Білім • Бүгін, 08:13

Жас таланттың ізденісі

2 мин
оқу үшін

Астанадағы Нұра ауданында орналасқан Назарбаев зияткерлік мектебінде «InnovArt: Болашақ өнері» атты желілік арт-фестивалі өтті.

Жас таланттың ізденісі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Биыл байқауға еліміздің әр өңі­рінен келген 242 оқушы қатыс­ты. Сондай-ақ «21 NIS мек­тебі» мен «International Steppe School of Astana» мектебі де бақ сынады. Мазмұнды іс-шара шымылдығын дәстүрлі әнші, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор Қайрат Байбосынов ашты.

Фестиваль мюзикл, әлеуметтік бейнеролик, Sand Art және қолөнер бағыттары бойынша өтті. Мәселен, мюзикл шартын­да оқушылар өнер мен технологияны шебер үйлестіріп, жасанды интеллектіні пайдалану арқылы сахналық қойылымдар ұсынды. Сонымен қатар қазақ халық ертегілері, аңыздары және классикалық шығармалары да заманауи үлгіде көрініс тапты.

Әлеуметтік бейнероликтерде оқушылар қоғам алдындағы жауапкершілік, еріктілік, аза­маттық белсенділік пен адамгер­шілік құндылықтарды арқау етіп, өз ойларын жаңа форматта жеткізе білді.

Ал «Sand Art» бағытында жас та­­ланттар «Зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап» жобасына енген шығармаларды құм бетінде бейнеледі. Салынған әр туынды белгілі бір оқиғаны ­баяндап, әдеби туындыларды жаңа қырынан танытты. 

Жобаға қатысушы Назым Әлімбекова құмға сурет салу өнерімен алғаш айналыса баста­ғанда, оның құпиясын аңдай ал­ма­ған. Алайда уақыт өте келе ол бұл өнер­дің ерекше қырын танып, ер­кін­дік пен шабыт алғанын айтады.

Ал қолөнер бағыты ұлттық құндылықтар мен шеберлікті көрсететін алаңға айналды. Қа­ты­сушылар ағаштан, матадан, те­рі­ден, саз балшықтан, моншақтан жасалған бұйымдар­ды ұсынып, ұлтымыз­дың бай мәдени мұрасын дәріп­теді. Кес­те тігу мен канзаши техникасын­да орындалған жұмыс та көпші­ліктің қызығушылығын тудырып, жастардың таланты мен шығармашылық ізденісін айқын көрсетті. «Мен үшін бұл арт-фестиваль тек қана еліміздегі NIS мектептері тоғысатын шара ғана емес, бірлік пен ынтымақтастық ны­ғаятын орта. Сонымен қатар бала­лардың қабілетін ашуға, өз өне­рін көрсетуге мүмкіндік бе­ре­тін шығармашылық алаң», дейді 7-сынып оқушысы Саят Химеденов.

Байқау қорытындысында әр бағытта үздік жұмыстар анық­талып, жеңімпаздарды өнер майталмандары марапаттады.

 

Фариза ІЗБАСАРОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті

Соңғы жаңалықтар