
Ғасырлар тоғысында 6 млн қандасымыздың санасы мен жүрегін жаулап алуымен ұлттық тарихымыздағы ерекше құбылысқа айналған Алаш қозғалысы қазақ халқының өткені мен болашағын, әлемдік үдерістегі орны мен мәртебесін жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді. Кеңестік тарихнамада Алаш тарихы әлеуметтік ілгерілеуге кесе-көлденең тұрған құбыжықтай аяусыз күйеленгеніне қоса, революцияға дейінгі отарлық өлке, оның байырғы тұрғындары – қазақтар барынша мешел қалған, социалистік революцияның арқасында
ғана төл мемлекетіне қолы жеткен, ұлтқа айналған қауым ретінде зерделенгені белгілі.
Шынтуайтына келгенде, Еділ-Жайықтан Жетісу мен Түркістанға дейін ақ патшаның құзырына өтіп, ХХ ғасырға қадам басқан Ұлы дала елі Азия мен Африкадағы, Еуропа мен Америкадағы халықтардың біреуінен ілгері, біреуінен кейін өмір сүріп жатқан еді. Оны таптық идеология өктемдігімен алдындағы асын іше алмайтындай жамандардың қатарына жатқызу берісі – ақиқатты бұрмалау, әрісі – қаскөйлік. Бірде кедей, бірде бай болғандар аз ба, тәйірі. Адамзат баласының дамуы ешқашан біркелкі болған емес. Бүгінде аузымен құс тістеген АҚШ-тың өзі отарлық қамытынан XVIII ғасырда арылып, тәуелсіздікке қол жеткізсе, Германияның бір орталыққа бағынған мемлекетке айналғаны ХІХ ғасырдың еншісінде. Тап сол ғасырларда Еуропа мен Азияның ұлан-ғайыр кеңістігінде үстемдік құрған Осман империясы І дүниежүзілік соғыста күйрей жеңіліп, әупіріммен жаны қалған еді.
Рас, отарланған қазақ өлкесінің заманауи зауыты мен фабрикасы, темір жолы мен байланысы, университеті мен театры болған жоқ. Хат танымайтындар да, сіңірі шыққан кедейлер де баршылық-тын. Бірақ жеті атасын, хандары мен батырларын, бабалар сөзі мен ән-күйін, аспан әлемі мен жер бедерін жазбай таныған, адамзатқа әл-Фараби мен Ясауиді, Шоқан мен Абайды берген халқымыздың интеллектуалдық әлеуеті бұрынғы ғасырлардағыдан артпаса, кеміген жоқ еді. Жаңа заманда өсіп-өркендеудің кілті білім мен ғылымда жатқанын қапысыз айыра алды. Осыны байқағандықтан да Алаш көсемі Ә. Бөкейхан 1889 жылы: «Қыр халқы... ғылым-білім жайып жатқан һәм өздері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақылы-санасы болған соң, сол ... заманда болған балаларымыз бізден ақылды болып, біздің заманымыздағы аталарымыздың қылғандарын көріп таңғалар я ойламай қатырар», деп жазуы әсте кездейсоқтық емес.
Ең бастысы, оқу-білімді, ұлттық бірегейлікті, белсенді өмір позициясын ауылда қой бағудан жоғары бағалап, өркениет көшіне ілесудің басты шарты екенін қарапайым жандар да мойындады. Сол заманда Ә. Бірмұхаммедұлы деген азаматтың: «Бисмилла деп бастағанда қолға алатын ең мұқтаж жұмыс – оқу... Оқу-білімнен соңғы біздің халыққа екінші мұқтаж іс – ынтымақ... Сол себепті әр адамға керек бай, керек ғалым, керек білгіш болсын, бес парыздың біріндей міндет: шамасынан келгенше ыждаһат етіп, халыққа дәулетімен болсын, білімімен болсын, өнерімен болсын қызмет етіп, пайда келтіріп, халықтың қамын ойлау», деп жазуы нағыз көрегендік әрі ешқашан өзектілігін жоймайтын сөз. Және ол қоғамдық пікірдің сапалы биік деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Өлкедегі қайшылықты ахуал, Еуропадағы өнеркәсіптік төңкеріс, жаратылыстану мен механика ғылымдарының жетістіктері осылай ойлауға итермеледі. Университет бітірмеген перзенті мазмұн-өресі бойынша жаһандық деңгейде ой-пайым түйіндеуге қабілетті халықтың азаттықты аңсамауы, әлемдік додадан тыс қалуы мүмкін емес қой.
