23 Қыркүйек, 2016

Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапарымен келді

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
kokshetau Елбасы Көкшетау қаласына жұмыс сапары аясында «Қазақстан агро инновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, ондағы құрастыру үдерісімен және шығарылатын техника үлгілерімен танысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысы жұртшылығы өкілдерімен кездесті. Кездесуге ардагерлер, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және жастар ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ бизнес қоғамдастығының өкілдері қатысты. Қазақстан Президенті жиналғандарға арнаған сөзінде Тәуелсіздік жылдарында мемлекет тұрақты экономикалық өсім мен жоғары әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз ете алғанын атап өтті. – Бүгінгі таңда Қазақстанға келген инвестиция көлемі 250 миллиард АҚШ долларынан асты. 1995 жылдан бері қазақстандықтардың табысы 40 еседей өсті. Тұрғындар әл-ауқатының артуы өмір жасының ұзақтығын 67-ден 72 жасқа дейін ұзартуға мүмкіндік берді. Бала туу өсімі – 60%. Бұл орайда балаларға төленетін жәрдемақы өсімі 7 еседен асты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті облысты экономикалық тұрғыдан әртараптандырудың басты қайнар көзі аграрлық сектор екенін атап өтті. – Астананың бір ғана азық-түлік белдеуі аясында 100-ден астам жобаны жүзеге асыру үшін 85 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Соңғы 15 жылда 10 мыңнан астам жаңа трактор, астық жинайтын комбайн мен егін егетін кешен сатып алынды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұған қоса, Мемлекет басшысы өңірдің туристік саласын дамыту қажеттігін атап айтты. – Жыл сайын облысқа жүз мыңнан астам турист келеді, оған Шортанды-Бурабай курорты аймағына мемлекеттік қолдау көрсетілгені де септігін тигізіп отыр. Келер жылы жазда Астанада маңызды тарихи шара – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Оған 100-ден астам елдің өкілдері қатысады. Олардың көбі Астанаға ғана емес, осы өңірдің туристік нысандарын да тамашалауға келеді, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.