1 наурыз – Алғыс айту күні. Былтыр Қазақстан халқы тұңғыш рет осы күнді атап өтті. Себебі, 2016 жылдың 14 қаңтарында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойған болатын.
Осы орайда, елордадағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Алғыс айту күні – Қазақстан халқы бірлігінің нышаны» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің, «Қоғамдық келісім» Республикалық мемлекеттік мекемесінің, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының және Әзербайжан мәдени бірлестігінің өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев: «Қазақстандағы көпэтностылық елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға серпін берді. Себебі, тәуелсіз мемлекеттің әл-ауқатын арттыру жолында қазақстандықтар хал-қадерінше жұмыла еңбек етті», дей келе, қиын-қыстау кезеңде қазақ жерінен пана тапқан түрлі ұлт өкілдері Алғыс айту күнінде Қазақстанға деген өз ризашылық сезімдерін білдіре алатынын, себебі, бұл күн Қазақстан халқы тарихы мен бірлігінің нышаны екенін жеткізді.
«АЛЖИР» музейінің бұрынғы директоры Априза Құсайынова Алғыс айту күнінің Қазақстан халқы үшін маңызына тоқталды. «Қазақ халқы әр жылдары қаншама этнос өкілдеріне құшағын жайып, өз қамқорлығына алды, бауырына басты. Мәселен, саяси қуғын-сүргін жылдары өз жағдайларының қиындығына қарамастан, өзге ұлт өкілдерін үйлерінде тұрғызып, бір нанды бөліп жеді, қолұшын созды. Ал қазір қазақ халқының осы бір адамгершілік қасиетін өзге елдер үлгі етіп айтып жүр», – деді А. Құсайынова. Сонымен қатар, ол 2010 жылы «АЛЖИР» музейі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, «Тарихтан – тағылым, өткенге – тағзым» деген атаумен үлкен жоба ұйымдастырғанын, оған Қуғын-сүргін жылдары зардап шеккен азаматтардың 200-ден астам ұрпағы келгенін атап өтті.
«АЛЖИР» музейінің аға ғылыми қызметкері Гүлнұр Төлепбергенова да лагерь тұтқындары бастарынан өткерген қиындықтарға тоқталды. Оның айтуынша, 1937-1953 жылдар аралығында азаптау лагерьлерінде 20 мыңға жуық әйел болған. «Сол әйелдердің 8 мыңы «АЛЖИР» лагерінде отырды. Бұл ретте, сол кездегі «Жаңажол» ауылы тұрғындарының жанашырлығын, қамқорлығын, мейірбандығын, адамгершілігін, ең бастысы, тапқырлығын айтпай кетуге болмас. Себебі, олар далада жұмыс істеп жүрген әйелдерге тас лақтырғандай кейіпте жүріп, шын мәнісінде, құрт лақтырып отырған. Әйелдер сол құрттарды жинап, аз уақыт болса да жүрек жалғайды екен. Бұдан бөлек, ауыл азаматтары қамыстың арасына нан, май, ет тастап кететін болған. Бұл жайттарды Гертруда Платайс есімді неміс әйелінен естігеннен кейін Раиса Голубева деген мұғалім «Құрт – асыл тас» деген өлең жазған», деді ол.
Тарих ғылымдарының докторы, «Қоғамдық келісім» Республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Нұрбек Шаяхметов: «Алғыс айту күнінің философиялық, тарихи, тәрбиелік мәні зор. Бұл күнді тек тарихи оқиғалармен, депортация кезеңімен шектеуге болмайды. Себебі, мұнымен Алғыс айту күнінің ауқымы мен арнасы шектеліп қалуы мүмкін», – деді.
Отырыс барысында сөз алған PhD докторы Елнұр Асылтаева «Қазақстандық бірегейлікті қалыптастырудың қазіргі жай-күйі» тақырыбында сөз сөйлеп, осы тақырып бойынша жүргізілген талдаудың нәтижесімен таныстырды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»