05 Қазан, 2016

Қазақстан-Ресей: Келісімдер көкжиегі

493 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
??????Кеше Астанада Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық ХІІІ форумы өтті. «Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистикалық әлеуетті дамыту» тақырыбын қамтыған бұл форумның жұмысына мемлекеттер басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысты.

Екі елге де  пайдалы форум

Жалпы, мұндай тұрпаттағы кездесулер 2003 жылдан бері үзіліссіз, нақтылай айтқанда, жыл сайын екі елдің өнеркәсібі өркендеген өңірлерінде кезектесе өткізіліп келеді. Нә­ти­жесінде, екі елге де пайдалы, тиімді жұмыстар атқарылуда. Сон­дықтан да, бұл алқалы жиын­ды Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасының нығая түсуі­не жоғары деңгейде ықпа­лын тигізіп отырған бедел­ді, салиқалы басқосу деп есеп­теуімізге әбден болады. Айта кетуіміз керек, Қа­зақ­стан-Ресей қатынастары түр­лі салалар бойынша қар­қынды дамуымен сипаттала­тыны белгілі. Мемлекет бас­шы­ларының ұдайы кез­десулері шеңберіндегі келіссөздер екі елдің стра­те­гиялық әріптестігін кеңейтуде жетекші орын алады. Сол сияқты Үкімет басшылары дең­гейіндегі тиімді байла­ныс­тар да өз жемісін беруде. Екіжақты және көпжақты пішім­дердегі келіссөздер барысында энергетикалық, көлік­тік, атом және ғарыш сала­сын­дағы бірлескен жоба­лар­ды жүзеге асыру, сауда-эко­номикалық өзара іс-қимыл­дар мәселелері, туризм жә­не мәдени байланыстар та­қы­­ры­бы ұдайы талқыланып келе жатқаны өзара ынтымақ­тас­тықты жаңа белестерге көтере беретіні анық. Сөзіміз дәлел­ді болуы үшін осы арада біз қа­зіргі таңда Қазақстанда ре­сейліктердің қатысуымен 6 453 компания сәтті жұмыс іс­теп келе жатқанын атап көр­­сет­кіміз келеді. Бұлардың қатар­ында экономика, мұнай мен газ өн­діру, өңдеу өнеркәсібі, кө­лік, байланыс, машина жасау, ғарыштық бағыттағы ынты­мақ­тастық, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану сияқты са­лаларда жұмыс жасайтын құрылымдар бар. Сонымен бірге, Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2015 жылдың қоры­тындысы бойынша 14,57 млрд АҚШ долларын құрағаны екі елдің бір-біріне сенімді серік­тес екенін нақтылай түседі. Қазақстан мен Ресей мем­лекеттік органдарының, ква­зимемлекеттік сектор мен іскерлік ортаның 1300-ден ас­там өкілі бас қосқан, инвес­тиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ын­ты­мақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылған бұл ХІІІ форум барысында Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев бірінші кезекте Ресей Фе­де­рациясы еліміздің страте­гия­лық одақтасы және маңыз­ды сауда-экономикалық серік­те­сі болып саналатынын атап өтті. – Біз кең ауқымды бағыттар бо­йынша өзара тиімді іскерлік ын­тымақтастықты жүзе­ге асырып келеміз. Оған осы өңіраралық форум да сеп­тігін тигізетін болады. Биыл­ғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда-саттықтың көлемі 6 мил­лиард долларға жуық­тады. Сонымен қатар, дағ­дарысқа дейінгі кезеңмен салыс­тыр­ған­да бұл көрсеткіштің 30 пайызға төмендегені байқа­лады. Көп жағдайда оның қар­қыны бәсең­деуі сыртқы жаһандық ахуал­дарға байланыс­ты болып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осы орайда, Мемлекет басшысы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға серпін беру қажеттігін айтты. – Бізде Ресеймен бірлескен 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Мұнай химиясы, тау-кен металлургиясы кешені сияқты көптеген салада екіжақты инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта бізде құны 20 миллиард доллар болатын 60-тан астам жоба бар. Олардың іске асырылуына қолдау көрсетілетін болады, – деді Қазақстан Президенті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев өзара іс-қимыл аясын кеңейту үшін ай­тар­лықтай әлеуеттің бар екеніне назар