
Бүгінде облыста 296 мәдени (тіл және архив) мекемесі жұмыс істейді. Онда 2 194 қызметкер еңбек етсе, олардың 1 358-і ауылдық жерлерде, ал 836-сы қалалардағы мәдени ұйымдарда қызмет атқарады.
– Биыл 9 айда облыс көлемінде ұлттық өнер мен руханиятты дәріптейтін бірқатар маңызды мәдени іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Адай Азаматовтың 70 жылдық шығармашылық кеші, ақын Төлеген Жанғалиевтің 75 жылдық мерейтойы, композитор Олег Жанияровтың 80 жылдығына арналған концерт және Мәдениет Ешекеев атындағы дәстүрлі әншілердің республикалық байқауы ұйымдастырылды, – деді Абзал Сапарбекұлы.
Сонымен қатар, «Абай елі – өнер кеніші» атты облыстық көркемөнерпаздар байқауына 10 ауданнан 1 500-ге жуық өнерпаз қатысып, үздіктер марапатталды. Бас жүлде Абай ауданына табысталып, барлық қатысушыларға 1 миллион теңге мөлшерінде қаржылай сыйақы берілді.
– Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында облыс бойынша 100-ге жуық мәдени, ғылыми және спорттық іс-шара өткізілді. 10 тамызда Қарауылтөбеде өткен басты мерекелік жиынды 50 мыңға жуық көрермен тамашалады. Сондай-ақ театр және музыка саласы да қарқынды дамуда. Мәселен, Абай атындағы театр 9 айда 157 спектакль қойып, 39 мыңнан астам көрерменді қамтыды. Театрдың екі труппасы халықаралық фестивальдерде гран-при иеленді. Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония 85 концерт өткізіп, 24 мыңға жуық көрерменге рухани сый тартты, – дейді басқарма басшысы.
Абай облысы