22 Қыркүйек, 2016

Бизнестің жабылып қалмауына жол ашады

224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Отандық кәсіпорындарды банкрот деп танылғаннан кейін де жабылып қалудан аман сақтап қалу мүмкіндіктері бар. Мұндай мүмкіндіктер «ҚР кейбір заңнамалық акті­ле­ріне оңалту және банкроттық мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында қарас­ты­рылған. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы заңның тиімді тұстары сөз болды. Қазіргі таңда елімізде банкрот болудың алдында тұрған кәсіпорындардың жалпы борышы 286 миллиард теңгеден асып жығылады екен. 2 мыңға тарта кәсіпорын осындай қиын жағдайға тап болған. Жыл басынан бері 9 ай ішінде 2 247 кәсіпорын банкрот болып үлгерген. Ал жоғарыда айтылған заң оларды тарап кетуден сақтап қалуға жол ашып отыр. Бұл шара экономикалық дағдарыс кәріне мінген тұста жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары мен жұмыс орындарын сақтап қалу үшін қолға алынғаны түсінікті. – Заң бойынша, борышкерге кредитормен мәмілеге келіп, қарызын қайтару жолдары мен мерзімін келісуге болады. Сондай-ақ, банкрот болған кәсіпорынды сатуға және меншік иесін ауыстыруға да мүмкіндік бар, – дейді Қаржы ми­нистрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Салық департаментінің директоры Ерлан Нұрланбаев. Оның айтуынша, борышкер мен кредитордың бітімге келуі үшін келіссөз жүргізуіне  2 ай уақыт беріледі. Осы кезеңде борышкерге айыппұл салу, бере­шектері үшін сыйақы есептеу тоқтатылады. Тағы бір айта кетер­лігі, екі тараптың бітімге келуі үшін қойылатын басты талаптардың бірі – жұмыскерлерге берешек еңбекақы алдын ала то­лықтай өтелуге тиіс. Заңға тиісті өзгерістер ен­гі­зілмей тұрған кезде сотта қара­латын банкроттық рәсімдер­дің жартысына жуығы үш айға дейін созылған екен. Тіпті әрбір оныншы іс бір жылға дейін қаралыпты. Жаңадан енгізілген өзгерістердің арқасында бұл мерзім 2 аймен шектеліп отыр, яғни, уақыт үнем­деуге жол ашылды деуге болады. Әлемдік экономикада орын алған күрделі ахуал Қазақстан нарығына да әсер етіп жатқа­ны белгілі. Бүгінгі таңда несие берушілердің алдындағы міндеттемесін орындай алмай, қиын жағдайға тап болған бизнес нысандары аз еместігіне осы брифингте көз жеткіздік. Соған қарамастан, кәсіпкерлер жұмыс істеп тұрған бизнесін сақтап қалуға ниетті екені түсінікті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының аясында әзірленген заң кәсіпкерлер­ге осы мүмкіндікті ұсынып отыр. Мемлекеттік кірістер комите­ті қазір оны отандық бизнес өкіл­деріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»