Қалай десек те, сауда-саттықпен, діни қажеттілікпен, оқу қуумен, тағдырдың жазуымен әр жердің дәмін татқан қазақтар таяу-алыс елдердің тіршілігінен хабардар болды. «Біз» және «олар» несімен ерекшеленетінін айыра алды. ХХ ғасырға қарай өлкеге шетел капиталы келді. Әлем дидарын қазақтың тануы тереңдей түсті. Мәселен, 1904 жылы құрылған «Спасск кен рудаларының акционерлік қоғамы» басқармасына төрт ағылшын және төрт француз кірді, ал қоғамның акцияларын Американың, Германияның, Швецияның, Испанияның және басқа капиталистік елдердің іскер ауқаттылары ұстады. Қолы жеткен қазақтар «әмірқан (американ) етік» киді, «болыскей (польский) кереуетте» жатты. Қысқасы, әлем қазақты қалай білсе, қазақ та әлем дидарын солай біле алды.
Міне, осы үрдісті қоғамдық-саяси, ғылыми ой елегінен өткізуді барынша тереңдеткен, оған танымдық-қолданбалық сипат беруді жаңа белеске шығарған күш алаштықтар екені сөзсіз. 1913 жылғы 5-санында «Қазақ» газеті былай жазған екен: «Бүгін Еуропада болып жатқан уақиға ертең Азияда болуға ықтимал. Жер жүзінде тіршілік етіп тұрған адамдар, болып жатқан уақиға, істеліп жатқан жұмыс, жұмсалып жатқан қулық, сұмдық бәрінен де хабардар болмақ керек. Неге десең, дүниедегі адамдардың пайда, зарары матасулы».
«Матасулы» әлемнің ұлтына берері мен сын-қатерін бағалау, халқын азаттыққа алып шығудың мақсат-міндеттерін тарқата талдау миссиясы Алаштың пешенесіне жазылыпты. ХІХ ғасырдың аяғында басталған бұл миссия күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Оның тарихын адами-элиталық капитал және идеялар тағдыры өлшемімен үш дәуірге жіктеуге болады. Біріншісі – алаштықтардың көзі тірісіндегі дәуір. 1937-1938 жылдарғы «Үлкен террорға» дейінгі аралықты алып жатыр. Бір ұрпақтың ғұмырынан да қысқа мерзім ішінде тындырған істеріне – әліппені жазғаннан Қазақстан шекарасын анықтағанға дейін – баға жетпейді. Екіншісі – Алаш қайраткерлері ақталғанға дейінгі дәуір. 1990 жылға барып тіреледі. Кеңестік билік Алаш есімі мен ісін санадан өшіруге қанша тырысқанымен, мақсатына жете алмады. Үшіншісі – Алаш идеялары қайта оралған дәуір. Ол тәуелсіздікпен келді, «Мәңгілік Ел» идеясымен бірге жасаса береді.
Ал ұйымдық-практикалық өлшеммен қарайтын болсақ, Алаш қозғалысының дәуірлері, біздің ойымызша мынадай: бірінші – Абай мақтаған толық та кемел жандардан құралған Алаштың «ояну» дәуірі. 1905 жылы Қарқаралы петициясын түзумен аяқталды; екіншісі – Алаштың қазақты «оятқан» дәуірі. 1916 жылғы көтеріліске дейін созылды; үшінші – халықты қорғау және Қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру үшін күрес дәуірі. 1919 жылы Алаш Орда таратылғанша жалғасты; төртінші – Алаштың ұйымдық тұрғыдан талқандалған дәуірі. Ф.И. Голощекиннің Қазақстанға келуімен аяқталды.
