Сұхбат • Бүгін, 07:55

Ербол Жолданғар: Өзгеріс тиімділігімен бағаланады

6 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет – ел дамуының негізгі тетіктерінің бірі. Сондықтан бұл саланы заман талабына сай жетілдіру, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеру – әрдайым мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының қатарында. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан реформалар мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашып келеді. Жуырда Мемлекет басшысы қол қойған жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң да осы бағыттағы маңызды әрі жүйелі қадамдардың бірі. Аталған құжат мемлекеттік қызмет саласын одан әрі жаңғыртып, ашықтық, әділдік және кәсібилік қағидаттарын күшейтуге бағытталған. Осы орайда жаңа заңның негізгі жаңашылдықтары мен оның мемлекеттік қызмет жүйесіне әкелетін өзгерістері туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бо­йынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ербол ЖОЛДАНҒАРМЕН сұхбаттасқан едік.

Ербол Жолданғар: Өзгеріс тиімділігімен бағаланады

– Ербол Қабдығалиұлы, мем­лекеттік қызмет туралы жаңа құ­жаттың басты мақсаты қандай?

– Өздеріңізге мәлім, 2026 жыл­­дың 19 мамырында Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев «Қазақстан Респуб­ли­­ка­сының мемлекеттік қыз­ме­ті туралы» заңға және «Қа­зақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне мем­лекеттік қызмет мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын.

Аталған заңдар Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жыл­дарға арналған тұжырым­дамасы негізінде әзірленіп, Мем­лекет басшысының мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетіл­ді­руге қатысты тапсырмаларын іске асыру мақсатында қабылданды.

Құжаттың негізгі мақсаты – мем­лекеттік қызметтің тиімділі­гін арттыру, азаматтарға бағдар­лан­ған сервистік модельді қалып­тастыру, мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейін күшейту және кадрлық үдерістерді толық цифр­ландыру. Жалпы алғанда, заң мемлекеттік қызмет жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған.

– Заңда мемлекеттік қыз­меттің миссиясы мен қағи­дат­тарына ерекше назар ауда­рыл­ғаны айтылып жүр. Бұл нені білдіреді?

– Бұған дейін мемлекеттік қыз­метті құқықтық реттеу көбіне ең­бек қатынастары шеңберімен шектеліп келді. Ал оның миссия­сы, қоғамдық мәні мен стра­те­гиялық рөлі құқықтық тұрғыда нақты айқындала бермеген еді.

Жаңа заң осы олқылықтың орнын толтырып, мемлекеттік қызметтің ұлттық басымдық­тар­ды іске асыратын негізгі институт ретіндегі мәртебесін нақты бекітеді. Осы мақсатта заңда мемлекеттік қызметтің мақсаты, оны өткеру қағидаттары, сондай-ақ мемлекеттік қызметші­лер­ге, олардың лауазымдық міндеттеріне қойылатын талаптар жүйеленген.

Бұған дейін бұл нормалар әртүрлі нормативтік-құқықтық актілерде шашыраңқы түрде кө­рініс тапса, енді бір құжат аясын­да нақты әрі үйлесімді түр­де айқындалып отыр. Бұл мем­лекеттік қызметтің қоғам алдын­дағы жауапкершілігін күшейтіп, кәсіби қызметті біріздендіруге мүмкіндік береді.

– Азаматтарға бағдарланған сервистік модель туралы айтып өтсеңіз.

– Қазір мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі олардың халықтың сұранысына қаншалықты жедел әрі сапалы жауап бере алуымен өлшенеді. Осыған байланысты заңда мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарланған мінез-құлық моделін енгізу көзделген.

Қалыптасып жатқан құқық­тық негіздің басты бағыты – мем­лекеттің азаматпен өзара іс-қи­мылында адамға бағдарланған тәсілді күшейту. Бұл тұрғыда «Мемлекет адам үшін емес, адам мемлекет үшін» деген ұста­нымның жаңа мазмұнмен жаңғырғанын атап өткен жөн.

Мемлекеттік қызметтерді көр­сету барысында әкімшілік, цифрлық және құқықтық кедергі­лер­ді азайтуға бағыттал­ған бірқатар түзетулер қарастырыл­ған. Бұл қызмет көрсету сапасын арттырып, оны азаматтарға қолжетімді әрі түсінікті етеді.

– Ал жастарды мемлекеттік қызметке тарту бағытында қан­дай өзгерістер бар?

– Иә, жаңа заң кадрлық сая­саттың жаңа стандартын қалып­тастыруды көздейді. Осыған байланысты жас әрі талантты мамандарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында мемлекеттік қызметке кіруге алдын ала даярлау институты енгізіліп отыр.

Бұл тетік мемлекеттік басқару жүйесіне қажетті құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған білім беру және практикалық іс-шаралар кешенін қамтиды. Ол мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі кезеңді қамтып, жастардың мем­лекеттік қызметке жүйелі түрде бейімделуіне мүмкіндік береді.

– Мемлекеттік қызметке қызығушылық танытқан азаматтарға іріктеу рәсімінің ашықтығы маңызды. Осы тұрғыда іріктеу жүйесі қандай өзгерістерді көздейді?

– Ең маңызды өзгерістердің бірі – конкурстық рәсімдердің толық цифрлық форматқа көшуі. Енді кандидаттарды іріктеу «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Бұл шешім іріктеу үдерісінің ашықтығын, объективтілігін, қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар адам фак­торының ықпалын барынша азайтып, конкурсқа қатысушыларға тең мүмкіндіктер қалып­тастырады.

– Мемлекеттік қызметте талантты мамандарды тартумен қатар, олардың кәсіби дамуы мен мансаптық өсуіне жағдай жасау да маңызды. Жаңа заңда бұл бағытта қандай тетіктер қарастырылған?

– Заңда «Б» корпусы мем­лекет­тік қызметшілері үшін лауа­зымдық деңгейге байланысты еңбекақы мөлшерін айқындай отырып, бір лауазым шеңберінде көлденең мансаптық өсу тетігін енгізу көзделіп отыр.

Бұл тәжірибелі мамандардың әлеуетін тиімді пайдалануға, олардың еңбегін әділ бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар еңбекақы жүйесін мансаптық өсу логикасымен үйлестіру бір лауа­зым ішінде кәсіби дамуға қо­сымша ынталандыру қалып­тас­тырады.

– Заңның жалпы маңызын қалай бағалайсыз?

– Бұл заң мемлекеттік қыз­мет жүйесін сапалық жаңа дең­гейге көтеруге бағытталған кешен­ді құжат деп айтуға болады. Ол мемлекеттік аппарат­тың тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың мем­лекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Заңда көзделген жаңашыл­дықтар мемлекеттік қызметтің ашық, әділ, кәсіби және азамат­қа бағдарланған моделін қалып­тастыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қыз­меттің дамуы – ел дамуының ке­пілі. Сондықтан жаңа заң­ның­ тиімді іске асырылуы мем­лекет­тік басқару сапасын арттырып, аза­маттардың әл-ауқатын жақ­сар­туға өз үлесін қосады деп сенеміз.

 

Әңгімелескен –

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:10

Жеті вагонды сүйреген жігіт

Рекорд • Бүгін, 09:05

Ертіс суы азайып барады

Мәселе • Бүгін, 08:50