
Қазір азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі әлем бойынша бірінші кезекке шықты. Барша адамзатты ерекше толғандыратын түйінді проблемаға айналды. Елбасы ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатеріне азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді жатқызғаны мәлім.
Демографтардың болжамы бойынша, жер бетін мекендейтін халықтың саны 2050 жылға таман 9 миллиардқа жететін болса, ахуалдың күрделене түсері анық. Өйткені, бүгінде 7 миллиардқа жуық тұрғынның 1 миллиардтан астамы тоя тамақ ішпейтіндіктен ашқұрсақ жүреді екен. Сондықтан, алдағы 30 жылдың ішінде өнім өндіру көлемін кемінде 1,5 есеге дейін арттыру міндеті тұр. Бұл тұрғыдан алғанда, Президент атап көрсеткендей, Қазақстанның мол мүмкіндіктері бар. Жеріміз кең, асты-үсті қазба байлықтарға толы. Ең бастысы, климаттық орналасуымыз ауыл шаруашылығы үшін қолайлы. Оның үстіне 180 миллион гектар жайылым, 25 миллион гектар егістік жер – таусылмас байлығымыз, орасан резерв көзі.
Десек те, бұл саладағы әлеуетіміз толық пайдаланылып жатыр деп айта алмаймыз. Әлемдегі жетекші елдермен салыстырғанда, ұсақ тауарлы шаруашылықтар әлі басым, еңбек өнімділігі төмен. Ғылым жаңалықтарын енгізу, өндіріспен ұштастыру, заманауи техникалармен жарақтандыру жағы кемшін. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі 1,1 тоннадан, бір сиырдан жылына сауылатын сүт 2,2 тоннадан ғана айналады. Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірісі ішкі жалпы өнімнің 5 пайыздан төмен деңгейін құрайды. АҚШ пен Германияда 1 пайыз төңірегінде. Демек, ІЖӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесіне қарап орнын, маңыздылығын бағалауға болмайды деген сөз. Республика тұрғындарының 43 пайызы ауылдық жерлерде тұрғанымен, еңбекке жарамды адамдардың 18 пайызы ғана ауыл шаруашылығымен айналысады. Экспорттық үлесіміз небәрі 27 пайыз ғана.
Ғылым жетістіктері мен жаңалықтары өндіріске кеңінен енгізілетін болса, бұл көрсеткіштерді екі есеге дейін арттыруға болатынын тәжірибе көрсетіп жүр. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде еліміздің экономикасында үдемелі даму жалғасып келеді. Үкімет тарапынан атқарылып жатқан ауқымды шаралар көп. «Агробизнес-2020» бағдарламасы қабылданғанда, ауыл шаруашылығын қаржылық демеу жағына көбірек көңіл бөлінді. Салаға бөлінетін қаржы көлемін ІЖӨ-нің 10 пайызына дейін ұлғайту белгіленді. Шапшаң қарқынмен дамып келе жатқан өркениет көшіне, ғылыми-техникалық үдеріске ілесу үшін уақыт ағымына бейімделу, соған сәйкес қимылдау, шешім қабылдау, реформалардың жүзеге асырылуы қалыпты жайт. 2017-2021 жылдарды қамтитын бағдарлама – бұрынғысының толықтырылған, жаңартылған нұсқасы. Кезінде асыл тұқымды мал санын көбейту мақсатымен олар шет елдерден сатып алынды. Бұл қажеттіліктен туындаса, қазір жағдай да, талап та өзгеше. Енді сапалы жемазық өндірісіне, шаруашылықтарды ірілендіруге, ауылдарда кәсіпкерлікті жандандыруға, төрт түлік малдан бала-шаға нәпақасын айырып отырған отбасыларға қолдау көрсетуге күрт бетбұрыс жасалып отыр. Субсидия бөлу мәселесі түпкілікті шешілді. Бұдан былай осы қаржыны орынды жұмсау жағын ойластыру қажет.
Өндіріс пен ғылымды ұштастыру, ғылыми жетістіктерді коммерцияландыру, технологиялар трансферті секілді мәселелерге қол жеткізбейінше, ілгері басу қиын. Өркениетті елдерде ғылымға бөлінетін қаржы көлемі ішкі жалпы өнімнің 4-5 пайызын құрайтынын ескерсек, ғылым жаңалықтарын тиімді пайдалану арқылы ғана белгілі нәтижеге жете аларымыз анық. Себебі, кез келген ел экономикасының қарқынды дамуы оның ғылым деңгейімен де өлшенеді. Ал ғылымға сұраныс болу үшін іргелі өндіріс ошақтары болуы шарт. Тағы бір ескеретін жайт, дамыған елдерде қомақты қаржыны жеке компаниялар мен кәсіпкерлер құяды. Үкіметтің осыған бейімделуі құптарлық. Индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы өндіріс орындарының әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Онымен бірге ғылымның да өркендері сөзсіз. Ғылым қоры, Ұлттық технологияларды дамыту агенттігі, Дүниежүзілік банктің ғылым комитетінің ғылымды коммерцияландыруға бағытталған жобалары да үміттендіреді.
Сондай-ақ, ғылымға бейімі бар жастарды ауыл шаруашылығы саласына тарту – шетін мәселелердің бірі. Әсіресе, ұл балалардың мал шаруашылығы мамандықтарын таңдауы сирексіді. Керісінше, кездейсоқ келушілердің қатары артып бара жатқан секілді. Бүгінде ауыл шаруашылығы мамандарының 70-80 пайыздан астамын қыздар құрайды. Бұл да ойланатын жайт. Бір сөзбен айтқанда, кадр тапшылығын кешенді түрде шешпей, жағдай жақсармайды.
Әйіп ЫСҚАҚОВ,
биология ғылымдарының докторы, профессор