22 Ақпан, 2017

"Қара жорға" билейтін робот құрастырылды

604 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Әділ Ордаев робот техникасы үйірмесіне төрт жылдан бері қатысып келеді. Өткен аптада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ұйымдастыруымен елордада өткен «Ұлы Дала мұрагерлері» атты кешке арнайы келген семейлік оқушы өзі құрастырған биші роботтарымен оқушылар шығармашылығы көрмесінің көрігін қыздырды. Иә, Әділдің роботтары мың бұралған биімен жиналған жұртшылықты таң-тамаша қалдырып жатты. Бұл роботтар алдымен робот биін, одан кейін оңтүстіккореялық әйгілі поп жұлдызының «Гангнам стайл» биін билейді. Содан соң қазақтың «Қаражорғасын» нәшіне келтіріп тұрып билегенде еріксіз езу тартып, балаша мәз болып қаласыз. – Бұл бағдарламамен жұмыс істегеніме көп уақыт өте қойған жоқ. Роботты құрастыру барысында бағдарламалау үлгісі екі негізге сүйенеді. Яғни, 3D моделдеу мен Си бағдарламалау тіліне ұқсас жасалды. Робот «Dynamixel» атты серверлі моторларына қосылған. Бұл моторлар AX-18А қуатымен қамтамасыз етеді. Робот сол арқылы қозғалады, – деді Ә. Ордаев. Аталған робот балалардың кішкентай бөлшектермен жұмыс істеу дағдысын жақсартуға және «Си» тіліне ұқсас жұмыс істегендіктен бағдарламалауды жедел үйренуге септеседі. – Біз роботтарға би билете алғандықтан, оған кез келген мақсаттағы бағдарламаны енгізуге болады. Өйткені, би ең қиын қозғалыс түрі. Билегенде дененің әр бөлшегі қозғалады. Біздің роботтарымыз негізінен «Қаражорғаны» көбірек билейді. Осы арқылы біз ұлттық дәстүрімізді насихаттаймыз, – дейді семейлік оқушы. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»