аударды. – Біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында жұмыс жүргізіп отырмыз. Еркін сауда жөнінде Вьетнаммен келісімге қол қойылып, осындай келіссөздер Қы­таймен, Оңтүстік Кореямен және Син­га­пурмен жүргізіліп жатыр. ЕурАзЭҚ-пен ынтымақтасуға Үндістан, Мысыр, Иран, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының мүшелері және басқа да елдер ниет білдіруде. Біз мақсатты түрде барлық өндірушілер мен инвес­торлар үшін ортақ айқын ережелер қалыптастырудамыз. Қазақстанның экономикасына қаражат құя отырып, Ресей бизнесі мұнда өздерін «үйіндегідей» сезінетін болады. Еуропа мен Азия арасындағы қуатты көлік-логистика ин­фра­құрылымын қалыптастыру мәселе­сінде елдеріміздің ортақ мүддесі тоғысып жатыр, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикадағы инвестициялық ахуалдың жақсарып, экономиканың әртараптандырылуына күш-жігер жұмылдырылып жатқанына да назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы жандандыру саласындағы, соның ішінде салық режімін ырықтандыру, ауқымды жекешелендіру ісінің келесі кезеңін жүзеге асыру және Астана мен Алматыда инновациялық екі кластер құру бағытында мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы айтып өтті. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы алдағы уақытта «Астана» халық­аралық қаржы орталығы құрылып, «ЭКСПО-2017: болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көр­месі өтетінін еске салды. Өз кезегінде Ресей Президенті Вла­димир Путин қарқынды даму үстіндегі Астана қаласының талай игі іс­терге ұйытқы болып келе жатқанына тоқтала келіп, бүгінгі ауқымды ша­раның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зар­баевтың бастамасымен ұйымдастырылып отырғанына екпін берді. Сондай-ақ, ол екіжақты дәстүрлі байланыстардың өз нәтижесін көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды одан әрі дамыта түсуге мүмкіндіктер мол. – Қазақстан Ресейдің ең сенімді серіктес елі. Біздің елдердің экономикасы өзара бір-бірімен тығыз байланысқан. Ресей Қазақстанмен көпжоспарлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасқа басымдылықпен қарайды. Біз өндіріс пен энергетика, ауыл шаруашылығындағы ауқымды жобаларды бірге жүзеге асырып жатырмыз. Технологиялық коо­пера­­цияны қолданып, ортақ көліктік инфра­құ­рылым құрылуда, – деді Ресей Президенті. Одан әрі В.Путин Ресей үшін Қазақ­стан­ның ТМД мемлекеттері арасында екін­ші сауда әріптесі екеніне екпін түсірді. – Қазақстанда бүгінде 9 млрд доллар ресейлік капитал жинақталған. Ал Ресейге Қазақстаннан 3 млрд доллар инвестиция салынған. Бірлескен 6 мыңнан астам кәсіпорын құрылған. Ең бастысы, экономиканың барлық секторларында бірлесе іс-қимыл жасау жүйелі жолға қойылған. Қазақстан Ресейдің ТМД елдері арасындағы сауда әріптестері ішінде екінші орын алады. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ілгері жылжытуға әбден болады, – деді Владимир Путин. Бұдан бөлек, Ресей басшысы екі мем­лекеттің өзара әріптестігін нығайта түсетін шаралар көп екенін, барыс-келіс пен ынтымақтаса жұмыс істеудің тәжірибесі мол екенін айта келіп, өткен жылдың өзінде Қазақстанға ресейлік кәсіпорындардың 150-ге жуық делегациясы іссапармен келгенін жеткізді. Ресей басшысының сөзіне қарағанда, екіжақты ынтымақтастықты ұлғайту мақсатында Ресей субъектілері мен Қазақстан әкімдіктері үлкен рөл атқарып отыр. Сонымен бірге, ол Ресей мен Қазақстан Еуропа мен Азияның негізгі сауда жолында орналасқанын, сондықтан осы мүмкіндікті орнымен пайдалану қа­жеттігін жеткізді. Осы орайда В.Путин бұл бағыттағы жұмыстарды тиімді жүзеге асыру үшін көліктік инфрақұ­рылымды бірлесіп құрып, дамыту ке­ректігін атап өтті. Сөзінің соңында В.Путин Қазақстан мен Ресей ынтымақтаса жұмыс істеуін жалғастыра беретін болса, соның нәти­жесінде екі елдің де ұлттық экономикасы ілгерілеп, халықтарының тұрмысы жақсара түсетініне сенім білдірді.

Көлік саласы – экономиканың қозғаушы күші

Бұдан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Феде­рациясының Президенті Владимир Путин екі елдің мемлекеттік органдары мен іскерлік орта өкілдері жиналған пленарлық отырысына қатысты. Жиында Мемлекет басшысы осындай пішімдегі жыл сайынғы кездесулердің екіжақты қарым-қатынасты дамытуда зор маңызы бар екендігін атап өтті. – Бүгін біз күн тәртібіне көлік пен логистиканың өзекті мәселелерін шығарып отырмыз. Қазақстан мен Ресейге тән ортақ ерекшелік – олардың аумағының кеңдігі мен географиялық орны. Осыны бәсекелік тұрғыдағы артықшылыққа айналдыра білу керек. Атап айтқанда, біздің елдер транзиттік тасымал саласында зор әлеуетке ие. Бұл бағытта біздер бәсекелес емес, стратегиялық әріптес екенімізді ерекше атап айтқым келеді. Сондықтан көлік-логистика жүйесін бірлесе дамыту қажет. Көлік саласы екі ел экономикасы өсімінің қозғаушы күшіне айналуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың бүгінгі таңда Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың негізгі буыны болып отырғанын айтты. – Экономикалық саясатымызды үй­лес­тіру қажеттігі туралы таяуда өткен G20 саммитінде де айтылды. Дәл осы іс-шарада біздің «Нұрлы Жол» инфра­құ­рылымдық бағдарламамыз бен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты бастамасын ұштастыру жоспарына қол қойылғаны да бекер емес. Біз жобаларды Ресеймен қатарласа отырып, бірлесе жүзеге асырғанымыз дұрыс болар еді, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті еліміз жүзеге асырған, халықаралық көлік дәліздерінің конфигурациясын оңтайландыруға мүмкіндік берген ірі инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды. – Бірін бірі толықтыратын түрлі бағдарлар түзілді. Соның барлығы халық­аралық транзитті теңізден құрлықтағы бағдарларға қайта бейімдеуге тиіс. Бұл орайда күш-жігерімізді жұмылдырып, осы бағыттағы жұмысымызды үйлестіру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы форум барысында талқыланған мәселелерді ескере келіп, екі ел үкіметіне көлік-логистика жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимылды үйлестіру жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырма беруді ұсынды. – Жүк тасымалының, ең алдымен транзиттің көлемін түбегейлі өзгерту үшін барлық жағдайды жасау қажет. Әкімшілік рәсімдерін оңтайландыру керек, өзара сауда-саттық барысында рәсімдердің барынша жариялылығы мен рәсімдеудің жеңіл болуы қажет. Сондай-ақ, Ресейдің көлік инфрақұрылымына қол­жетімділік мәселесі де қозғалды. Осы­ған байланысты тиісті мемлекеттік орган­дардың аталған мәселелерді өзара тиімді негізде шешкені маңызды, – деді Қазақ­стан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев біріккен көлік-логистика компаниясының қызмет аясын кеңейту қажеттігін айтып, Еуразия Даму банкі жұмысының аспектілеріне де тоқталып өтті. Соңында Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайын­дық барысында Ресейдің бірқатар өңірімен меморандумдарға қол қою жос­парланып отырғанын еске салды. – Форум аясында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» акционерлік қоғамы мен Ом­бы, Түмен, Астрахань, Свердлов және Орын­бор облыстарының, Алтай және Татар­стан республикаларының басшылары арасында меморандумға қол қойылатын болады. Көрмеге 5 миллион­нан астам адам келеді деп жоспарланып отырғандықтан, логистиканың дұрыс жолға қойылуы маңызды, – деді Қазақ­стан Президенті.

04-10-05Ынтымақтастықта өңірлердің рөлі жоғары

Президент Владимир Путин өз сөзінде Ресейдің Қазақстанмен көп жос­парлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасын дамытуға басты назар аударылатынын жеткізді. – Елдеріміздің экономикасы бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Біз өнер­кә­сіпте, энергетикада, ауыл шаруашы­лығында ауқымды жобаларды бірге іске асырудамыз. Технологиялық коопера­цияны тереңдетіп, ортақ көлік инфра­құ­рылымын салып, нығайтудамыз. Екіжақ­ты ын­ты­мақтастықты кеңейтуде өңірлер ең белсенді рөл атқарады, – деді Ресей Президенті. Сондай-ақ, В.Путин көлік қызметі нарығын дамыту мәселесінің өзектілігін атап өтті. – Ресей мен Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы негізгі сауда жолы тоғысында орналасқан. Бізде ортақ кедендік шекара бар және темір жол мен автокөлік жолдарының тармақталған желісіне иелік етіп, тасымалдаудың жо­ғары деңгейдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз, – деді Ресей көшбасшысы. Сонымен бірге, Ресей Президенті көлік-логистика саласы үшін мамандар даярлауда өзара іс-қимылды күшейтетін бірқатар халықаралық көлік жобаларына елдеріміздің бірлесе қатысуына назар аударды. Соңында В.Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей тарапының ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық көрмесі жұмы­сына белсене қатысатынын және оның бағ­дар­ла­ма­сын­дағы 100-ден астам іс-шараны бірге ұйым­дастыруға дайын екенін жеткізді.

Уағдаластықтар ауқымы кең

Іс-шара қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттарға қол қойылды:
  • Қазақстан мен Ресейдің 2016-2018 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;
  • Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Жайық (Орал) трансшекаралық өзені алабының экожүйесін сақтау туралы келісім;
  • Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы кәсіпорындардың, мекемелердің және темір жол көлігі ұйымдарының қызметін құқықтық реттеудің ерекшеліктері туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы 1996 жылғы 18 қазандағы хаттама;
  • Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «Қазатомөнеркәсібі» ҰАК» АҚ және «Росатом» мемлекеттік корпорациясы арасында ядролық отын циклы саласындағы өзара түсінушілік және стратегиялық ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандум.
