22 Ақпан, 2017

Демократиялық дамудың жарқын үлгісі

197 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел хал­қына Үндеуінде Пре­зи­денттің әлеуметтік эконо­ми­ка­лық үдеріс­терді реттеудегі біршама өкі­­леттіктері Үкі­метке және Пар­ламентке бері­летіндігі тура­лы жан-жақты айтылған. Меніңше, аталған сала­ларда депутаттар мен Үкі­меттің жауапкершілігі арта түсіп, жергілікті деңгейдегі мәсе­­ле­лерді шешуге облыс әкім­дері толық жауап беретіні өте орынды. Баршамызға мәлім, мемлекет бюджетінен министрліктерге бөлінген қаражаттар кейде орын­­сыз жұмсалып, кейде қыруар ақшаға салынған кәсіп­орын­дар жұмысқа толықтай қо­сыл­май жатады. Сатып алын­­ған аппаратуралар шаң ба­с­ып тұрады, кей өңірлерде олар­­мен ешкім жұмыс жасай ал­май­ды. Себебі, мамандардың тиісті білімдері жоқтығы да көп нәрсеге қолбайлау болып жатады. Қаражаттың иге­рілуі­не жауапты жеке, заңды, лауа­зымды тұлғалардың қызметтік мін­деттерін орындауға сал­ғырт қарауына немесе тіпті, құзыретін асыра пайдалануына байланысты берілген қара­жат­тардың жымқырылатын оқи­ғалары да кездесіп қалып жүр. Кінәлілер, әрине, өздерінің тиісті жазаларын алары анық. Дегенмен, егер тиісті лауазым иесі бөлінген қаражатты қатаң бақылауда ұстаса, мұндай жағ­дай­ларға жол берілмес еді. Бірақ, олай жасала бермейді. Осы себепті, халықтың лауазым­ды қызметкерлерге сенімдері төмендеуде. Сондықтан да, Ел­басы жоғары лауазымда­ғы қыз­меттегілердің өз ісіне жауап­кершілігін күшейту үшін келелі бастама көтеріп отыр. Елбасы Үндеуіндегі Парла­ментке, Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға Прези­денттік кейбір өкілеттіктердің берілуі еліміздің демократия­лық дамуының тағы бір айқын көрінісі деп нақ сеніммен айта аламыз. Иә, өткенге көз жүгіртсек, алып империя – Кеңес өкіметі құла­ғаннан кейін жаңа нарықтық мемлекет құру қажеттілігі пайда болды. Халықтың көбі оның қандай болатынын түсін­беді. Сондықтан, жаңа мем­лекетті құру үшін күшті пре­зи­денттік билік өте қажет бол­ды. Бұл ұстаным өзін-өзі ақта­ды, уақытында өмірге керек­ті көптеген заң күші бар жар­лықтар қабылданды. Олар бүгінгі жаңа мемлекетті қалып­тас­тыруға негіз қалады. Сөйтіп, тәуелсіздігіміз бекіді. Елбасымыздың күш-жігері мен табандылығының арқа­сында, ең маңызды мәселе – тату көршілеріміз Ресей мен Қытай арасындағы шекарамыз заңдастырылып, бекітілді. Енді Елбасының биылғы Жолдауына аз-кем тоқталатын болсақ, құнды құжатта жеке меншікті қорғауға, заңның үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформаны әрі қарай жалғастыру қажеттігі жан-жақты атап өтілген. Әри­не, бұл талаптарды қатаң түр­де орындау қажет. Себебі, әр­бір азамат өзінің меншіктік құ­қы­ғы­ның қорғалатынына сенім­ді болуға тиіс. Бұл мәселе адам өмірімен, оның дамып-өсуі­мен, болашағымен тығыз бай­ла­нысты. Олай болса, құқық қорғау органдары осы­ған бай­ла­нысты жасалған қыл­мыс­тарды тез арада ашып, олар соттардың қарауынан өтіп, әділ шешім шығарылуы тиіс. Жолдауда судьялардың жұмысына заңнан тыс бола­тын ықпалдарды жою маңыз­ды­лығы тағы да атап өтілген. Мұндай талап аталған құжатта нақты көрсетілгені қуантады. Олай болса, оны орындау – әрбір судьяның, әрбір аза­мат­тың қасиетті міндеті. Сон­дық­тан, осы өзекті мәселе аудан­дық, облыстық соттар төраға­лары­ның күнделікті қатаң бақылауында болуы тиіс. Бүгінгі күні осы мәселелер Жоғарғы соттың Сот жюриі ко­мис­сиясының да басты наза­рында екенін айтқым келе­ді. Комиссия судьялармен әңгі­­мелесу кезінде заң талап­тарын сақтауға жіті көңіл ауда­ра­ды. Комиссия сот төр­аға­ларына судьялардың істер­ді қарауына жағдайлар жасауға міндетті екендіктерін ескертеді. Сонымен бірге, сот төрғаларына қиын істер бойынша кеңес ұйымдас­тыру­ға құқығы бар екендіктерін айтып, бірақ олар нақты іс бойынша қандай шешім қабылдау қажеттілігін айта ал­май­тындықтарын түсіндіріп отырады. Қандай да болмасын қылмыстық, азаматтық істер­ді қараған кезде судьялар олар­ды заң талаптарына сай шеше­тін болса, онда судья ғана емес, сот жүйесі беделінің жо­ға­ры болатыны сөзсіз. Осы себеп­­ті болар, Елбасы өз Жол­дауын­да сот жүйесіне деген сенім­нің артуына қол жеткізу қажет­тілігін атап өткен. «Сенім» деген сөздің анық­тамасына жүгінетін болсақ, ол адамның көзі жеткендіктен иланушылық сезімге ие болуын көрсетеді делінген. Бүгінде азаматтардың басым көпшілігі сотқа жүгінеді. Оның бір себебі сенім болса, екіншіден, құқық қорғау органдары, прокуратура, министрліктер, әкімдіктер даулы мәселелердің өздеріне тиесілі тұрғыда шешілуін толық қам­тамасыз етпей, азаматтарға мәсе­лелері бойынша сотқа жү­гіну­ді ұсынады. Негізінде, мәсе­ленің заңға сәйкес орын­далуы үшін соттар істі шындық дәлелдерге сай, заң талаптарын қатаң сақтай отырып шешсе, олардың қоғамдағы беделі­нің қазіргіден де арта түсетіні анық. Ол үшін тараптардың айтқандарын мұқият тыңдап, оларға заң тұрғысынан баға беріп, тиісті қорытындыға келуі тиіс. Жолдауда қоғамға қауіптілігі жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту міндеті алға қойылған. Кәсіпкерлік саласында құқық бұзғаны үшін санкцияны төмендету, әкімшілік айып­пұлдардың әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәй­кес болуына баса назар ауда­ру қажеттілігі айтылған. Мұ­ны да азаматтардың қалау-тілек­терінің орындалғаны деп айтуға болады. Бағдат АХМЕТОВ, Жоғарғы соттың отставкадағы судьясы АСТАНА