28 Маусым, 2016

Өзара сенімнің жоғары деңгейін көрсеткен съезд

235 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
100-590Кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Мәскеуде өткен «Единая Россия» партиясының XV съезіне қатысты. Мұхтар Құл-Мұхаммед «Еди­ная Россия» партиясының бас­шылығына «Нұр Отан» партия­сының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан құттықтау хат­ты табыс етті. Өзінің құт­тықтау хатында Мемлекет басшы­сы съезд делегаттары мен қонақ­тарына ыстық ықыласын жолдай отырып, Қазақстан мен Ресей халықтарын ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық тура­лы келісіммен бекітілген стра­тегиялық серік­тестікті дәйек­ті түрде дамытып отырған дос­тық пен ынты­мақ­тастықтың сан ғасырлық бауырлас қарым-қаты­насы байланыстыратынын жет­кізген. Еуразиялық экономи­калық одақтың серпінді дамуы Қа­зақстан мен Ресей ара­сындағы өзара сенімнің жаңа деңгейін көрсетеді. Нұрсұлтан Назарбаев: «Екі елдің билеуші партиялары: «Нұр Отан» мен «Единая Россия» ара­сындағы өзара тығыз байланыс Қа­зақстан-Ресей қарым-қатынасын одан әрі нығайтатын маңызды тетік болып табылады. Жетекші сая­си күштер арасындағы үнқатысу – Қазақстан мен Ресейдің барлық саланы қамтитын серіктестігінің салмақты факторы. Біз ресейлік әріптестерімізбен көпқырлы және сындарлы ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға, партияаралық байланысты жан-жақты кеңейтіп, тереңдетуге ниеттіміз», – деп атап өткен. «Нұр Отан» партиясы Төраға­сының бірінші орынбасары Ресей астанасында бірқатар екіжақ­ты кездесулер өткізді. Атап айт­қан­да, Мұхтар Құл-Мұхаммед Ре­сей Федерациясы Мемлекеттік Ду­ма­сының төрағасы Сергей Нарыш­­кинмен және «Единая Рос­сия» партия бюросы жоға­ры кеңе­сінің төрағасы Борис Грыз­лов­­пен кездесіп, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев көрсетіп берген «Нұр Отанның» алдындағы жұмыстардың басым бағыттары жөнінде айтты. Өз сөзінде партия Төрағасының бірінші орынбасары Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясына, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына, «Нұрлы Жол» кең ауқымды бағ­дарламасына, сондай-ақ, «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі мен Ұлы Жібек жолын жандан­дыру мәселесіне, Мемлекет бас­шы­сының «Үлкен Еуразия» құру сынды қоғам назарына ілінген халықаралық бастамаларына ерекше көңіл бөлді. Өз кезегінде ресейлік әріптестер Нұрсұлтан Назар­баевтың Санкт-Петербургтегі халықаралық эко­­­но­микалық форумда және Таш­­­кент­тегі ШЫҰ-ның самми­тінде сөй­леген сөздерінің ерекше маңыз­­дылығын атап өтті. Өзбек­стан астанасындағы басқосу­да Қазақ­стан басшысы Шанхай ынты­мақтастық ұйымына төрағалық ету құқын қабылдап алғанын айта кеткен жөн. Кеше Мұхтар Құл-Мұхаммед Жапония либерал-демократиялық партиясының бас хатшысымен де кездесті. Казунори Танака өз елі­нің парламентіне жеті мәрте сай­ланған. Сондай-ақ, ол бүгінде Жа­понияның билеуші партиясының сайлауалды штабын басқарады. Келіссөз барысында Казунори Танака Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы айрықша рөліне және оның халықаралық аренадағы жоғары беделіне тоқталды. Мәскеуде Қазақстан-Ресей серіктестігінің ерекше мәртебесі ескеріліп, съездің ашылуына орай өткізілген салтанатты кездесуде Ресейге келген барлық отыз шетелдік партия делегациялары атынан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарына сөз берілгенін атап өткен жөн. «Егемен-ақпарат»