
«Құдайға шүкір, егемендігімізді алып, өз алдымызға ел болдық. Енді кімге жалтақтаймыз?» деп бастады әңгімесін Жамбыл ауданы, Гродеково ауылының тұрғыны Сұлтанәлі Аманжолов. Ақсақалдың көкейіне бүккен талай сыры бар екені байқалды. Талай жылдан бері сол ауылды қоныстанған, нанын жеп, суын ішкен аға буын бүгінгі жарқын заманға ризашылық пейілдерін білдіре келе, ауыл жайынан әңгіме қозғады. Басты әңгіме ауылдың атауына байланысты өрбіді.
Гродеково ауылдық округіне Гродеково және Қызылдихан ауылдары жатады. Бүгінде Гродеково ауылының өзінде 2278 қазақ отбасы болса, 2142 күрд ұлтының өкілдері тұрады. Сондай-ақ, орыс, татар, қырғыз, өзбек, неміс және өзге де ұлттар осы ауылда шоғырланған. Бір айта кетерлігі, бұл ауыл ынтымақ пен бірліктің шынайы көрсеткішіндей. Себебі, «Тілі басқа болса да тілегі бір» азаматтар талай жылдан бері Гродеково ауылында тұрып келеді. Алайда, Қырғыз Республикасының Талас облысымен шекаралас аймақтың атауы әлі күнге дейін өзгертілмеген. Не себепті ауылдың атауы әлі күнге орыс генералының атында екені белгісіз.
– Кезінде соғыс ардагері Оразбай Мейірманов бастаған біраз азамат ауылдың атын өзгертуге халық арасында насихат жасаған едік. Сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де құжаттар дайындалды. Бірақ ол кісі бұл күнге жете алмады. Осыдан алты жыл бұрын ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына ауылдың атын Ынтымақ, округтің атын Алатау деп атасақ деп ойлағанбыз. Себебі, бұл жерде түрлі ұлттың өкілдері тұрып жатса да, ынтымағы жарасқан елміз. Сондай-ақ, аулымыздың екі жағында да Алатау. Енді міне, өткен жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын да абыроймен өткіздік. Бірақ Гродеково ауылының атауы әлі күнге өзгеріссіз қалып отыр. Еліміз егемендік алғалы бері талай жердің атауы өзгерді ғой. Бұл ауылға келгенде неге тоқтап қалғанын білмеймін, – дейді Гродеково ауылының тұрғыны Қадірбек Егембергенов.
Гродеково ауылы Тараз қаласының оңтүстік-шығысында 12 шақырым қашықтықта Талас өзені аңғарының сол жағасында орналасқан. Он тоғызыншы ғасырдың соңында іргесі қаланған ауыл әуелгіде Әулиеата гарнизонындағы әскери қызметтен босаған сарбаздар қоныстанғандықтан, село Солдатское аталған екен. Кейіннен ауылға патша әскерінің Оңтүстік Қазақстандағы қолбасшысы Гродековтың аты берілген.
1973 жылы жарық көрген «Қазақ совет энциклопедиясында» көрсетілгендей, Николай Иванович Гродеков генерал, Мемлекеттік кеңестің мүшесі, әскери жазушы. 1883 жылы Сырдария облысы әскерлерінің, ал 1906-1908 жылдары Түркістан әскери округінің қолбасшысы болған. Енді тұрғындар бір кезде беріліп кеткен Гродеково ауылының атауы өзгертіліп, қазақша атау берілсе дейді. Ауыл тұрғыны Бекмұрат Аяпұлы да өз ойын осы тұрғыда сабақтады.
Ауылдағы мыңдаған тұрғынмен тілдесіп шығу мүмкін емес, әрине. Дегенмен, көп жағдайда атау мәселесінде пікір екіге жарыла беретін көрінеді. Осы күнге дейін ауылдың атын ауыстыру бойынша ауылда екі рет жиналыс өткізіліп, жиын қорытындысы облыстық ономастика комиссиясына жолданған екен. Облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Зиба Құламанова Гродеково атауын өзгерту туралы мәселе көптен бері көтеріліп жүргенін айтады.