Мұндағы «ояну» мен «оятудың» мәні – отарлық езгідегі халқының халі ауырлағанын, болашағы бұлыңғыр тартқанын интеллектуалдық ой-санамен ұғынған әлеуметтік топтың қалыптасқаны әрі солардың сан-алуан іс-әрекетімен қалың бұқараның азаттық жолына түсуі. «Оян, қазақ!» – ХХ ғасырдың басындағы ұлттық идеямыз. Қазақтың оянғанын 1916 жылғы көтеріліс паш етті. Көтерілісшілер әр өңірде хандықтар құра бастады. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Ресей империясының ыдырауы басталды. Осының бәрі Алаш қозғалысының түпкі мақсатын – Қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіру миссиясын атқаруды тездетті. Бұл орайда таразының екі басын тең ұстаудың маңызы зор болды. Бірі – әлемдік тәжірибені теориялық біліммен ұштастыру. Мемлекет, оның сипаты мен құрылысы туралы Макиавеллидің, Руссоның, Сперанскийдің, Лениннің, Вебердің, т.б. еңбектерімен Алаш көсемдері таныс болғанына өз басым күмәнданбаймын. Екіншісі – Қазақ мемлекеті мен билігін халыққа қызмет ететін нысанда түзу. Әлемнің дамуындағы түпкі мақсатты адамзаттың азаттықты іздеуі деп білген ғой Гегель. Ендеше, Алаш автономиясы – алаштықтар дәйектеген екінші ұлттық идеямыз. Бірақ Ресейдегі билікті қолға алған большевиктердің теориясы мен практикасы алаштықтар идеясымен үндесуі еш мүмкін емес еді. Қара күшке сүйенген Сталин, оның қолшоқпары Ф.И. Голощекин Алаш қозғалысын талқандады.
Ұлтының азаттығын көздеген алаштықтар қолдан келген мүмкіндіктің бәрін кәдеге жаратты. М.Дулатовтың 1909 жылы жарық көрген «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы жаңа толқынның Манифесі деуге лайық. Әсіресе, қазақты оятқан дәуірде «көзі, құлағы һәм тілі» болған «Қазақ» газеті оқыған жанды ақпаратпен, білім нәрімен сусындатты. Ұлы далаға жаһанның жаңалығын, қуанышы мен ренішін, тұлғалары мен қарапайым жандарының қам-қарекетін жеткізуде жасындай жарқылдады. «Сыртқы хабарлар» айдарымен Түркия мен Балқандағы соғыс барысы, Қытайдағы қазақтар тағдыры, Түркияның, Болгарияның, Сербияның, Грекияның, Черногорияның қысқаша тарихы, Жапонияның саясаты, Францияның, Австралияның, Англияның, Германияның халықаралық қатынастардағы ұстанымы, ауған мұсылмандарының отансүйгіштігі, Қытайдың АҚШ-пен, Жапониямен, Моңғолиямен байланысы, Англиядағы, Германиядағы, Франциядағы, Швейцариядағы, Жапониядағы кітап шығару ісі, Австралиядағы қой шаруашылығы, Польшаның азаттық үшін күресі, үнділердің ағылшындарға наразылығы, т.б. іргелі оқиғалар баяны оқырмандарға үздіксіз жеткізіліп жатты. Ниеті Түркия жағында екенін бірде ашық, бірде ыммен білдіре алды. Алыстағы Американы қазақтың жатсынбағанын 1913 жылғы ақпан айындағы газет мақаласы куәландырады. «Оқу-жазу білмеген адамды Қоспа Америка жүмһүриетінің топырағынан қуарға деген законға жүмһүриет бастығы Тафт қол қойыпты. Қазақтан барушы болса Америкаға кіре алмайды екен деп қорыққанынан бұл хабарды жазып тұрғанымыз жоқ. Жазу білмеген адам дүниеде тұруға лайықты емес екенін білдіру үшін жазамыз», делінген онда.
Алаш қозғалысы Ұлы дала топырағында бой көтерді. Артына жалтақтамай, қиырға көз жіберді. Алайда, оның бүкіл тарихы Күлтегін, Алтын Орда ғасырларынан үзілмеген империялық өршілдікті де, Еуропалық ағартушылықты да, XVIII ғасырдан бергі отарлық езгіні де бойына жинағанын байқай аламыз. Алашқа тән қоғамдық-саяси ой-сана Батыс ойшылдары мен өркениетінің биігіне көтерілгеніне педагогикадан, медицинадан, тарих пен әдебиеттен, ауыл шаруашылығы ғылымдарынан жазған еңбектері мен идеялары, Ә.Бөкейханның Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефрон шығарған энциклопедияда редакциялық алқаға кіргені, Барлыбек Сыртановтың 1911 жылы жазған «Қазақ елінің уставы» айғақ-дәлел. Бүгінгі ұғыммен айтсақ, устав Қазақ елінің Россиямен доминиондық қарым-қатынаста болуын дәйектейді, парламенттік-президенттік билікті, адам құқығын сақтауды конституциялық деңгейге көтеруді қажетсінеді, жерге жекеменшікті қабылдамайды. Империялық өршілдіктің асқар шыңы – Алаш партиясы бағдарламасының жобасы еді. Бодандықта жүргеніне мойымаған авторлар алдымен бүкіл Ресейдің, содан кейін қазақ өлкесінің жайын қозғайды: І-бапта Ресейдің таяу арадағы мемлекет қалпын болжаса, ІІ-бапта Қазақстанның болашағы сөз болып, Ресей республикасының федерациялық субъектісі мәртебесін алатыны жарияланған. Федерация құрамынан шығу мүмкіндігі қарастырылған.
Бағдарламада екі ғасыр бойы қалыптасқан буржуазиялық ұстанымдар мен құндылықтар көрініс тапқан. «Негізгі құқықтар», «Дін ісі», «Билік һәм сот», «Ел қорғау», «Салық», т.б. баптардың қағидаларын басқаша ұғыну мүмкін емес. Демек, Алаш жетекшілері дамудың еуропалық жолын таңдап, жаһандық бәсекеге қабілеттілік биігінен көрінуге қол созды. Егер олар заманауи білім алмаса, әлемдік тәжірибе мен практикадан хабарсыз өмір кешсе, ең ауыры – айтқан сөзді ұғатын әлеуметтік ортасы болмаса, қоғамдық-саяси ойдың ұлттық шеңберінде шектелуі бек мүмкін еді. Өресіз жанды масондықтар, әр жылдары Ресейді билеген Керенский мен Ленин маңына жақындатпайды ғой. Алаштықтардың еңбегін Париж бен Лондонда, Берлин мен АҚШ-та зерттемес еді.
Ал отарлық езгі ықпалы неден көрінеді десек, ол бодандықты қабылдаумен келген «дерттерді» – ұлт теңдігі, әйел мәселесі, білім беру жайы, Мемлекеттік Думаға қазақтан депутат сайлауды қалпына келтіру, переселендерге кеткен жерді қайтару тәрізді талаптарды күн тәртібіне қойғанынан менмұндалап тұр. Бұл – отар елдердің бәрінің басынан өткен тағдыр.
Алаш қозғалысының дүниеге келген мерзімі қазақ қоғамы мен әлемдік тарих толқынының ажырағысыз байланысын айғақтайды. Сәл шегініс жасасақ, ХІХ ғасырдың 20-жылдарында-ақ отар халықтар тәуелсіздікке жетіп, мемлекетін құра алатынын С.Боливар басқарған Венесуэла, Перу, Боливия республикаларының шаңырақ көтеруі алға тартты. Ал ХХ ғасыр басында отар және жартылай отар елдерде ұлт-азаттық қозғалысы барынша қанат жая бастаған еді. Оны «Азияның оянуы» деп айшықтайтынымыз бар. Ақиқатында қалың қатпарлы тарихы бар Азия да, Ұлы дала да ешқашан меңіреу ұйқыға кеткен емес. Бұлар жат қолына қарағандықтан, бар болу немесе бордай тозу дилеммасына жеткендіктен шешуші күресті бастады. Оның бірнеше ұқсас әрі мәнді белгілері бар: біріншіден, қозғалыстың басында интеллектуалдық қарымы зор, халықаралық танымалдыққа ие зиялылар қауымы тұрды. Ұлттық азаттық идеясына бірден келе қалмаса да, ұлтының азаттығын төл мемлекетін құрудан бөле-жара қарамағандары ақиқат.
