23 Қыркүйек, 2016

Жәнібек Әлімханұлы Токио Олимпиадасына дайындалады

225 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
22-09-16-alimhanuluҚазақстандық белгілі боксшы Жәнібек Әлімханұлы Рио-де-Жанейро Олимпиялық ойындарынан кейін өзін кәсіпқойлар рингінде сынап көруге бел байлапты. Бұл жаңалықты жалпақ жұртқа былғары қолғап шеберінің жеке жаттықтырушысы Мұрат Сихымбай жеткізді. – Жасыратыны жоқ, Олимпиададан кейін Жәнібектің көңіл күйі бола қоймады, – деді бапкер кеше біз арнайы хабарласқанымызда. – Сон­дай көңілінің хошы болмай жүрген күн­дерінде оған кәсіпқойлар рингінде бағын сынап көру жөнінде ұсыныс түсті. Біз сосын әрі-бері ойласа келіп, ұсынысты қабыл алғанды жөн көрдік. – Бұл біржола кәсіпқойларға кетеді деген сөз емес шығар? – Жоқ. Алдағы Олимпиадаға дейін әлі төрт жыл бар. Соған дейін мұнда да шама-шарықты көріп, тәжірибе толыстыра түсу керек болып тұр. Бір жағы, бұл әуесқой бокстан аздап тыныс алу да болып табылады. Екіншіден, шәкіртім өзін басқа қырынан, басқа салада көргісі келді. Мен оның мұнысын құптаймын. Ал Алла жазып жатса, Токионың алдында әрекет жасап, лицензия алып, Олимпиадаға қайта қатысуға әбден болады. – Жәнібек бұл сында аса қатты тосыла қоймас. – Мен де солай ойлаймын. Негізінде, Жәнібек – өте күшті жігіт. Оның 23 жасына дейін әлемнің де, Азияның да чемпионы болып үлгергені бекер емес. Рас, Олимпиялық ойындарда алға қойған мақсаты орындалмай қалды. Дегенмен, бұл сәтсіздікте біз оған қолдау көрсеттік. Мұнымен өмір тоқтап қалған жоқ. Алда алатын әлі талай асу бар деп білемін. Жәнібек Рио рингінде үш шайқас өткізді. Ол 1/16 финалдық айқаста британиялық Энтони Фоулерді, 1/8 финалда алжирлік Ильяс Абадиді ұтты. Алайда, ширек финалда қазір Әзербайжан намысын қорғайтын бұрынғы қазақстандық Камран Шахсуварлыдан ұтылып қалды. Жәнібек Әлімханұлының кәсіпқойлар шаршы алаңындағы алғашқы жекпе-жегі 29 қазан күні Алматыда болатын бокс кеші шеңберінде өткелі тұр. Қазірге дейін оның дебюттік жекпе-жегі кіммен өтетіні де белгілі болды. Ол – 28 жастағы колумбиялық Милтон Нуньес. Орта салмақта сынға түсіп жүрген Нуньес бұған дейін кәсіпқойлар рингінде 50 кездесу өткізіп, солардың 33-інде жеңген, 29-ын нокаут­пен аяқтаған, тағы 16 шайқасында жеңіліс тапқан, бір жекпе-жекті тең бітірген. Сол күнгі басты шайқас қазақстандық Қанат Ислам мен WBA Fedelatin нұсқасының бірінші орта салмақтағы чемпионы, ганалық Патрик Аллотей арасында өтеді.  Руслан ИГІЛІК