Саясат • 17 Мамыр, 2024

Мәртебелі ұйыммен маңызды байланыс

32 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азиядағы жаһандық шарты Консультативтік комитетінің 3-отырысы өтіп жатыр. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Қазақстан Үкіметі атынан шараға қатысушылар алдында бейнебайланыс арқылы сөз сөйледі.

Мәртебелі ұйыммен маңызды байланыс

Фото: primeminister.kz

Вице-премьер аталған отырыстың өткізілуі Орталық Азия елдерінің 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға ниеті жоғары екенін тағы бір мәрте айқындайтынын атап өтті. Елімізде қабылданған міндеттемелерді нәтижелі іске асыру үшін Үкімет деңгейінде Үйлестіруші кеңес жұмыс істейді. Сонымен қатар Парламентте Сенат төрағасының жетекшілігімен тұрақты даму бағытындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің орындалуын бақылау жөніндегі комиссия құрылған болатын.

Өткен жылдың қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ саммитіне қатысып, Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық ашудың қажеттігін атап өткен болатын.

«Бас кеңсесі Қазақстанда орналасқан Орталық Азия бойынша БҰҰ Жаһандық келісімшартының халықаралық кеңсесінің құрылуы осы аймақтағы тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында елдер арасында тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Қазақстандағы бизнес қауымдастықтың тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда қызығушылығы жоғары. Былтыр Жаһандық келісімшартқа 7 отан­дық компания мүше болса, бүгінде олар­дың қатары 71-ге жетіп отыр. Бұл қадам Мемлекет басшысының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын ашу туралы бастамасын жүзеге асыруға сеп болмақ», деп атап өтті Т.Дүйсенова.

БҰҰ Жаһандық келісімшарты – Біріккен Ұлттар Ұйымының 2000 жылы көтерген ерік­ті бастамасы. Ол бүкіл әлемдегі кәсіпорын­дар мен ұйымдарды тұрақты әрі әлеумет­тік жағынан жауапты саясат ұстануға ынталандырады. Келісім негізгі 4 бағытты қамтиды: адам құқықтары, еңбек, қоршаған орта және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Тұрақты даму мақсаттары БҰҰ Жаһандық келісімшарты стратегиясына енгізіліп, негізгі бағыты ретінде қолданылып жатыр.