
Шикізат дәуірінің дәурені шектеулі
Қазақстан үшін соңғы жылдары экономикалық дамудың жаңа формуласын іздеу қажеттілігі туындай бастады. Мәселе мұнай-газ саласынан түскен табысты ішкі сұранысқа айналдыруға негізделген бұрынғы даму үлгісі өзінің маңыздылығын біртіндеп төмендетіп келе жатқандығымен байланысты еді. Әлемдiк энергетика нарығындағы соңғы жаңалықтар мұнай дәуiрінiң аяқтала бастағанынан хабар беретіндей. Одан басқа, Қытай экономикасының бәсеңдеуi және Ресей экономикасындағы дағдарыс жағдайы қазақстандық экспортқа деген сұраныстың төмендеуіне әкеліп соқтыруда. Сыртқы факторлардың жағымсыз әсеріне қарамастан, Қазақстан Үкіметі рецессияға жол бермей, экономикалық өсiмнің оң көрсеткіштерін қамтамасыз ете алды. Қазақстанға жай ғана экономикалық өсу емес, сапалы экономикалық даму қажет. Өнеркәсіпке кең ауқымда ақпараттық технологияларды енгізу және қуат үнемдейтін өндiрiстерге көшу нәтижесінде Төртiншi өнеркәсiптiк революция басталуда. Мұның бәрi Қазақстан үшiн дамудың жаңа моделіне көшу маңыздылығын арттырып отыр.Еңбек тиімділігін арттыру ұтымдылыққа апарады
Көптеген дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, еңбек өнімділігін арттыру тұрақты және қарқынды экономикалық өсудің кепілі болып табылады. Өнімділік көрсеткішін арттырмай, экономиканың сапалы жаңа даму деңгейіне шығу мүмкін емес. Еңбек өнімділігін арттыру үшін өндірістік үдерістерді автоматтандыру және роботтандыру жоспарлануда. Сонымен бірге, мемлекет негізгі капиталға инвестициялар тартуды көздеп отыр. Осыған байланысты Елбасы Үкіметке негізгі салаларды техникалық қайта жарақтандыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Біздің ойымызша, негізгі капиталды арттыру орта мерзімді болашақта экономиканың жоғары қарқынмен дамуына зор мүмкіндік береді. Сонымен бірге, үлкен инвестициялар өздігінен нәтиже әкеле алмайтыны түсінікті. Мұндағы негізгі мәселе инвестициялардың сапасына және олардың өндірістік қуаттылығының тиімділігін арттыруға бағытталғандығымен байланысты.Дәстүрлі салаларды дамытудың артықшылықтары көп
Елбасы атап көрсеткендей, экономикалық өсудің жаңа моделінің басты мақсаты – еліміздің шикізат емес экспортын дамыту. Бұл ретте, Президент басым салалардағы экспортты дамыту мақсатында экономиканы одан әрі индустрияландыруға ерекше көңіл бөлді. Экспорттаушыларға көмек көрсету мәселесінде де шикізат емес өнімдерді сыртқа жөнелтетіндерге басымдық беріледі. Экспорттаушыларды, соның ішінде өңірлердегі кәсіпкерлерді қолдауды «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Үкімет жанында бизнес өкілдерінің қатысуымен экспорттық саясат жөніндегі кеңес құрылады. Дамудың жаңа үлгісіне көшу Қазақстан экономикасының тұрақтылығын және өркендеуін қамтамасыз етіп отырған кен-металлургия және мұнай-газ кешендерін дамытуға тікелей байланысты екендігін ескерген жөн. Жалпы, еліміздің экономика және әлеуметтік салалардағы бүгінгі жетістіктеріне мұнай-газ секторы және тау-кен өнекәсібінің арқасында жетіп отырғанын мойындауымыз қажет. Сондықтан, аталған салалар өздерінің стратегиялық маңызын сақтап қалады. Мұнай өнеркәсібі бүгінде күрделі кезеңді басынан кешуде. Көмірсутегі өнімдеріне деген әлемдік сұраныс төмендеуде. Инвесторлардың назары жаңғыртылатын энергия көздеріне ауысуда. Болжам бойынша, таяу арадағы 10 жылда мұнай бағасы 60 доллардан аспайды деген пікірлер де бар. Төмен баға жағдайында мұнайдың жаңа нарықтарға шығуы ең оңтайлы стратегия екендігі белгілі. Осы ретте, Президент кен орындарының материалдық-шикізаттық базасын кеңейтудің маңыздылығына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, Қазақстан мұнайшыларына шикізатты кешенді қайта өңдеуді тереңдету тапсырмасы берілді. Бұл жердегі басты мақсат – елімізде өндірілетін ресурстардың жоғары қосымша құнға ие болуы және олардың сыртқы нарыққа терең өңделген өнім ретінде экспортталуы.Ауыл шаруашылығы – жаңа драйвер
