
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезектен тыс отырысын өткізді. Іс-шара Мемлекет басшысы қол қойған Қазақстанның жаңартылған Конституциясына арналды.
Сөз басында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары бұл күн еліміз үшін тарихи күн екенін айтты. Сондай-ақ, ол бір ай бойы қазақстандықтар Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді қызу талқылағанын қатысушылардың есіне салды. Одан бөлек, Қазақстанның әр түкпірінде осы мәселеге қатысты ондаған мың кездесу ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында мыңдаған мақала жарияланғаны айтылды. Әлеуметтік желілерде де бұл тақырыптың бірінші орынға шыққаны назарға алынды.
Мәселен, ауқымы кең осынау бүкілхалықтық үнқатысудың нәтижесінде еліміздің барлық аймағының тұрғындары мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде 6 мыңнан астам ұсыныстарын жеткізген болатын. Олардың барлығы тыңғылықты сарапталып, Конституциядағы түзетулерден лайықты көрініс тапты. Ал еліміздің заң шығарушы органындағы бірнеше сағатқа жалғасқан қызу талқылаудан кейін депутаттар жаңа түзетулер енгізуге қолдау білдірді.Осыған орай, Ата Заң екі оқылымда қабылданып, Мемлекет басшысының қарауына жолданды.
«Конституциялық кеңестің оң шешімінен кейін Елбасы бұл тарихи құжатқа қол қойды. Осылайша, Президент Қазақстанның жаңа саяси құрылымының іргетасын қалады» дей келе, Мұхтар Құл-Мұхаммед Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы Ата Заңның жаңа редакциясын толық қолдай отырып, күшті президенттік биліктің сақталуы мен жаңартылған Конституцияда тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше рөлі одан әрі нығая түскенін айрықша атап өтті.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары: «Бар болғаны ширек ғасырдың ішінде елімізді әлемдік деңгейдегі өте қуатты және беделді мемлекетке, сондай-ақ, тұрақтылықтың, бірліктің және қарқынды экономикалық дамудың орталығына айналдырған Мемлекет басшысы Қазақстан жолының аса көрнекті сәулетшісі болып табылады», деді.
Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхаммед конституциялық реформаның басты мақсаты, ең алдымен, қоғамды ұйыстыру екенін айтты. Өйткені, Елбасымыздың Үшінші жаңғыру мен «Қазақстан-2050» даму стратегиясы аясында алдымызға қойған міндеттерінің ауқымдылығы мен аса күрделілігі ескеріліп, жаңа кезеңде де бірлік, біртұтастық және тұрақтылық сияқты негізгі құндылықтардың маңызы арта бермек.
Сондай-ақ, Мұхтар Құл-Мұхаммед барша коалиция мүшелеріне қарата: «Ата Заңдағы жаңа нормалар өз әлеуетін іс жүзінде толық көрсету үшін Қазақстанның барша азаматтық қоғамы, соның ішінде, алдымен саяси партиялар жұмыстарын сапалы түрде жаңғыртулары керек. Себебі, бүгінде Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының қатарындағы партиялар мен қоғамдық бірлестіктер халық пен билік арасын байланыстыратын басты алаң болып табылады. Жаңартылған Конституциядан кейін мемлекеттік басқару мен атқарушы билікке ықпал етудің қуатты тетігіне ие болған Парламенттің жұмысына да дәл біздер бағыт-бағдар беріп отырамыз», деді.
Бұл күнгі жиын барысында коалиция мүшелері сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Мәселен, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев бір ай ішінде болған жалпыхалықтық талқылау барысында мыңдаған азамат өз пікірі мен ұсыныстарын айтуға мүмкіндік алғанын жеткізді.
«Жалпы алғанда, біз сол талқылаулардың нәтижесінде бүкіл елімізді біріктіретін, жұмылдыратын шешімге келдік деп айтуға болады. Мәселен, 26-бап бойынша қаншама қызу пікірталас болды. Елбасымыз, бұл орайда, өте салмақты шешім қабылдап, ол бапқа ешқандай өзгеріс енгізген жоқ. Десек те, саяси жүйе тетіктерін жетілдіру мақсатында Конституциямыздағы көптеген баптар бойынша оң өзгерістерге қол жеткіздік», деді «Ақ жол» партиясының төрағасы.
Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясының хатшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков: «Конституциялық реформа алдағы уақытта Қазақстаның әрі қарай дамуына көп әсер ететіні белгілі. Депутаттар – халықтың өкілі. Сондықтан, Парламенттің бақылау-қадағалау тетіктері, сондай-ақ, Парламенттің алдында Үкіметтің жауапкершілігі күшейсе, саяси күштердің, яғни партиялардың да рөлі артатын болады» десе, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев Конституция бойынша ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар елдің бірлігін, ынтымағы мен татулығын қамтамасыз етуге сеп болатынын айтты.
«Оған бүкіл қазақстандық ат салысты. Қазақстанның жұртшылығы елімізде болып жатқан жаңғыртуларға, мемлекет болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Біздің партиямыздың өкілдері де 100-ден астам іс-шара өткізіп, жұмысшы тобына өздерінің 100-ге тарта ұсыныс-пікірлерін берді. Ал Конституциямызға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар еліміздің жаңа белеске көтерілуіне жол ашады деп ойлаймыз», деді Ә.Бектаев.
Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының тағы бір мүшесі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов Елбасы
Н. Назарбаевтың ұсынысымен Ата Заңға енгізілген өзгерістер халық тарапынан қолдау тапқанына, жобаны талқылау кезінде түскен ұсыныстардың ескерілгеніне тоқталды.
«Конституцияға енгізілген өзгерістер мемлекет дамуына, азаматтық қоғамға оң ықпал етуі керек. Осылайша, біз халықтың сеніміне ие боламыз», деді О.Әбдікәрімов.
Бұдан кейін «Бірлік» саяси партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов, «Қазақстанның азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Нұрлан Ерімбетов, «Қазақстан украиндарының радасы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, Парламент Мәжілісінің депутаты Юрий Тимощенко, «Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Бақытжан Жұмағұлов, Қазақ гуманитарлық-заң университеті Құқықтық саясат және конституциялық заңнама ғылыми-зерттеу институтының директоры Сергей Ударцев, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев сөз алып, конституциялық реформа төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды.
Отырыс барысында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы жаңартылған Конституцияны қолдау мақсатында қазақстандықтарға өзінің арнайы үндеуін жариялады (Ол бөлек жарияланып отыр).
Жиынды қорытындылаған Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Бүкілхалықтық талқылау негізінде қабылданған жаңартылған Ата Заңымызды бірлік пен келісім Конституциясы деп атауымыз керек. Бүгін осы тарихи құжатқа қол қою арқылы Елбасы бізге үлкен сенім артып отыр. Сондықтан біз бар күш-жігерімізді осы сенім мен жауапкершілікті ақтауға жұмсауымыз керек», деді.
Бұл ретте, Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы еліміздегі 5 жетекші саяси партияны, 23 ірі қоғамдық бірлестікті біріктіретінін атап өткен жөн.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Демократиялық күштердің "Қазақстан-2050" Жалпыұлттық коалициясының Үндеуі
ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!
Еліміз жаңа тарихи дəуірге аяқ басты. Бүгін, 2017 жылғы 10 наурызда Елбасымыз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер
мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойып, Қазақстанның саяси, экономикалық жəне əлеуметтік жаңғыруының іргетасын қалады.
Мемлекет басшысы бастамалық еткен конституциялық реформаларды бұрын-соңды болмаған кең көлемдегі жалпыхалықтық талқылауы, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі алты мыңнан астам ұсы ныстары, еліміздің жоғарғы заңнамалық органының Негізгі Заңға өзгерістерді жан-жақты қарастыруы мен қабылдауы – бұл Қазақстан халқының азаматтық келісімі мен бірлігінің дəлелді көрінісі, Елбасының елімізді жаңғыртудағы салиқалы саясатын қазақстандықтардың бірауыздан қолдауының дəлелі.
Елбасымыз Парламенттің бірлескен отырысында атап өткендей, конституциялық реформа ең алдымен біздің қоғамды шоғырландыруға бағытталған.
