22 Ақпан, 2017

Ұсыныстар әзірленді

131 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астана қаласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі мен «Адам құқығы үшін хартиясы» қоғамдық қоры қолдауымен және Конституциялық Кеңес­тің қатысуымен «Конс­ти­туциялық реформа – мемле­кеттік басқарудың қазіргі заман­ға сай және тиімді жүйе­сін құрудың негізі» атты тақы­рып­та дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған мемлекеттік билік тар­мақ­тарының арасындағы өкі­лет­тіліктерді үйлестіру мәсе­ле­лері бойынша жұмыс тобы­ның мү­ше­лері, Қазақстан Респуб­ли­касы Президенті Әкімшілі­гі­нің, Парламенттің, Үкімет­тің, Конс­титуциялық Кеңест­ің, Жо­ғар­ғы соттың, Бас проку­рат­ура­ның, Әді­лет министрлігінің қыз­мет­кер­лері, сонымен қатар үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының өкіл­дері мен ғалым-заңгерлер қатысты. Дөңгелек үстел жұмысын «Адам құқығы үшін хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ж.Тұрмағамбетова ашты. Бұдан кейін Президент Әкімшілігі басшысы­ның орынбасары Т.Донақов, Қазақ­стан Республикасы Конституция­лық Кеңесінің төрағасы И.Рогов, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Ж.Асанов және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо сөз сөйледі. Отырыста «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Конституция­сына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Респуб­ликасының заң жобасы: адам құқығы мен бостандығын қорғау теті­гін күшейту; Парламент пен оның палаталарының рөл­дерін арттыру; Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің кейбір өкілет­тіктерін Үкімет пен Парла­мент арасында үйлестіру; сот жүйе­сі мен прокуратураның конс­ти­ту­­циялық негізін анықтау; жер­гі­лі­к­ті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару органдары өзара іс-әрекеттерінің құқықтық негіз­дерін одан әрі жетілдіру; конс­ти­ту­циялық құрылысты қорғау тетік­терін ұлғайту сияқты мәселе­лерге қатысты талқылау болды. Осыған орай Парламент Мәжі­лісінің заң шығару және сот-құқықтық реформасы бойын­ша комитетінің төрағасы Н.Әбді­ровтің, Әділет министрінің орынбасары Ә.Әзімовтің, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар өкіл­­дерінің баяндамалары тың­дал­­ды. Шараға қатысушылар дөңге­лек үстелдің жұмысына жо­ғары баға беріп, еліміздің Не­гізгі Заңы­ның басымдығын қам­­та­ма­сыз ету, жаһандық сын-қатер­лер шеңберінде оны әрі қарай жетіл­діру мен еліміздегі демо­кра­тия­лық үдерістердің даму деңгейі мемлекет пен қоғамның үдемелі және тұрақты өсіп-өркендеуінің басты шарты болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың, құқық қорғау бірлес­тіктерінің, ғалым-сарапшылар­дың және қоғамдық көпшіліктің конс­ти­туциялық институттар жөнін­дегі жұмыстары билікті бөлу қағидаларын, Негізгі заң­ның өзгермейтін тірегі – унитар­лы­лығын, республиканың аймақтық тұ­тас­тығын, оны басқару түрлері мен мемле­кеттің тәуелсіздігін сақтай­тын жүйелерін ескере отырып, конс­­титуциялық қауіпсіздікті қам­тама­сыз етудің құқықтық тетік­­терін жетілдіруге бағытталуы тиіс­ті­гі айтылды. Дөңгелек үстел қоры­тын­­дысы бойынша ұсыныстар мен өті­ніштер әзірленді. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»