
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуының ең негізгі тірегі Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдап, тиісті заңға қол қойды. Осылайша, тәуелсіздік тарихының 25 жылдық аса маңызды белесінен абыроймен өткен Қазақ елі дамудың келесі кезеңіне заман талабына сай жаңғырған жаңа Конституциямен қадам басты.
Жұртшылық назарына Елбасының өзі ұсынған конституциялық реформалар жобасы бір ай бойына жалпыұлттық талқыға түскені мәлім.
Бұл орайдағы талқылауға «Егемен Қазақстан» газеті арқылы ел жұртшылығы – зиялы қауым өкілдері, халқымызға белгілі заңгерлер мен сарапшылар ғана емес, алыс-жақын шет елдердің мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық сарапшылар да белсене қатысты. Олардың барлығы дерлік өз пікірлері мен пайымдауларында Қазақстан Президентінің дәл қазіргі кезеңде ұсынып отырған конституциялық өзгерістерін жоғары бағалап, бұл қадам Қазақ елімен бірге тұтастай Еуразия өңіріндегі демократиялық үдерістерге тың серпін беретінін алға тартты.
Жаңарған Конституцияның мән-маңызын, ондағы әрбір баптың келешекте атқарар қызметін заң саласының білгірлері, саясаттанушылар мен сарапшылар, мемлекет тарихын зерделейтін зерттеушілер әлі айта жатар. Біз осы бағанда тек екі мәселеге назар аударғанды жөн көрдік.
Біріншіден, бұл өзгерістер билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктер мен құзыреттіліктің ара-салмағын теңгере түсті. Яғни, осы уақытқа дейін Президенттің қолына шоғырланып келген біршама құзырет Үкімет пен Парламентке берілді. Мысалы, ендігі уақытта Үкімет құрамын жасақтауға Парламент тікелей ықпал ететін болса, Үкімет өзі әзірлеген мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына өзі жауап береді, сондай-ақ, бұрын Президенттің құзырында болып келген кейбір мәселелерді өзі шешетін болды. Бұл өзгерістер тұтастай билік тармақтарының икемді әрі сапалы жұмысына әсер етеді. Шешім қабылдау үдерістерін жылдамдатады. Сарапшылардың басым көпшілігі осы тұсқа көбірек тоқталып жатты. Бірақ біздіңше, бұл өзгерістер биліктің үш тармағының арақатынасындағы өзара теңгерімді қамтамасыз етіп, саяси тұрақтылықты нығайтады. Елдің алдағы уақытта да береке-бірлігін сақтап, алған бағдарынан таймай, орнықты әрі тұрақты дамуын жалғастыруы үшін ең маңыздысы да осы деп ойлаймыз.
Екіншіден, Елбасының ерен еңбегін айшықтауға қатысты көптеген ұсыныстар осы жолы да айтылды. Елордаға атын беруден бастап, Астана халықаралық әуежайын Н.Ә.Назарбаев атымен атау сынды біраз жыл бұрын жасалған ұсыныстар қайта көтерілді.
Расында да, Қазақстанның қалыптасып, дамуындағы Тұңғыш Президенттің еңбегі орасан. Оған таяу келешекте әлі талай көз жеткізетін боламыз. Елбасы әлі дербес мемлекеттік институттары қалыптаса қоймаған елдің мемлекеттілігін нығайтып, қиын-қыстау күндерден, тағдырлы сәттерден аман-есен алып шықты. Ширек ғасыр ішінде кеткеніміз келді, ортамыз толды. Татулық пен бірліктің, берекелі еңбектің нәтижесінде бақ-дәулетіміз артты. Өркениеттер өрісінде көш бастаған алып мемлекеттердің мұрагері болған Ұлы Дала елі жаһандық үдерістерге қайта араласты. Арағайындыққа да, төрелік айтар төбебилікке де түсе алатын еңсесі биік ел ретінде танылды.
Тәуелсіздіктің бастауында тізгінін ұстаған еріне Елбасым деп ере білген еліміздің өз Көшбасшысын айрықша қадір тұтатыны да сондықтан. Бұл – бізге ғана емес, өзге жұрттарға да тән тарихи заңдылық болса керек. Қай халық та өз тарихының ұлы дәуірін бастап берген перзенттерінен ықылас-мейірін аямайды екен. АҚШ-тың тәуелсіздігін жариялап қана қоймай, оның қуатты мемлекет ретінде қалыптасуына негіз қалаған Дж.Вашингтонды америкалықтар қалай құрметтесе, Бесінші республикасын құрып, Францияның серпінді дамуына жол ашқан Шарль де Гольді – француздар, Германияны біріктіріп, мықты империяға айналдырған Бисмаркты немістер дәл солай әлі күнге дейін ұлықтайды.
Туысқан Түркия мемлекетін құрған, түрік баласының еңсесін тіктеп, елін қайта жаңғыртқан Мұстафа Кемал Ататүрік те солай.
Ендеше, сан ғасырлар бойы бабаларымыздың аңсары болған Тәуелсіздік туын желбіретіп, жасампаз мемлекет құрған, Алаштың асқақ арманын жүзеге асырып, Қазақ елін төрткүл дүниеге танытқан, еңсесін тіктеп, елдіктің биік белесіне шығарған Елбасын елінің айрықша құрмет тұтуы да заңдылық. Елбасы үшін де қабырғалы халқының риясыз ықылас-мейірінен артық, одан биік ештеңе жоқ. Мұны Нұрсұлтан Әбішұлының өзі де сан рет айтқан. Сондықтан да болар, заңды қабылдау барысында Президент есімін ұлықтауға байланысты көптеген ұсыныс қабылданбады, бірақ Конституцияда бекітілген Елбасының мәртебесі ешқашан өзгертілмейтіні нақтыланды.
Айбын ШАҒАЛАҚ,
«Егемен Қазақстан»