
Қазір Францияда президенттік сайлаудың нағыз қызған шағы. Негізгі үш кандидат – республикашыл Франсуа Фийон, «Ұлттық майдан» партиясының жетекшісі Марин Ле Пен және бұрынғы экономика министрі Эммануэль Макрон сайлаушыларды бағдарлама-жоспарларымен таныстыруда. Ал президенттік сайлау осы жылдың 23 сәуірінде өтеді.
Жалпы, Батыс елдерінде кез келген сайлау өткенімен де, өтетінімен де «қызық». Өйткені, саяси науқан – сайлау үдерісі қызған сайын кандидаттарға қатысты жақсысы мен жаманы аралас неше түрлі пікірлер айтылады. Кезінде жіберген қателіктері мен «қиғаштықтары» жария етіліп, ауыр айыптар да тағылады. Отбасы мүшелеріне, туыстарына, сондай-ақ, өзге де жақындарына байланысты «акциялар» ұйымдастырылады. Кейбіреулері, тіпті басы дауға қалып, жарыс жолынан шығып қалатын жағдайлар да кездеседі. Мұны «компромат», яғни әшкерелеу дейді.
Осы үрдіс қазіргі кезде президенттік сайлау науқаны шарықтау шегіне жетіп тұрған Францияда да орын алып жатыр. Үш саясаткер кандидаттың үшеуінің де қаржылық бұрмалаушылыққа қатысы бар екендігі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалпақ жұртқа жария етілді. Ал олар мұны өздерін қаралау деп, бастарын арашалап қалуға тырысып бағуда. Сонда кандидаттар не «бүлдіріп» қойған?
Алдымен Франсуа Фийонға байланысты мәселені алайық. Француз басылымдарында жарияланған материалдарға қарағанда, Ф.Фийон парламент депутаты кезінде зайыбы Пенелопа Фийонды өзінің көмекшісі қызметіне алған және оған бірнеше жыл бойы еңбекақы мен бонустарды қосқанда, жалпы көлемі 500 мың еуро төленген. Бірақ, ол депутаттың көмекшісі міндетін атқармаған, яғни қызмет орнында, тіпті бой көрсетпегенге ұқсайды.
Осы мәселеге байланысты прокуратура Пенелопа Фийонға қатысты алдын ала тексеру ісін ашып, алдымен Ұлттық ассамблеяға (парламенттің төменгі палатасы), одан соң сенатқа тінту жүргізіпті. Онда тергеушілер Пенелопа Фийонның көмекші болып істегені жөнінде деректер іздестірген. Сондай-ақ, жақында полиция ерлі-зайыпты Фийондардың үйіне тінту жүргізгені жөнінде ақпарат тарады. Бұдан бөлек, кандидатқа өзінің балаларын қағаз жүзінде жұмысқа орналастырды деген кінә да тағылып отыр. Депутат кезінде ол университетте оқып жүрген ұлы мен қызын дипломы бар заңгер ретінде жұмысқа «орналастырып», олар еңбекақыға 400 мың еуро алған көрінеді.
Алғашында Фийон өзіне тағылған айыптар дәлелденген жағдайда, президенттік сайлаудан өзінің кандидатурасын алатынын айтқан еді. Кейін ол сайлау бәсекесінен бас тартпайтынын мәлімдеді. Сарапшылардың пайымдауынша, осы даулар оның беделіне едәуір нұқсан келтіруі мүмкін.
«Ұлттық майдан» партиясының жетекшісі Марин Ле Пеннің басындағы жағдай да осыған ұқсас. Әсілі, ол биылғы жылдың 1 ақпанына дейін Еуропарламенттің кассасына 300 мың еуро құюы тиіс болатын. Еуропарламенттің депутаты мұны «кезекті есеп айырысу» деп бағалап, талапты орындаудан бас тартты. Бұл ақшаның 260 мың еуросы партия белсендісі әрі Ле Пеннің көмекшісі Катрин Гризенің жалақысы, қалғаны Еуропарламентте ассистент ретінде рәсімделген саясаткердің күзетшісіне төленген қаражат екен. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, Ле Пеннің көмекшісі Катрин Гризе Еуропарламент ғимаратына келмей, тек партияның Париждегі офисінде отырып жұмыс істепті.
Ал үшінші кандидат бұрынғы экономика министрі Эммануэль Макрон да қаржылық бұрмалаушылыққа жол берді, қызмет бабын асыра пайдаланды деген дауға қалып отыр. Өткен жылдың тамызында отставкаға кеткен ол министрлік тізгінін ұстаған сегіз айдың ішінде қосалқы шығындарға бөлінген қаражаттың 80 пайызын өзінің жеке қажеттілігіне жұмсап жіберіпті. Ол 120 мың еуроны құрайды. Тексеру авторларының хабардар етуінше, қаражат негізінен бұрынғы министрдің ведомствоға ешқандай қатысы жоқ адамдар – әлеуметтанушылармен, қоғамдық және діни ұйымдардың жетекшілерімен бірге түскі және кешкі ас ішуге төленген екен. Осылайша, ол өзіне қолдау көрсететін ықпалды адамдармен танысқан. Макронның бұл әрекеті мемлекет қаржысын сайлау науқанына пайдаланды деп дәрежеленіп отыр.
Осыдан біраз жыл бұрын президенттіктен ең басты үміткер саналған Халықаралық валюта қорының сол кездегі басшысы Доминик Стросс-Кан да қонақүйдегі «шатаққа» ілігіп, басы дауға қалғаны, басшылық қызметтен кетуге мәжбүр болғаны есте. Ал Франция президенті болғысы келген саясаткерлерге қарсы жасалған «компроматтар» қазірге осындай.
Сарапшылар президенттік сайлаудың екінші турына Франсуа Фийон мен Марин Ле Пен шығады, нәтижесінде 68 пайыздық көрсеткішпен Фийон жеңіске жетеді деген болжам жасап отыр.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»