29 Қыркүйек, 2016

Сұранысқа ие маманды қымбат оқу ғана дайындай ма?

356 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
tekhnikҚазақтың балалары неліктен шетінен бай-манап болуға ұмтылады. Әртүрлі жолмен оқуға түседі де оны бітіргесін беделді жұмысқа тұруы үшін тағы да таныс-тамыр іздеп, «әке-көкелеп» жүретіні бар. Мысалы, әр жылы мектеп бітіруші түлектерді сөзге тартып, қандай оқуға түсуге талаптанып жүргенін сұрай қалсаң, міндетті түрде заңгер, эконо­мист, мемлекеттік басқару, менедж­мент, мұнай саласы мамандықтарын мең­гер­гісі келетінін айтады. Бұған бір жағынан қуанып қаласың. Бірақ... Тағы да осы «бірақ» деген сөз алдымыздан кесе-көлденең шығып, барлық арман-мақсаттарымыздың быт-шытын шығарып кете береді. Біз тізіп шыққан мамандықтарды меңгеру үшін қалтаң қазірден қалың болуы керек. Қарапайым ауыл баласы ҰБТ-дан жолы болып, грантқа ілігіп кетсе жақсы. Олай болмаса қиналады. Содан келіп достарынан бір саты төмен болғысы келмей, «қымбат оқуға» талпынады. Жолын табады. Жолы – ата-ананың қалтасын «қағу». Жоғары оқу орнын бітірді. Жұмыс табыла ма? Осы бәсекелестікті қалай қойдыруға болады? Мұндай жалған бәсекелестік балаларға болашағын дұрыс болжауға мүмкіндік бере ме? «Бәленшенің баласы экономистің оқуына түсті, менің баламның одан қай жері кем?», дегеннен гөрі, қазіргі қоғам дамуының ығына жығылып, арзан болса да сұранысқа ие мамандық таңдауды неге ойластырмаймыз? Орта білім беретін политехникалық, кәсіптік училищелер туралы түсінігіміз Кеңес заманында басқаша қалыптасты. Яғни, мектепте үлгерімі төмен, тәртібі нашар балаларды 8 сынып бітіргеннен кейін осындай оқу орындарына жіберетін. Ал қазір заман өзгерді. Оқу бағдарламалары да біршама күрделеніп, кәсіптік колледждердің алға қойған мақсаттары да айқындала бастады. Бұрын тек тігінші, етікші тәрбиелеп шығаратын оқу орындары қазіргі таңда қажет мамандық иелерін тәрбиелеп, оқытып шығаруға белсене күш салуда. Мәселен, құрылысшы, әрлеуші, шаштараз, аспаз, тұрмыстық техникаларды жөндейтін мамандарды – қазір емге іздесеңіз таппайсыз. Бір жағынан оқу ақысы қалта көтерерліктей, екінші жағынан оқуды бітіре салысымен таныс-тамырсыз-ақ жұмыс тауып алуға болады. Осындай мамандықтарға біздің қазақ балалары неге барғысы келмейді? Әлде олар мұндай оқу орнында оқуды ар санай ма? Қазақ баласы тек жоғары оқу орнында білім алсын деген ереже еш жерде жазылып тұрмаса да олардың санасына әбден бұл бекіп қалған. Статистика мәліметтерін былай ысырып қоя тұрып, қарапайым мысалдармен сөзімізді дәлелдеп көрейік. Етігіңіз жыртылып қалды ма? Дереу аяқ киім жөндететін жерге ала жүгіресіз. Сәл ғана өкшесі желінген етігіңізді жөндеп 500 теңгені қағып алып отырған өзге ұлт жігітінің ептілігіне мән бермейсіз. Ал заңгер мамандығын осыдан екі жыл бұрын алып шыққан ұлыңыз жұмыс таба алмай, тағы да сіздің тапқан-таянғаныңызды ішіп-жеп үйіңізде жатыр. Көлігіңіздің дөңгелегі жарылып қалды ма? Оқасы жоқ, көрші Сергей­дің техникалық қызмет көрсету стансасына барып жөндетіп ала саласыз. Ал сіздің мемлекеттік басқару ма­ман­дығын алған балаңыз бұл кезде әрбір мекеменің есігінен сығалап, түйін­демесін таратып жүр. Көршіңіздің баласы таяуда ғана мектеп бітіріп, кәсіптік-техникалық колледжге оқуға түсті. «Е» дедіңіз де қойдыңыз. Өз балаңыздың беделді оқу орнында оқып жатқанын, оның биыл бітіріп, диплом алып шығатынын мақтанышпен айтасыз. Ол күн де жетті делік. Балаңызға жұмыс іздеу деген проблеманың бар екенін енді сезіне бастадыңыз. Бірақ білікті маман­дық иесі балаңызға жұмыс таба алмай жүргеніңізді де кейде мақ­таныш көретін сияқтысыз. Ал қара­пайым ғана электр-дәнекерлеуші маман­ды­ғын алып шыққан Иванның баласы әлдеқашан бір беделді фирмаға жалақы­сы тәп-тәуір жұмысқа тұрып ал­ғанын ескере бермейміз. Тағы бір айта кететін жағдай, вокзалдарда жүк тасушы жігіттерді көргенде жағаңды ұстайсың. Перроннан таксиге дейін бір сөмке жүгіңді жеткізіп беру үшін 500 теңгені аз ғой дейтінін қайтерсің. Мейлі ғой, жүгіңді де біреу әкеліп, мәшинеңе салып беру керек. Аяқ-қолдары балғадай, тепсе темір үзетін сол жігіттерді сөзге тартып: «Басқа жұмыс неге істемейсіңдер?» десең: «Кезінде әке-шешеміздің оқытуға ақшалары болмады, енді басқа не жұмыс қалды бізге?» деп салы суға кетіп тұрғаны. Олардың да ертең баласы болады. Сонда арба сүйретіп тапқан нәпақасымен ол да балаларын оқыта алмайды. Әлі де санасына ештеңе түйе қоймағандардың табыс табу деген тек жоғары білім алған адамның маңдайына бұйырған бақ деп ойлайтыны қынжылтады. Арзан оқу оқып та білікті маман болып шығуға болатынын неге түсінбейміз? Біздің ішімізде жалған бәсекелестік бар. Өзгемен бәсекелесеміз. Бірақ, қалай озып кету керек екенін білмейміз. Олардан озудың жолы шіреніп, бір мекеменің бастығы болып отыру деп ойлаймыз. Қазіргі шындық олай емес. Елбасы саясаты негізінде кіші кәсіпкерлік Отанымызда дамып келеді. Ендеше осындай қысылтаяң шақта қазақтың жігерлі жігіттері ширап, ізденіп қиындықтан шығар жол тапса деп ойлаймыз. Саудаға бейімделе бастағанымызға да біраз уақыт болды. Бірақ тоқырау заманында жаппай базарға шыққандардың бәрі шекесі шылқып, байып кеткені некен-саяқ. Жер еңбекті жемейді, бір шаруа істесең қайтеді десең, сылтау айтатындар табылады. Егін ек десең, жер жоқ, жер болса, себетін дән жоқ, дән тапса, оны өсіріп баптайын адам жоқ, адамы табылса, орып алатын комбайн жоқ, орып алса, сақтайтын қамба жоқ. Осылай кете береді. Бұл проблема да жоқ емес, бар. Кесе-көлденең тұрып, қазақтың көзін аштырмай тұрған сияқты. Қалай десек те қазаққа ұмтылыс керек болып тұр. Ұмтылған ұтылмайтыны анық. Асылзат АРЫСТАНБЕК