Осы арада тағы бір айта кетер жайт, ХІІІ форумның мемлекеттер басшылары қатысқанға дейінгі бөлігінде Қазақстан «Атамекен» ҰКП өкілдері, Ресейдің өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағының, Қазақстан Инвестициялар және даму министрлігінің, Қазақстан Ұлттық экономика министрлігінің, сон­дай-ақ, қазақстандық және ресейлік ірі ком­паниялардың өкілдері сөз сөйледі. Сон­дай-ақ, алқалы жиынның бұл бөлі­гінде де көптеген екіжақты құжаттар бекі­тілді. Тарқата айтар болсақ, олардың негіз­гілері:
  • Қазақстан Республикасы Инвес­тициялар және даму министрлігі, Жамбыл облысы әкімдігі және «Еурохим» МХК компаниясы (Ресей) арасындағы Жамбыл облысының Қаратау фосфорит бассейні кешенін өңдеу және минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт құрылысы жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Ақмола облысы әкімдігі және «Еуропа подшипник корпорациясы» ААҚ (Ресей) арасындағы Ақмола облысында индустриалды подшипниктер өндірісі туралы меморандум;
  • «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «COALCO Development» компаниясы (Ресей) арасында Мәскеу облысындағы «Орталық құрғақ порт» АҚБ бірлескен кәсіпорнына үлестік қатысуды иемдену туралы келісім;
  • Еуразия Даму банкі мен «Русская медная компания» ЖАҚ арасында Қазақстандағы Құндызды кенішінде мыс пен мыс-мырыш өндіру кенішінің ашық құрылысын жүргізу ниеті мен ішкі және сыртқы инфрақұрылым құрылысы туралы келісім;
  • « Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС және «БИОКАД» ЖАҚ (Ресей) арасындағы дәрілік заттар өндірісінің толық циклінің технологиялық трансфері туралы келісім;
  • Алматы облысындағы майлау материалдарын өндіру бойынша «KAZNEX INVEST» АҚ пен «Лукойл Лубрикантс» (Ресей) арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;
  • «KAZNEX INVEST» АҚ, «Тараз химиялық паркі» АЭА және «Техно­НИКОЛЬ» компаниясы (Ресей) ара­сындағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы аумағында тас мақтадан минералды мақта оқшау­лағышын шығаратын зауыт салу жөнінде өзара түсіністік туралы меморандум.
  • Қазақстан Республикасында автобус техникаларын құрау өндірісін дамыту туралы «СемАЗ» ЖШС мен «Ресей автобусы – ГАЗ тобы» АҚБ (Ресей) арасындағы дизелді және газды жанар-жағар май қозғалтқышты ЛИАЗ 5292 класты үлкен қалалық автобусты құрау өнеркәсібі жөніндегі меморандум.
  • Ресей Федерациясында, Қазақстан және Беларусь республикаларында электроинструмент өндірісін дамытуды қар­жы­ландыру туралы Еуразия Даму банкі мен «ИНТЕРСКОЛ» АҚ (Ресей) арасын­дағы ниеттілік жөніндегі меморандум.
  • «АТП» автономды кластерлік қоры, Астана әкімдігі және «Сколково» технопаркі (Ресей) арасындағы «Smart Astana» жобасын жүзеге асыру, Астана қаласы аумағында жаңа энергетика және интеллектуалды логистиканы дамыту, сондай-ақ, жалпы инновациялық ин­фрақұрылымды құру жөніндегі ынтымақ­тастық туралы келісім.
  • «Ақпараттық технологиялар паркі» АКҚ және «Новосібір академ қалашығының Технопаркі» ААҚ (Ресей) арасындағы технологиялық плат­фор­маларды дамыту жөніндегі ынтымақ­тастығы туралы меморандумы.
  • «ITS company» ЖШС және азық ақуызын алу, карбон қышқылдары, биологиялық активті компоненттер мен сорбитол алумен бидайды терең өң­деу зауытының құрылысы жөніндегі «Поли­комплекс» ЖШС арасындағы ниеттестік жөніндегі келісім;
  • «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ пен «РТ-Инвест көлік жүйелері» ЖШС (Ресей) арасындағы тасымалдаушыларға ыңғай­лы жағдай жасау және шекарадан кедер­гісіз өту мақсатында Қазақстан аумағын­дағы транзиттік көліктерге орнатылған «Платон» төлем жинау құрылғысын жан-жақты қарастыру туралы меморандум;
  • «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ пен «Ресей автомобиль жолдары» мемлекеттік компаниясы арасында жаңа технологияларды енгізу және жол құрылысы саласы бойынша келісім мен әріптестік туралы меморандум;
  • «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ пен «Росатом» мемлекеттік корпо­ра­циясының машина жасау дивизионы – «Атомэнергомаш» АҚ (Ресей) ара­сындағы екіжақты әріптестікті дамыту туралы келісім, сондай-ақ, тағы басқалар.
Осылайша, форум жұмысы табысты аяқталды. Жиын барысында мемлекеттер басшыларының келісімімен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңір­аралық XIV форумы Челябі қаласында өтетін болып ұйғарылды. Жолдыбай БАЗАР, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды

*лебіздер легі

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қазақстанның Инвестициялар және даму министрі: – Көліктік сала – мемлекеттегі маңызды салалардың бірі. Бұл сала, әсіресе, Қазақстан мен Ресейдің арасындағы өңіраралық байланысты жандандыруда үлкен рөл атқарады. Қос мемлекет арасында осындай ауқымды форумды өткізу  және еуразиялық кеңістікте көлік-логистикалық әлеуетті дамытудың басты басымдықтарын айқындау көліктік интеграция жүйесіндегі үлкен оқиға болды. Бұл мәселе барлық Еуразия кеңістігіндегі елдерді толғандырады. Біздің елдеріміздің аумағынан Еуропа мен Азияны байланыстыратын көптеген көлік дәліздері өтетіндіктен, біз бұл орайда, ресейлік әріптестермен еуразиялық трансконтиненталды дәліздердің жаңа архитектурасын қалыптастыру бағытында бірлесе жұмыстар атқарып келеміз. Жалпы,  Қазақстан 2010-2015 жылдар аралығында көлік инфрақұрылымына 23 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Бүгінгі таңда елімізде көлік саласына қатысты бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, біз өз алдымызға сапалы көлік жолдарын салуды мақсат етіп қойдық. Оларға: «Орталық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Орталық – Батыс» бағыты бойынша жүретін көлік дәліздерін жатқызуға болады. Сонымен қатар, өңіраралық интеграция аясында 2014 жылдың қараша айынан бастап Қазақстан, Ресей, Беларусьтің темір жол салалары арасында Бірлескен логистикалық компания құрылды. Бұл – біздің елдеріміз үшін өте маңызды жобалардың бірі. Ал форум аясында қол жеткізілген келісімдер екі елдің көліктік интеграция сала­сындағы маңызды кезеңдерінің біріне айналып қана қоймай, алдағы уақытта атқа­рылатын іс-шаралар көліктік инфрақұрылым саласын жандандыруға сеп болады деп ойлаймын. Максим СОКОЛОВ, Ресей Федерациясының Көлік министрі: – Көлік-логистикалық және басқа да трансшекаралық жобаларды жүзеге асыруда өңіраралық ынтымақтастықтың орны орасан. Бұл біздің ортақ транзиттік әлеуетімізді көтеруге ықпал етеді. Бүгінгі таңда осы бағыттағы жобаларды қазақстандық әріптестерімізбен бірлесе үйлестіріп келеміз. Бұл жұмыстар Еуразиялық экономикалық комиссияның да әрдайым назарында тұр. Қазір Қазақстанмен арада бірлесе атқаратын ауқымды жобаларымыз да бар.  Алдағы уақыта соларды жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз. Олардың арасында Каспий теңізінің әлеуетін пайдалану, Ақтау порттарын дамыту секілді ауқымды іс-шаралар шоғыры да бар. Бұған қоса, көлік-логистикалық бағытта да өз жұмыстарымызды белсенді жүргізудеміз. Біз бұл ретте, өзекті жобаларды мемлекеттік бюджеттен қаржы алмай,  жекеменшік сектор арқылы қаржыландырудың тиімділігіне көз жеткіздік.  Соңғы уақытта біздің көлік-логистикалық дамыту бағытындағы ортақ шаруамыз жүйелі жүргізілуде, ынтымақтастығымыздың нормативтік-құқықтық базасы күшейе түсуде.  Алдағы уақытта да қазақстандық әріптестерімізбен көліктік-транзиттік саладағы жұмыстарды жандандыруға күш саламыз. Көлік-логистикалық  сала – экономиканы ілгерілететін, сол арқылы елді бәсекеге қабілетті ететін негізгі локомотивтердің бірі. Бұл ретте, қос мемлекет те осы саладағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға мүдделілік танытады. Астана төріндегі форум – соның айғағы. Астана  көліктік инфрақұрылымы дамыған бірден-бір қалаға айналады деп сенеміз. Әсет ИСЕКЕШЕВ, Астана қаласының әкімі: – Осыдан 18 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Астана Қазақстанның елордасы деген мәртебеге ие болды. Бұл кезең аралығында ол әлемдегі экономикалық жағынан дамыған қалаға айналды. Бүгінде Астана – ірі мегаполис және Еуразия кеңістігіндегі саяси-іскерлік орталықтардың бірі. 18 жылдың ішінде қала тұрғындарының саны 4 есеге дейін өсіп, 1 миллионнан асты. Инвестиция көлемі 40 есеге дейін артып, 40 млрд АҚШ долларынан асып жығылды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 20 есеге дейін өсіп, 100 мыңға жетті. Бір сөзбен айтқанда, әлемнің жетекші сәулетшілерінің қатысуымен бой көтерген Астана бүгінде өзінің сән-салтанатымен келген қонақтар мен туристерді де таңғалдыруда. Қаланың бұдан әрі қарайғы дамуына көрші елдермен арадағы байланыс та айтарлықтай ықпал ететіні анық. Мәселен, Ресей өңірлерімен ықпалдастық мәселесіне келер болсақ, ең алдымен сауда және логистикалық бағыттардағы байланысты айтуға болады. Ыңғайлы географиялық орналасуы, жаңа автокөлік жолдары Қазақстанның елордасын еліміздің басқа өңірлерімен ғана емес, Ресейдің шекаралас жатқан аймақтарымен де байланыстырады. Бұл өз кезегінде экономикалық қашықтықты қысқартуға сеп болады. Астана бүгінде Ресей өңірлері үшін сенімді сауда серіктесіне айналды. Сондықтан екі ел арасындағы тауар айналымының 16 %-ы Астанаға тиесілі. Алдағы уақытта да бұл көрсеткіш арта түседі деп ойлаймыз. Бұдан бөлек, біздің елімізде ресейлік инвесторлар үшін де жақсы жағдай жасалған. Ғылым мен инновация саласындағы ынтымақтастық та жақсы жолға қойылған. Борис ДУБРОВСКИЙ, Челябі облысының губернаторы: – Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистикалық әлеуетті дамыту – Челябі облысы үшін де өте өзекті. Біздің облысымыздың Қазақстанмен шекаралас аумағы шамамен 900 шаршы шақырымды құрайды. Яғни, бұл облыс Еуразиялық экономикалық одақтың ірі көлік-логистикалық желісі болып саналады. Логистика – бұл бизнес, қызмет көрсету. Біз үшін өсу нүктесі, даму әлеуеті. Сол үшін әрдайым бәсекеге қабілетті болуды өз назарымызда ұстаймыз. Бұл ретте, заманауи инфрақұрылымды басшылықққа алуға тырысамыз. Мұнымызды нақты жұмыстарымызбен және жоба-жоспарларымызбен дәлелдей аламыз. Қазақстан мен біздің облысымызды бірлесе атқарылатын түрлі жобалар біріктіреді. Солардың бірі – темір жол саласы. Қазіргі таңда біз темір жол инфрақұрылымын дамыту, көліктік әлеуетті көтеру, жалпы алғанда, шекаралық ықпалдастықты жандандыру бағытында жұмыстар атқарудамыз. Челябі облысының Қазақстанның өңірлерімен ынтымақтастығын тек қана көлік-логистикалық байланыс қана біріктірмейді, біздің қарым-қатынасымыз тарихи сипатқа да ие. Біз бұл үрдісті әрдайым бағалаймыз. Оны әрі қарай дамыту үшін жаңа идеяларды жүзеге асырып, ортақ интеграциялық жобаларды жүзеге асыруға әзірміз. Сонымен қатар, біздің облысымыз ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне белсене қатысатын болады. Бұл – біз үшін маңызды. Бердібек САПАРБАЕВ, Ақтөбе облысының әкімі: – Мұндай ауқымды форум  екі ел өңірлері арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастықтың дамуына қосымша серпін береді.  