
Бұрын...
Әкеміз ауылдың қадірменді ақсақалы болған соң шығар, біздің үйде «көрісу күнінің» таңы тым ерте «ататын». Анамыз түн ортасынан тұрып, табақ-табақ бауырсағын пісіреді. Дастарқан жайылып, бар тәтті кебежені тастап шығады. Жеті шелпек ортадан орын алады. «Бірінші кім келіп көрісер екен?!» – ата-анамыздың көкейінде осы сұрақ тұратын. Былтырғы, арғы жылғы көрісу күндері еске алынып, «жыл жақсылығымен келгей» деген игі тілек тілдің ұшынан төгіле беретін... Ал біз, кішкентайлар ше? Үйге үлкен кісі келіп қалмас бұрын өзің барып көрісіп, батасын алу, қалтаны кәмпитке толтыру – әрбір балаға сын. Тіпті, өзің бірге ойнап жүрген құрбыңның алдын орап, ең тәтті, ең әдемі сияпатты иеленсең, абыройың асқақтап, қатарыңның алды атанасың. Үлкендер де ерте тұрған, алдымен көріскен балаларға ерекше ықылас танытып, айрықша бата беретіндей.Алматыда
Туған жерден алыста, оңтүстік астанада жүргенде жалпы батыстықтар – оралдық, атыраулық, маңғыстаулық, ақтөбелік дос-жаран – бір-бірімізді бір үйдің, бір ауылдың баласындай жақын тартатынбыз. Жоғарыда аталғандарға Өзбекстаннан келген қандастар да қосылатын. Бізді, әсіресе, біріктіретін, өзгелер қызыға да қызғана қарайтын дәстүр – дәл осы көрісу еді. Бейнеуден келген Сағындық курстасым бірер жас болса да үлкендігін бұлдап, «әй, балдар, ақсақалға амандаспайсыңдар ма?!» деп алдымыздан шығады. Сол күні «Миялының ибалы қызы Салтанат келіп көріскенде бере қоямын ғой» деп, қалтама бірер кәмпит салып жүремін. Түс ауа филология факультетінен сабақтан жаңа тараған Батырболат жетеді. Ал нөкістік Бауыржанға барып көрісу – біздің міндет. Кішіміз ғой. Бұл – шығыстану факультетіндегі жерлесім Гүлімге, философия және экономика факультетіндегі ауылдасым Ғалияға достарымды ерте арнайы «көрісе» барып, арқа-жарқа әңгімемен шәй ішіп қайтуға мүмкіндік беретін тамаша мейрам болатын. Осылайша, мәре-сәре болған батыстықтарға бүкіл Алматы қызыға қарайтындай көрінетін. Бұл – бүкіл Орталық Азия атап өтетін әз-Наурыздан, күн мен түннің теңелетін сәтінен мүлде бөлек, басқа мейрам еді.Бұл қандай мейрам?
«Көрісу – Батыс Қазақстан аймағында ғана сақталған ежелгі дәстүр. Жаңа жылды Байбақты Қазыбек календары бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды көрісу (яғни, қауышу) күні деп атайды. Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін шеке асына шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туысына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Көрісу – тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкенге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені «Көрісу» салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себеппен 14 наурыз күні болмаған, сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруі тиіс». («Батыс Қазақстан облысы» энциклопедиясынан)14 наурыз қайдан шықты?
Жалпы осы мейрам-салттың қайдан шыққаны жөнінде нақты дерек табу қиын. Бұрынырақ жыл басы, яғни наурыз айының бірінші күні саналатын бұл мерекені Ресейдің юлиан календарынан григориан календарына ауысқанда пайда болған 13 күндік айырмашылыққа жорып жүретінбіз. Тарихқа көз жіберсек, Ресейдің көне календарын І Петр өзгертіпті. Патша Жарлығы бойынша орыстардың «дүние жаралғаннан бері саналып келген 7208 жылы» енді «Христос туғаннан бері 1699 жыл» санала бастаған. Сөйтіп, 1700 жылдың 1 қаңтарында Жаңа жылды орыстар да сол кездегі барша еуропалықтармен бірге атап өткен. Бірақ кейін Еуропа елдері григориан күнтізбесіне көшкенде, Ресей 13 күндік айырмашылығы бар ескі календарымен қала беріпті. Мемлекетаралық дипломатиялық қарым-қатынаста елеулі қиындық туғызатын бұл «қатені» түзеген В.Ленин екен. 1918 жылы 24 қаңтарда қол қойылған «Россия республикасында батыс еуропалық календарды қолдану туралы декретке» сәйкес, 1918 жылы 31 қаңтардан кейін келетін күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелген. Кеңес кезінде «Ұлы Октябрь (қазан) социалистік революциясының» (ескіше 25 қазанға сәйкес келетін) кезекті мерекесі 7 қарашада тойланған себебі сондықтан. Міне, Қазақстанның батыс өңірінде наурыздың алғашқы күні, жыл басы ретінде 14 наурыз аталып өтілетіні осы юлиан календарымен байланысты емес пе екен? – деген болжамымыз бар. Өйткені, ел ішіндегі егде кісілер әлі күнге дейін әр айдың басын 14-інен есептеп, «нағыз ай енді басталды» деп отыратынын құлағымыз шалған.Байбақты Қазыбек деген кім?
Жоғарыда Батыс Қазақстан энциклопедиясынан келтірген үзіндіде халық астрономы Байбақты Қазыбек туралы там-тұм айтылды. Ондағы дерек бойынша, 1869 жылы Санкт-Петербургтан шыққан «Түркі тілдерінің 2 томдық салыстырмалы сөздігінде» Л.Будагов «Қазыбек Наурыздың» «Жас Наурыздан» (22 наурыздан) 10-11 күн ерте келетінін жазыпты. Бір қызығы, бұл күн қайыру жүйесін орта ғасырларда күллі Орта Азия халықтары қолданған көрінеді. Бұл мереке туралы тағы бір дерек 1900 жылы Қазан баспасынан шыққан «Тізбелік көрсеткіштер» жинағында да бар екен. Мұнда қазақтың тарихы мен этнографиясын зерттеуші ғалым А.Алекторов Байбақты Қазыбек календары туралы да айтып өткен. Қазақтың әйгілі жазушысы Ғабит Мүсірепов 1977 жылы 18 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінде осы туралы арнайы мәселе көтеріп, «бұл жайды біздің Батыс Қазақстан ғалымдары білуге тиісті» депті. Алайда, осы мәселе әлі күнге дейін жүйелі зерттеушісін таппай жатқан сыңайлы. Тіпті «Халық календары» атты тамаша кітап жазып, әлемдік және қазақы жыл қайыру дәстүрін терең зерттеген Мыңбай Ысқақов ағамыз да Батыс Қазақстандағы көрісу дәстүрі туралы ештеңе айтпапты. Айтпақшы, бүгінде өмірден өтіп кеткен ардагер, аңшылық десе ішер асын жерге қоятын Есқайыр Сисенов ақсақал да «Қазыбек наурыз (14 наурыз) күні қандай аяз, қандай қалың қар болса да, сарышұнақ тышқан далаға шығып, айналасын барлайды, інін тазартады» деуші еді. Ғұмырын далада, түз тағысының мінез-құлқын бағумен өткізген жанның бұл сөзіне күмәнданудың реті жоқ. Қалай болғанда да 14 наурыз – әлдебір астрономиялық қасиеті бар ерекше күн болғаны, оны аталарымыз байқай білгені рас секілді...Биыл
Маңғыстау облысында көрісу күнін жергілікті жұрт «амал» деп атайды. Соңғы жылдары бұл мерекені жергілікті билік, облыс басшылары көпшілік шараға айналдырып, Отпан тау басындағы Адай ата кешенінде кеңінен атап өтуді дәстүрге айналдырған. «Амал» (хамал) – наурыздың көне атауы. Хамал, сәуір, зауза, саратан, әсет, сүмбіле, мизан, ақырап, қауыс, жеді, дәлу, хұт деп келетін арабша ай атауларын күнделікті тұрмыста қолданатын көнекөз қариялар ел ішінде әлі де бар. Орал қалалық мәдениет бөлімі биыл тұңғыш рет Көрісу күніне орай мерекелік шара ұйымдастырып жатыр. Дина күйші атындағы жаяу көшеге арнайы сахна құрылып, ән-күй, сахналық көріністер қойылмақ. «Жиналған ел-жұртқа мерекенің мән-мағынасы түсіндіріліп, үлкендердің қолын аламыз, бата беріледі» дейді бөлім басшысы Сайран Дүйсентегі. Ал жергілікті жұрт әулие санап, басынан зияратшылар үзілмейтін Дәдем ата мекенінде Көрісу мерекесі биыл екінші рет өткізілгелі отыр. Дәдем ата – Жұмағазы қазірет қорының төрағасы Ғарифолла Жамбозов Ұлыстың ұлы күніне орай арнайы мал шалып, елге сыйлы ақсақалдарды шақырып қойған. - Биылғы бағдарламада Көрісу күні, өлке тарихы бойынша шежіре әңгімелер айтылады, тақырыпқа сай терме, күй, батырлар жыры орындалады. Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған «Жыл адамы» байқауы бойынша әр түрлі аталым иелерін марапаттау рәсімі өтеді, - дейді осы шараны ұйымдастырушылардың бірі, «Телегей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Сәдір. P.S. Сонымен, түбі қайдан шықса да, Көрісу – тамаша дәстүр, имани салт екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Алысты жақындататын, өкпені кешіретін, татулықты арттыратын мереке – Көрісу айты құтты болсын! Бір жасыңызбен, ағайын! Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