Еліміздің Президенті «Үшінші жаңғыру жəне «Қазақстан -2050» даму стратегиясы аясында алға қойған мақсаттардың ауқымдылығы мен күр делілігін ескерсек, Тəуелсіздік, бірлік,
тұрақ тылық, этносаралық жəне конфессияаралық келісім сияқты іргелі құндылықтардың маңызы тек арта түседі.
Негізгі Заңның қағидатты түрдегі маңызды ережесі ол мықты президенттік биліктің сақталуы жəне жаңартылған Конституцияда Тəуелсіз Қазақ стан ның негізін салушы Нұрсұлтан
Əбішұлы Назарбаев тың ерекше рөлін орнықтыру болып табылады.
Тəуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Қазақстан табыстарының басты архитекторының үздік басқаруымен біздің республика ширек ғасырдың ішінде бүкіл əлемге əйгілі, тұрақтылық, бірлік жəне қарқынды экономикалық даму орталығы болып табылатын қуатты жəне беделді республикаға айналды.
Жаңартылған Конституция бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің одан да тиімді жəне үйлесімді жұмыс істеуіне мықты мүмкіндік туғызады. Экономика саласында Үкіметтің атқарушы өкілеттіктері мен дербестігінің кеңеюі жəне оның жауапкершілігі мен Парламент алдындағы есеп беруі саяси жүйенің тұрақтылығы мен мемлекет дамуының ұзақ жылдық кепілі болып табылады.
Парламенттің Үкімет қызметін бақылаудағы өсіп келе жатқан рөлі Үкіметтен ағымдағы жəне стратегиялық жұмыстың сапалы жаңа деңгейін, жоғары заң шығарушы орган, ол арқылы
Қазақстан халқы алдындағы ашықтығы мен есеп беруін талап етеді.
Мұның Қазақстан экономикасының инновациялық даму мақсаттарына жəне əлемнің алдыңғы қатарлы 30 мемлекетінің деңгейіне жетудегі маңызды мəні бар.
Парламент жəне жергілікті өкілетті органдар рөлінің өсуі халық пен билік арасындағы негізгі байланыстырушы тетік, саяси процестер мен қоғамдық талқылаулардың белсенді субъектілері, барлық əлеуметтік топтар мүддесінің өкілі ретінде Қазақстанның барлық саяси партияларының жауапкершілігін жəне даму мүмкіндігін күшейтеді. Саяси жүйені дамытудың Конституцияға енгізілген үлкен əлеуеті еліміздің барлық саяси партиялары мен қоғамдық бірлестіктеріне қосымша талаптарды жүктейді.
Еліміздің Ата Заңының дəуірлік жаңғыртылуы қолданыстағы заңдарды ретке келтіру, азаматтық қоғамның жалпы заңнамалық базаны жетілдіруге жəне конституциялық реформаларды одан əрі жүзеге асыруға кеңінен қатысуы бойынша ауқымды жұмыстарды қажет етеді.
Біз, Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының мүшелері, барлық əлеуметтік топтардың мүддесін білдіретін жетекші саяси күштер мен үкіметтік
емес ұйымдардың өкілетті жəне беделді ұйымы ретінде мемлекеттің барлық азаматтарын қоғамдық келісім мен бейбітшілік, тұрақтылық пен еліміздің дамуы үшін конституциялық реформаларды қолдауға жəне оны іске асыруға белсенді қатысуға шақырамыз.
«Нұр Отан» партиясы, «Ақ жол» демо кратия лық партиясы, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық партия-
сы, «Қазақстан Республикасының кəсіп одақтар федерациясы» республикалық кəсіподақтар бірлестігі, «Атамекен» Қазақстан Республикасының ұлттық кəсіпкерлер палатасы, «Қазақстан кəсіпкерлерінің форумы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Республикалық əйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылымдар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның кəсіпкер əйелдері одағы» қоғамдық бірлестігі, «Жасыл» экономиканы қолдау жəне G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның іскер əйелдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан ардагерлері» Ауғанстан соғысы ардагерлерінің қауымдастығы, «Қазақстан украиндары радасы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Қазақстан мүгедектерінің конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымдарының одағы» қоғамдық бірлестігі, Астана қалалық демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» коалициясының мүшелері.