22 Қыркүйек, 2016

Ескерусіз қалмаған ерлік

297 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
 img_8495Қайнижамал әжей көрші елдің Қазақстандағы елшілігі өкілдерінің әкесінің «Қызыл Жұлдыз» орденін тапсыруға арнайы келе жатқанын естіп, жүрегі жарылардай қуанған. Бүгінде Тәшім Шәріповтің 6 ұл-қызынан 30 немере, 33 шөбере, 12 шөпшек өрбіп отырса да, кейуананың ерекше толғанатын себебі бар. Былтыр өңірде жарық көрген «Жеңіс солдаттары» атты екі томдық кітапты парақтап отырып, әкесінің аты-жөнін кездестірмегеніне қатты налыған. Совет ауданы /қазір Аққайың/ Добровольское елді мекенінің тумасы соғыстың алғашқы күндерінен майданға аттанып, 361-ші атқыштар дивизиясының 394-ші атқыштар полкінің құрамында жауға қарсы атой салған. Неміс басқыншыларынан Украина, Молдова, Румыния, Польша елдерін азат етуге қатысып, небір қанды жорықтарды бастан кешкен. Осының өзі от пен оқтың арасында күн-түн қатып жүрген майдангердің ерлік жолдарын айғақтап тұрған жоқ па? Ал кітапты құрастырушылардың мәселенің мәнісін соғыс ардагерінің есепте тұрмағанымен түсіндіргеніне күлерсің бе, жыларсың ба? Анасының тілегін екі етпеген үлкен ұлы интернет арқылы іздестіргенде қай жерде, қандай майданда шайқасқанына дейін тауып алады. Жинақталған деректер аудандық қорғаныс ісі жөнін­дегі басқармаға беріледі. Бірде Ресей Федерациясының елшілігінен телефон соғылып, кезінде белгісіз мара­патқа ұсынылғанын, алайда белгісіз себептермен тапсырылмай қал­ғанын хабарлайды. Бұл жағымды жаңалық мұндағыларды төбелерінен жай түскендей әсерге бөлейді. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген тәубешіл халықпыз ғой. Сөйтсе, фашис­терді ұясында талқандағаннан кейін жас жауынгер өзгелермен бірге Қиыр Шығысқа аттанған. Бұл туралы туған-туыстары білмеген, кейін марқұм да тіс жара қоймаған. Жапондармен жан алысып, жан беріскен ұрыста қазақтың қыран жігіті арыстанша арпалысқан. Жаңбырша оқ себелеп тұрған пулеметтің үнін өші­ріп, қаруластарын қоян-қолтық айқасқа бастап шыққан. Осы көзсіз ерлік жауынгерлік жоғары атаққа ұсынылған. Ресей Федерациясының Қазақ­стандағы елшілігінің баспасөз хатшысы Юлия Лазовская Екінші дүниежүзі­лік соғыста ерен ерліктің үлгісін көрсет­кен Тәшім Шәріповтің «Қызыл Жұлдыз» орденінің куәлігін 71 жылдан кейін ту­ған-туыстарына салтанатты жағ­дайда табыс етті. Ерлік өшпейді, ер ұмытылмайды деген осы. – Әкеміз сол жолы ауыр жарақат алып, госпитальда жарты жылдай емделген. Бір көзі мен қолынан айырылған оны елге мейірбикелер жеткізіп салған. Бар-жоғы 48 жасында өмірден озды. Мен ол кезде екі айлық шақалақ еке­н­мін, – деп Қайнижамал апай асқар тау панасы жайлы тебірене еске алды. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