Бұл бастаманы күрд ұлтының өкілдері де қолдап отыр екен. Ауыл тұрғындарының елу пайыздайын аталған ұлт өкілдері құрап отырғанын ескерсек, бұл да үлкен күш екенін байқауға болады. «Барбанг» Қазақстандағы күрдтер қоғамдық бірлестігі қауымдастығының Жамбыл ауданындағы ресми өкілі Сабри Асанов та бұл тұрғыда пікірдің екіге бөлініп отырғанын жеткізді. Расында да, ауылдағы кейбір ұлт өкілдері Гродеково атауының ауысқанын қаламайтын көрінеді. Ал осы жерге келгеніне сексен жыл болған жергілікті күрд ұлтының өкілдері атынан Сабри Асанов ауылдың атын ауыстыруды қолдайтынын айтып отыр.
Гродеково ауылы бүгінде өркендеген ауылдың біріне айналды. Ауылда ауданда жоқ мәдениет үйі бар. Одан бөлек, білім беру, денсаулық сақтау мекемелер де лайықты деңгейде халыққа қызмет көрсетуде.
Жамбыл ауданы – бүгінгі таңда облыстағы өркендеген, өрлеген аймақтың бірі. «Құтты мекеніміз – Жамбыл ауданы өткен жылы әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштерде алға қойылған межелерді орындап қана қоймай, көптеген салада күтілген нәтижелерден артық көрсеткіштерге қол жеткізді. Ауданымыз дәстүрлі түрде облыс көлемінде алдыңғы қатарда» деген аудан әкімі Мәден Мұсаевтан ауылдардың орысша атауының ауыспай тұрғаны жөнінде сұрағанымызда, нақты жұмыстар жасалып, ұсыныстар беріліп жатқанын айтты.
Ауыл шаруашылығы қарышты дамып, өндірісі өркендеген, білімімен бәсекеге қабілеттілік орната алатын ауданда ауыспаған атау жалғыз Гродеково емес. Колхоздастыру кезеңінде қойылып кеткен Пионер ауылы әлі күнге дейін сол атаумен аталып жүр. Пионер ауылдық округінің тұрғындары мен жергілікті қоғамдастық мүшелері жиналысында да бұл мәселе көтерілген екен. Тұрғындар округ атауын Қарасу деп атауды ұсынған. Ақсақалдар алқасының мүшесі Асқанбек Байтоқов ауыл атауын Ащыбұлақ деп атауды ұсынып отыр екен. «Осы мәселе бойынша ауылдың әкімдігіне талай рет келдім. Әуелі ұсыныс облыстық ономастика комиссиясына жолданған кезде ауылымыз Ащыбұлақ аталатын болды деп қуанып едік, бірақ сол Пионер күйінде қалды. Ащыбұлақ деген – жер-судың аты. Кезінде ауыл іргесінде бұлақ болған. Тұрғындар әуелгіде сол жерден су ішіп, қажетіне жаратып тұрған. Кейіннен бұлақтың ащы дәмі біліне бастаған соң, осылай Ащыбұлақ аталып кетті. Сол Ащыбұлақтың үлкен өзен болып аққаны есімде», дейді қария.
Ал «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмаханов Пионер сөзінен ешбір сөкеттік көріп тұрмағанын, қайта бұл сөз «Жаңару» деген мағына беретінін айтады.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының мәліметінше, облыста 152 ауылдық округ, 1 облыстық, 3 аудандық маңызы бар қала, 384 елді мекен және 5394 көше бар. Тәуелсіздік алған жылдардан бері 1924 көше, 172 нысан, 146 елді мекен атауы қайта аталған.
– Өңірдегі ономастика саласын жүйелендіру мақсатында әрі қазіргі идеологиялық көзқарас бойынша көнерген және оларға жаңа атау беру пікір қайшылығын тудырмайтын елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктеріне және физика-географиялық атауларды топонимикалық тарихи атауларға өзгерту шараларын қабылдау бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде, – дейді басқарма басшысы Ғалия Боранбаева.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы