
– Ел өзіңізді КВН арқылы жақсы таниды. Бірақ, өзіңіз КВН-да ойнадыңыз ба? Жалпы, бұл салаға қалай келдіңіз?
– Мектеп қабырғасында жүрген кезімде ептеп ойнағаным бар. Бірақ ол тіптен басқа КВН болатын, негізінен сұрақ-жауап, тақпақ айту, қойылым көрсетумен ғана шектелетін. Және жыл сайын бір қойылымды қайталап қоя беретініміз есімде... Кейіннен жоғары оқу орнында факультетаралық жарыстарға көп қатыстым. Бірақ, бұл жерде де КВН-ды қарық еттім деп айта алмаймын. Негізінен ұйымдастыру жұмыстары жағында жүрдім. Туған жерім – Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Шетырғыз деген ауыл. Жоғары білімді Шымкентте алдым. 1996 жылдары Шымкентте орыс тілінде КВН ұйымдастырдық, ал, 1999 жылы «Жайдарман» ойындары ашылып, қазылар алқасының құрамына ендім. Бірде КВН-ды жүргізетін жігіт ауырып қалды да амал жоқ, өзім жүргіздім. Жергілікті«Юмакс» радиосында жұмыс істеп жүргендіктен КВН жүргізу аса қиынға түскен жоқ. Жұрт жақсы қабылдаған сияқты. Міне, сол күннен бастап менің КВН-дағы жаңа жұмысым басталды деп айтуға болады. Бұл ойынды жүргізушінің міндеті тек командаларды таныстырып, шетінен шақырып отыру ғана емес. КВН-ның жақсы өтуін алдын ала жоспарлап, жинақты әрі қызықты болуына да көп ат салысуы қажет.
– Әрине, көрермен қауым біздің КВН-ды ОРТ арнасынан берілетін орыстың КВН-ымен салыстырады. Бұл КВН мен қазақ КВН-ының айырмашылығы, ерекшелігі бар ма?
– Бір-біріне ұқсайды деуге болады. Бірақ біздің КВН-да көп дүниені қазақы менталитетке лайықтап алдық. Жасыратыны жоқ, орыс тілінде өтетін КВН-да қысқа етек кию, ашық-шашық жүру, анайылау әзілдер айтуға рұқсат етілген. Ал біз ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып КВН-ға қазақы ортаға сай келетін конкурстар қостық. Рас, орыстардан көшіріп алған деп те айтады. Бірақ КВН-ды орыстың ойыны деп айту қате. Оны Кеңес одағы кезінде ойлап тапқандықтан бәрімізге ортақ ойын.
– Басқа елдердің КВН командаларымен байланыс, қарым-қатынас бар ма?
– Байланыс бар. Осы ойынды түркітілдес елдер арасында өткізуді жоспарлағанымызға біраз болды. Бастапқыда бір-бірімізді түсіне алмадық. Жыл сайын Сочиде халықаралық КВН одағының жиыны өтіп, командаларды лигаларға бөледі. Сол жиынға арнайы барып, командалардың біразымен сөйлескенбіз. Бәрі қолдаған сияқты болған. Бірақ кейіннен ұмытылып кетіп жатты. Содан әлеуметтік желілер арқылы татар, башқұрт, қырғыздармен байланысып, 2015 жылдың желтоқсанында Қырғызстанға бардым. Рас, алдында қырғыз командалары Алматыға келіп, өнерлерін көрсетіп жүрген. Бірақ деңгейлері төмен еді. Сол жолы қырғыздың «Тамашоу» деген лигасының басшысымен келісіп, қол алысып, 2016 жылы олардың мықты командасы бізге келіп ойнады. Бастапқы кезде арнайы фестивальдарға шақырамыз деп едік, олар біздің чемпионатқа толық қатысамыз деп шешіпті. Тәуекел деп рұқсат бердік. Жап-жақсы өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін барды.
– Сонда олар қырғыз тілінде өнер көрсетті ме?