Өзінің географиялық орналасуы  жағынан, сондай-ақ, автокөлік пен темір жол, әуе қатынасының дамуы жағынан  Ақтөбе облысы Еуропа мен Азия нарықтары үшін басты қақпа болып саналады. Бұған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізі құрылысының аяқталуы да ықпал етті.  Аталған жоба біздің  облысымыздың 628 шақырым аумағын құрайды.  Бұл жолдың арқасында  көліктік ағын мен жүк айналымы шамамен 2 есеге дейін өсті.  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен биылғы жылы «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» автокөлік жолының құрылысы басталды. Бұдан басқа да маңызды жобаларымыз бар. Мәселен, кейбір жобалар біздің кәсіпкерлеріміз бен бизнесмендеріміздің Еуропа мен Азияға, Парсы шығанағына шығуларына қосымша мүмкіндік береді. Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бағытында соңғы 5 жыл ішінде біздің облысымыздағы көліктік инфрақұрылымды дамытуға ауқымды қаражат бөлінді. Сондай-ақ, Ақтөбе облысындағы 150 бірлескен кәсіпорынның әрбір үшіншісі ресейлік капталдың есебінен құрылды. Жалпы, қазіргі таңда Ақтөбе облысы мен Ресей Федерациясы субъектілері арасындағы тауар айналымы шашамен 900 млн доллар. Александр ЖИЛКИН, Астрахань облысының губернаторы: – Біз Астана төрінде өткен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық XIII форумы аясында қос мемлекет арасындағы ық­пал­дастықтың дамуының жаңа перспекти­валарын талқылауға мүмкіндік алдық. Өңіраралық әріптестік елдердің экономикасын дамытуда айрықша рөл атқарады. Бүгінде бұл байланыс өте тұрақты, сол себепті де, өзінің оң нәтижесін көрсетіп келе­ді. Көп жылғы әріптестіктің арқасында Қазақ­стан біздің өңіріміздегі кәсіпорындар мен ұйымдар үшін ең негізгі сыртқы серіктестердің біріне айналып үлгерді. Мәселен, Қазақстан Астрахань облысымен көптеген әлеуметтік-экономикалық жобаларды бірлесе жүзеге асырды. Өңірімізден шығатын өнімдер бірінші кезекте қазақстандық нарықта өте үлкен сұранысқа ие. Оларға құрылыс материалдарын, азық-түлік тауарларын, электр-техникалық құрал-жабдықтарды жатқызуға болады. Астрахань өңірінде қазақстандық капиталдың қатысуымен 60-тан астам кәсіпорынның тетігі іске қосылған. Олар қызмет көрсету, сауда, көлік, байланыс, құрылыс секілді салалар бойынша жұмыс істейді. Соңғы уақытта өңірде шекаралас жатқан аймақтар тұрғындарының өзара қарым-қатынасына оң әсер ететіндей үлкен жұмыстар жасалды. Қазақстанның шекаралас аймақтары тек темір жол ғана емес, автобус және әуе қатынастарын жандандыруға ықпал етуде. Бұл бағытта да ортақ жобалар бар, олар негізінен тауарлар ағынының толассыз жүруін қамтамасыз етеді. Біз Қазақстанның Бейнеу – Шалқар көлік жолдарының құрылысын бастауға кірісетінінен хабардармыз. Бұл, әрине, өте маңызды. Себебі, ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін Маңғыстау және Атырау облыстарымен байланыстырады. Алайда, алдағы уақытта Атырау – Астрахань бағытындағы жолдарды қайта қалпына келтіруге де айрықша көңіл бөлінсе деген тілегіміз бар.