Жолдаудағы экономикалық дамудың жаңа драйвері ретінде аграрлық сектор көрсетілген. Шын мәнінде, ауыл шаруашылығы Қазақстанның дәстүрлі бәсекелік артықшылықтарының бірі ретінде қарастырылатыны белгілі. Сондықтан, бұл жерде әңгіме мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін реттеуге деген қандай жаңа құралдарды қолданатыны туралы болып отыр. Осы ретте, Үкіметтің жеке шаруашылықтарды ірілендіру бойынша жоспары назар аудартады. Ауылдағы үй шаруашылықтарын ірілендірудің маңыздылығы туралы пікірлер бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Қазіргі кезде кең тараған ұсақ тауар өндірісі жағдайында сапалы түпкілікті өнім шығару қиындық туғызуда. Сондықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңделу деңгейін арттыру мақсатында Үкіметке 500 мыңнан астам үй шаруашылығын және кіші фермерліктерді кооперативтерге біріктіру үшін жағдай жасау тапсырылып отыр. Оны таяу арадағы бес жылдың ішінде жүзеге асыру жоспарлануда. Жалпы алғанда, шаруашылықты ірілендіру кәсіпкерлер үшін өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, әрбір шаруашылықтың оңтайлы көлемі бар екенін ескеру қажет. Мысалы, егер құс өсіруде ірі шаруашылықтар құру тиімділік үшін басты шарт болса, мал шаруашылығында шағын, отбасылық үлгідегі фермалар да табысты жұмыс атқара алады. Сайып келгенде, агроөнеркәсіп кешеніне жаңа қарқын беру Қазақстанның әлемдік нарыққа ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау бойынша әлеуетін ашуы тиіс.Инфрақұрылымдық даму өсіп-өркендеуге төте жол
Қазіргі таңда Қазақстанның көлік саласындағы әлеуеті біртіндеп артып келеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында логистикалық инфрақұрылымды дамытуға салынған инвестициялар бүгінде Қазақстанда шоғырлана орналасқан темір жол және автокөлік жолдарының пайда болуына әкелуде. Өз кезегінде, түрлі бағыттағы жаңа жолдар сауда және тауар транзиті үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Осы орайда, 2016 жылы Қазақстан аумағы арқылы Еуропа – Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік тасымалдар екі есеге артып, 104,5 мың контейнерді құрағанын айтсақ болады. Осыны ескере отырып, Жолдауда транзиттік тасымалдар экономикалық дамудың жаңа драйвері ретінде көрсетілген. Қазақстан жолдары арқылы транзиттік тасымалдар көлемін ұлғайту үшін көлік саласын дамытудың жоғары қарқынын қамтамасыз ету аса маңызды. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Каспий теңізіндегі Құрық порты құрылысының екінші кезеңін жүзеге асыру, сондай-ақ қолданыстағы көлік дәліздерін жаңғырту бойынша Үкіметке тапсырма берді. Одан басқа, Елбасы жолаушылар тасымалының сервистік деңгейін арттыруға және жүктердің жолындағы әкімшілік тосқауылдарды жоюдың маңыздылығына назар аударды. Алға қойылған міндеттер орындалған жағдайда, Қазақстан көлікшілерінің жылына 2 млн контейнерлік тасымалдау көрсеткішіне қол жеткізулеріне толық мүмкіндігі бар деп ойлаймыз.Құрылыс – аса маңызды салалардың бірі
Жолдауда көрсетілгендей, жаңа модель аясында экономикалық өсудің толыққанды драйвері құрылыс саласы болуы тиіс. Құрылысты дамытудың маңыздылығы бүгінгі Қазақстан қоғамындағы қарқынды урбанизациямен байланысты екендігін айтқан жөн. Сонымен бірге, ауқымдылығына байланысты құрылыс секторы экономиканың басқа салаларында қосымша сұранысты туғызатынын да ескеру қажет. Мұның барлығы құрылыс секторын дамытудың әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын көрсетеді. Бұл мақсатта мемлекеттік қолдау ресурстарын тұрғын үй құрылысына шоғырландыру жоспарлануда. Үстіміздегі жылы Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер ішінде трансферт көлемі бойынша тұрғын үй секторы бірінші орынға ие болды. Саланы дамытуға 166,4 млрд теңге бөліну жоспарланып отыр. Үстіміздегі жылы «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Бағдарлама аясында алдағы 15 жыл ішінде 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделуде. Осы мақсатта тұрғын үй салушылар үшін банк несиелерін арзандату және азаматтар үшін ипотекалық несиелерді субсидиялау жоспарлануда. Тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік трансферттер құрылыс секторына тек оң ықпалын тигізуде. Оған дәлел, соңғы жылдардағы күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, құрылыстың тұрақты өсу қарқынын жоғалтпай отырғаны. Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы ұсынған дамудың жаңа моделі экономикамыздың ұзақ мерзімді өсу драйверлерін қайта айқындайды. Жаңа модель аясында дамудың ішкі факторларына басымдық беріліп отырғанын байқауымызға болады. Сонымен бірге, даму үлгісіне деген жаңа көзқарас осыған дейін жеткен жетістіктерімізден бас тартуға мәжбүрлемейді, яғни еліміздің әрі қарай тұрақты дамуына негіз қалайды. Жалпы, Елбасының биылғы Жолдауы мемлекетіміздің экономиканы әртараптандыру жолындағы құрылымдық және институттық реформаларды жалғастыруға деген ұмтылысынан хабар береді. Жұмабек САРАБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы