17 Ақпан, 2017

«Алтай» футбол клубындағы аласапыран

387 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ақпан айының басында Қазақстан Футбол федерациясы атқарушы комитетінің отырысы өтіп, Шығыс Қазақстан облысының «Алтай» командасы премьер-лигадан шығарылды. Бұл жаңалық біраз жанкүйердің наразылығын тудырды. Дегенмен, шешім қабылданды. Тәртіп бәріне ортақ. Енді «Алтайдың» орнына премьер-лигада «Тараз» футбол клубы өнер көрсететін болады. Сөйтіп, былтыр ғана бірінші лигада екінші орын иемденіп, премьер-лигаға жолдама алған клубқа қатаң жаза қолданылды. Себебі, бұл ұжымда сертификаттау шарттары мен қағидалары орындалмаған. Яғни, заңды тұлғаның құрылымында футбол орталығы мен екінші лига біріншілігіне қатысатын жастар арасындағы командасы жоқ, сондай-ақ, аймақтық футбол федерациясында үш жылдық мүшелігі жоқ. Премьер-лигадағы босаған орынды чемпионат регламентінің талаптарына сай, 2016 жылғы мау­сымда «өтпелі матчта» ой­наған «Тараз» футбол клубы басатын болып бекітілді. «Алтай» командасының жанкүйерлері облыс әкімі Даниал Ахметовтен көмек сұраған еді. Алайда, аймақ басшысы мемле­кеттік ресурстарды дұрыс пайдаланбады деп «Алтай» футбол клубының басшылығын айыптады. – Былтырғы жылы біз екі клубты біріктірдік. Жаңадан команда жасақтап, жақсы қаржымен қамтамасыз еттік. Жоғары білікті бапкерді де шақырған болатынбыз. Алайда, кейін қаржы жағын тексергенде, түсініксіз жайт­тарды байқадық. Мемле­кеттің қаржысы қайда кетіп жат­қаны беймәлім. Тіпті, төлеу жүйесі де түсінік­сіз. Мемлекеттік ресурс­тарды қалай болса солай пай­да­ланған. Біздің осы жағдайға байланысты тағар кінәміз де бар. Бұл мәселемен айналыса бастадық. Әзірге команданы кімнің басқаратыны белгісіз. Облыстық спорт басқармасының келісімінсіз команданы жеңіске жетелеген бапкерді ауыстырып тастаған. Сондықтан құр­метті жанкүйерлер, алдымен футбол клубымен, оның басшылығымен өздеріңіз айналысыңыздар. Егер мен кіріссем, бәрі басқаша болады, – дейді өңір басшысы. Сержан Шайжүнісов бас­қаратын клуб басшылығы ҚФФ шешіміне қарсылық танытып, соңына дейін күресеміз деген еді. Бірақ, әзірге бұл әрекеттен ештеңе шықпайтын тәрізді. Бүгінгі күнде коман­даға жаңадан қосылған ой­ын­шылардың көбісі өзге клубтарға кете бас­тады. Мысалы, Семей футболы­ның түлегі, 23 жастағы Ерке­бұлан Нұрғалиев «Оқ­жетпеспен» бір жылдық келісімшартқа қол қойып үлгерді. Сол секілді шабуылшы Жасұлан Молдақарев Қо­станайдың «Тобыл» клу­бы­ның жейдесін киді. Қазір «То­былда» шабуыл шебі жоғары бәсе­келестікке ие. Ко­мандада Тоқ­тар Жаңғы­лышбай, Алексей Щеткин, Джордже Деспо­то­вич бар. Енді оларға Жасұлан қо­сылып отыр. Константин Заречный, Вячес­лав Котляр, Дмитрий Шмидт «Ақжайық» сапында жаттығып жүр. Егер атал­ған ойыншылар Вахид Масудовпен тіл табыса алса, оралдықтар үшін пайдалы болары анық. Ал 35 жастағы ардагер футболшы Нұрбол Жұмас­қалиев «Тобылдан» кеткен соң, осы «Алтайға» келген еді. Тіпті, келісімшарт та жасасып үлгерген болатын. Жақында Нұрболдың Павлодардың «Ертісі» сапында жаттығып жүргені белгілі болды. Француз клубы ПСЖ-ның түлегі Мохаммед Ла­мане Диарра Қазақстанда қалуды жөн санаған тәрізді. Ол қазір «Қайсар» командасында сынақтан өтіп жатыр. 24 жастағы әмбебап футболшы «Алтаймен» бір жыл­дық келісімшарт жасаған еді. Осы жағдайдан кейін оның да кетуіне тура келген сияқ­ты. Қызылорда клу­бы мұ­нымен шектеліп қал­маған. «Ал­тайдың» тағы бір ойын­шысы Азат Ерсәлімов те осы ұжымда сынақтан өтіп жатыр. Бұдан біраз бұрын бол­­­гариялық төрт маман Қазақстанда жұмыс істейтін болды деген ақпарат тараған бо­латын. Бірақ Илиан Илиев­тің келгенінен кет­кені тез болды. «Алтай» аттай қалап әкелген танымал бапкер бірінші лигада жұмыс істеу­ге құлықты емес. Кейбір мәлі­меттерге сәйкес, оның еліне қай­тып кеткені белгілі болды. Енді «Алтайды» жаңа маусымға Борис Глушков дайындайды. Футзалдан Қа­зақстан құрамасының экс-бап­кері команданың ұң­ғыл-шұң­ғы­лын жақсы біледі. Өткен жылы «өт­пелі ойында» «Таразды» же­ңіп, «Ал­тайды» премьер-ли­гаға а­лып шыққан да осы Глушков еді. Бек ТӨЛЕУОВ, журналист АСТАНА