– Жоқ, қазақ тілінде ойнады. Біз ақпан айында Бішкекке барғанда қырғыз тілінде ойнадық. Тілдің еш қиындығы жоқ. Жігіттер жарты-ақ күнде меңгеріп алды. Кейбір қиын сөздер ғана болмаса, бұл екі ұлт бір-бірін оп-оңай түсінеді. Содан Башқұртстанның жазғы кубогы туралы афишаны көріп қалып, басшыларына шығып едім, «келіңіз» деді. Тез арада Орал қаласына жетіп, жергілікті бір команданы ала салып көлікпен Уфадан бір-ақ шықтық. Шынын айту керек, біздің келгенімізге олар да аң-таң болды. Әрине, башқұрт тілі қырғыздыкіне қарағанда ептеп қиындау. Бір түн дайындалдық. Ертеңінде қатысып, бас жүлдеге ие болып, енді өзіміз аң-таң болдық. Сөйтіп, оларды Астанада өтетін қала әкімінің кубогына шақырдық. Олар келді, көрді. Кейбір жайттарды түсіндірдік. Башқұртстанда үлкен лигалар негізінен орыс тілінде жүреді. Әлі күнге хабарласып, ақылдасып тұрамыз. Сол жылдың қазан айында татар бауырлар шақырды. Оған да Оралдың командасын алып бардым. 18 команда қатысты. Ол жерде де бас жүлдені жеңіп алдық. Сонау Кавказда бізге жақын төрт ұлт бар. Құмық, ноғай, балқар, қарашай. Олармен де келісіп, Алла қаласа, осы айда сол жаққа жол жүрейін деп отырмыз. Одан кейін Қарақалпақстан, Өзбекстан, Моңғолиядағы қандастарымызбен байланыстық. 2014 жылы Қытайдағы бауырластарымыздың өтініші бойынша Шанхай қаласында КВН ойындарын өткізгенбіз. Содан бері байланысымыз үзіліп қалып еді. Қайтадан хабарласып, мамыр айының басында тағы фестиваль өткізбекшіміз. Ноғай, құмық, қарашай, балқарларға барғанда солардың тілінде ойнайтын боламыз. Олар бізге келгенде қазақша ойнайды. Сол жақтың жігіттерімен сөйлесіп жүріп, өзім де тілін меңгеріп қалдым. Міне, осылайша қазақ КВН-ы халықаралық деңгейде өнер көрсетуде.
– Біздің КВН-да команда мүшелерінің тұрақтылығы жоқ сияқты. Осы КВН арқылы танылған жастар көп ұзамай басқа салаға, әсіресе, телеарна саласына кетіп қала береді. Содан ба, көрермен жас командаларды шатастырып жатады.
– Бұл кәсіпқойлардың емес, әуесқойлардың өнері. Сондықтан, 4-5 жыл ойнағаннан кейін жігіттердің өз мамандығы немесе басқа сала бойынша ауысып кетіп жататыны рас. КВН-да оларға ешкім ақша төлемейді ғой. Бірақ, байқайсыз ба, КВН ойнаған жігіттердің өз замандастарынан ақыл-ойы, интеллектуалы жоғары, тәрбиелі болады. Мен осыған қуанамын.
– КВН-ның атын ауыстыру мәселесі де біраз «жыр» болған сияқты. Өткенде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі де бұл турасында пікірін айтып қалды...
– Негізі «Жайдарман» деген бұл телеарнадағы арнайы бағдарламаның аты. «КВН» сөзін дәлме-дәл аударатын болса, «Көңілді тапқырлар клубы» дегенге келмейді. «Веселый» сөзі «көңілді» емес, «әзілқой» дегенге көбірек келеді. Ал, «Клуб» дегеніміз «отау». Сонда «Әзілқойлар мен тапқырлар отауы» болуы тиіс. Қысқартып айтсақ – ӘТО. Жалпы, қазақ тіліндегі қысқартылған сөздер айтуға ыңғайлы емес. Сондықтан, ойласа келе «КВН» деген атаумен қалдық. Қазір біздің ұйым «Қазақстан КВН одағы» деп аталады. КВН-ды КТК деп ауыстырудың да қажеті жоқ. Бұл халықаралық бренд. «Жайдарман» деген жайдары адам дегенді білдіреді. Бірақ жасыратыны жоқ, ел бұл бағдарламаға қатысқан ойыншыларды жайдарманшылар деп кетті. Сахнаға КВН деп емес, «Жайдарман» деп те шығып жатырмыз. Халық жылы қабылдады.
