретінде дәлелдемелер бермеуі, не талапқа қарсы арыз бермеуі, не тарап бас­қа тараптағы немесе үшінші тұл­ға­дағы дәлелдерді талап етуге көмек көрсету туралы өтінішті сотқа бер­меуі іске қатысушы тұлғаның іс жүр­гізу олқылықтары болып табы­лады. Мұндай іс жүргізу олқы­лық­тары заңды күшіне енген сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарауға негіз болып табылмайды», деп көрсетілген. Г.Ермаханова қолхат басқа тараптарда болмаса «мен олардан талап етуге көмек көрсету туралы өтінішті сотқа қалай бермекпін?», деп уәждің қисынға келмей тұрған­дығын айтады. Азаматтық про­цестік кодекстің 427-бабы 2-тар­­мағының 3-тармақшасына сәйкес егер сот заңды дұрыс түсін­дір­месе, материалдық құқық нор­ма­­лары бұзылған немесе дұрыс қол­данылмаған деп есептеледі емес пе? Жоғарыда аталғанның негізін­де АПК-нің 451-бабы 2-тармағы 5-тармақшасы бойынша Алматы облыстық сотының 31.03.2016 жылғы ұйғарымының күшін жо­йып, жаңадан қарауға жіберуді ұсынып отыр. Бұл ретте жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты Алматы облыстық сотына алғаш рет арызданып, жалғыз дәлел – Қ.Абдибаеваның қолхаты беріліпті. Ол қолхат жоғала жаздап, адвокат арқылы кері қайтарылған. Г.Ермаханова қолхаттан өзге де мән-жайларға назар аудартады. Оның пайымынша, К.Байматова баласы Нұрсұлтанға жалған туу туралы куәлік жасатуы да мүмкін екен. Сондықтан да Алматы облысы Жамбыл ауданының ішкі істер бөліміне шағымданыпты. Ішкі істер бөлімінің басшысы полиция подполковнигі Т.Беркінбаевқа жаз­ған арызында Гүлнара ағасының К.Байматовамен азаматтық некеде болғандығын, ал сот інісінің жауаптары арқылы толық дәлелденгендігі туралы жазғандығын атап көрсет­кен. Қаперге сала кетейік, К.Бай­матова өзінің талап арызында П.Ер­ма­ханов­пен 2003-2004 жылдар ара­лы­ғында бірге тұрғанын, араларын­да Нұрсұлтан Пердебайұлы Бай­матов деген ұлдың 26.07.2007 жы­лы туылғандығын жазған болатын. Гүлнараның сөзіне қарағанда, аға­сы Пердебай бірінші әйелі Ж.Ах­метовадан ажырасып, 2012 жылы ғана К.Байматовамен танысып, Өзбекстаннан көшіріп алдырыпты. П.Ермаханов қайтыс болғаннан кейін үйді иелену үшін Камила екінші ағасы Қойлыбаймен бірге тұрып, оны сотқа мүдделі тұлға ретінде куә етіп апарған көрінеді. Сондықтан апалы-сіңлілі әулет мүшелері Н.Байматовтың сотқа ұсын­ған туу туралы куәлігінің заңды­лығына күдіктері барлығын да жа­сырмайды. Өйткені, куәлік тек бір тілде, яғни орыс тілінде тол­ты­рылыпты. Ал мөріндегі жазу өзбекше. АХАЖ меңгерушісінің аты-жөні болғанымен қолы қойыл­маған. Куәлік 30.07.2004 жылы Таш­кент қаласында берілсе, аға­сы­ның бірінші әйелінен туған Салтанат атты қызға берілген туу туралы куәлік өзбек тілінде толтырылып, Ташкент вилаятинің Чирчик қала­сын­да туылғандығы жөніндегі АХАЖ меңгерушісінің қолы қойы­лып, мөрмен бірге штамп та ба­сыл­­ған. Қалай болған күнде біз Жам­был аудандық сотында талап­кер ретіндегі К.Байматованың сөзін де бергенді жөн көрдік. Ол өз сөзін­де былай дейді: «2005 жылы мен жауап­керден Жамбыл ауданы Ұзын­­ағаш ауылы, Саурық батыр көше­­сіндегі №77-а учаскесіндегі 0,1000 га. жерді 700 АҚШ долларына сатып алдым. Ол туралы жауапкер өз қолымен қолхат жазып берді. Жердің тек әкімшіліктің шешімі болған, ал мемлекеттік актісі жоқ еді. Сондықтан оның бар­лық құжаттарын жасау үшін жауап­кер маған нотариалдық сенім­­хат берді». Алайда, К.Бай­матова жолдасы қайтыс болған­нан кейін Қ.Абдибаеваның сенім­хат­­тарын кері қайтарып ал­ған­ды­ғы­на шағымданыпты. Бұн­дай сенімхат жер телімін сатушы Құралай Абдибаева тарапы­нан Собық Молдабаеваға да беріл­ген­дігін, алайда, ол тек сот шешімі шыққаннан кейін ғана табылып отырғандығын жоғарыда атап кеттік. Сондай-ақ, П.Ермахановтың бауыры Қойгелдінің 2003 жылдан бастап бауыры П.Ермаханов пен К.Байматова азаматтық некеде болғандығын, екеуіне ортақ Нұрсұлтан атты баланың 2004 жылы туылғандығын растайды. Бұл тұрғыдан келгенде Қойлы­бай Құдай­бергеновтің мүд­делі тұлға ретіндегі сотта куәлік беруі қан­­ша­лықты әділдікке жа­қын дей ала­­мыз. Олай дейтін себебі­­міз, Г.Ерма­ханова оның К.Бай­матова­­мен бірге тұрғандығын ай­тып отыр. Орайы келгенде сот П.Ер­ма­­ханов­тың бұ­рын­ғы әйелі Жәми­ла Ахмед­ова­дан 2012 жылы ажырас­қан­ды­ғын да қаперге алғаны жөн сияқты. Қорыта айтқанда, сот тарапынан осы сенімхаттардағы жазбалар мен қолтаңбаларға сараптама жасалып, оның жазылу уақыты нақты анықталғанда ғана мәселенің мән-жайы ашыла түсетіні анық. Және де ортадағы Нұрсұлтан атты баланың биологиялық әкесі кім екендігін анықтау үшін ДНК-тест жүргізуді де орынды санаймыз. Сонда ғана кімнің кім екені анықталатыны айтпаса да түсінікті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»