– Жалпы, КВН-ның басты мақсаты не? Ойын алдында командалардың сценарийлерін бір сүзіп шығасыздар ма? Сценарийге байланысты сындар көп айтылады ғой.
– Бір емес, бірнеше рет сүзіп шығамыз. О баста анайы әзілдер болғаны рас. Қазір тоқтады. КВН де үнемі дайындық, жаттығуды талап етеді. Бір-екі жыл ойнамай қалған командалар сахнаға шыққанда қатты қиналады. Тағы бір ескеретін мәселе, КВН ойыншылары кәсіпқой емес. Театр бітірмеген. Тек қызығушылықпен келген. Көбінесе сценарийді өздері жазады. Әрине, бағыт-бағдар береміз. Дегенмен де, сәтсіз шығып, сынға ілігіп жатқандары да көп. Бүгін жазылған әзілдің бір айдан кейін арнадан көрсеткенде өзектілігі болмай қалуы мүмкін. Меніңше, КВН-ның басты мақсаты – қоғамда болып жатқан келеңсіз жайттарды ұтымды әзіл арқылы көрсету. Әр әзілдің астарында шындық бар.
– Соңғы мәрте КВН-дағы қандай әзілдерге шын көңіліңізбен риза болып күлдіңіз?
– Азаматтарды тіркеуге байланысты әзілге қатты риза болып күлдім. Бір жігіт тіркеуге келемін деп шіркеуге кіріп кетеді. Алдынан шыққан дінбасы «Балам, кіре ғой» дейді. Бұл «Тіркеу ме?» дейді ғой. «Жоқ, тіркеу емес, шіркеу». «Ой, адасып кетіппін ғой» десе, «Бізге адасқандар ғана кіреді ғой... Кіре берсейші» дейді анау. Сосын «Алдыңғы жылы Алматыны қайта-қайта топан су басты. Көшенің бәрі селге толды. Су деген бейпіл ағып жатыр. Міне, көрдіңіз бе, табиғаттың өзі Баландинге су жіберіп, чемпион болуға жағдай жасады» деген әзіл де өте сәтті шықты.
– Жалпы, КВН-да билет сату, демеуші табу мәселесі қалай шешілген?
– Қазір құндылықтар өзгерді ғой. Бұрын бір жапырақ қағаз үшін ойнайтын командалар бар еді. Қазір жүлде қорына қарайды. Сондықтан, демеуші міндетті түрде керек. Аймақтарда болған ойындарға жергілікті әкімдік қолдау көрсетіп жатса, билет сатылмайды. Жалпы, КВН-ның билеттері тез өтіп кетеді. Залды толтыра алмау деген мәселе ешқашан болған емес. Және билет бағасы да қымбат емес. Жастардың, студенттердің қалтасына лайық. Ал демеуші мәселесінде бізге негізінен телеарналар көмектеседі. Бағдарламамызды сатып алады. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы, жастар департаменті, әкімдіктер демеуші болады. КВН жыл сайын қанат жайып келеді. Қазір онға жуық облыстарда облыс әкімінің кубогы үшін чемпионаттар өтіп жатыр. Одан бөлек, елімізде көрікті жерлер көп қой, жаз кезінде Баянауыл, Бурабай, Алакөл, Қапшағайға барып ойындар ұйымдастырамыз. Бірақ, шынын айту керек, коммерциялық бағытта жобаларымыз бар, ал бұл іске қол ұшын созып жатқан кәсіпкерлер жоқтың қасы.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»