Екіншіден, қойған талаптары кешенді әрі жан-жақты (саяси, ғылыми, идеологиялық, әлеуметтік ...) дәйектелгендіктен әрқайсы туған халқының көкейкесті қажеттілігін дәл бейнеледі. Елі, жері бөлек болғанмен бұл талаптар отар елдерге өте жақын, қисынды еді. Мәселен, Қытайдағы мәнжу билігін құлатқан, ұлт-азаттық күресін биік белеске көтерген Сунь Ятсен (Ә. Бөкейханмен түйдей құрдас, екеуі де 1866 жылы дүниеге келген) отарлаушыға қарсы үш ұстанымды – ұлтжандылық, халық билігі, халық тұрмысы – басшылыққа алды. Ал Үндістанның тәуелсіздігі үшін күрескен М. Ганди күш қолданбау идеологиясын түзіп, ұлт-азаттық күресінде халықтар бірлігіне айрықша мән берді. Дұрыс табылған идеялар тарихты өзгертті.
Осылардың басым бөлігі Алаш қозғалысында да орын алғаны белгілі. Айталық, Азияның оянуындағы, азаттық күресіндегі ұқсастық алаштықтар 1905 жылы ресми билік иесі Петерборға жолдаған Қарқаралы петициясында ап-анық сыртқа шықты. Бұл құжаттың мазмұны мен мәнін М.Әуезов былайша ашқан еді: «Петициядағы аталған үлкен сөздері – бірінші, жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған, екінші, қазақ жұртына земство беруді сұраған, үшінші, отаршылардан орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. Петициядағы тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселелері осылар болғандықтан, Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан. Көпшіліктің оянуына себепші болған». Басқа өңірлерде де петициялар қабылданды. Бұл арнайы зерттеуге лайық құбылыс.
Үшіншіден, бұрын-соңды беймәлім болып келген, бірақ саяси жаңғыруға ауадай қажет күш – партиялар дүниеге келді. Сунь Ятсен негізін қалаған Гоминьдан партиясы 1912 жылы құрылса, М. Ганди Үндістан Ұлттық конгресі партиясының тізгінін 1915 жылы өз қолына алды. Алаш партиясының рәсімделгені 1917 жылы болғанымен, партия құруға талпыныс 1905 жылы басталған еді. Соңғы зерттеулердегі мәлімет бойынша, Алаш партиясының жұмысына тартылған мүше саны 1000 адамның шамасында екен.
Төртіншіден, ғасырлар тоғысында әлемді аузына қаратқан Еуропадан да тыныштық кете бастаған болатын. Антанта мен үштік одақ арасындағы әлемді қайта бөлуге талас соғыс қаупін жақындата берді. Ақыры ол қазақ жастарын тылдағы жұмысқа жегуге соқтырды. Көп ұзамай Романовтар әулеті тақтан тайды. 1917 жылғы маусымда Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы жариялаған үндеуде дүбірлі дүниеге араласудан басқа жол жоқ екені анық айтылды. «Бір мемлекетке бағынған біздің қазақ сияқты іргелі жұрт жасырынып жүріп күн көре алмайды. Енді бұрынғы қате ізді баспалық, үлгілі жолға түселік, мынау ұлы дүбірге қосылалық, тиісті бәйгемізден құр қалмалық, жұрт болалық. Егер, қазақ, мұны істемесек, кейінгі нәсіл-нәсіптің көз жасына қалғаның...», делінген онда.
Алаш қозғалысы әлемдік тарих барысы мен заңдылықтарына табиғи кірігіп тұрғанына және бір айғақ-дәлел – Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы бастаған жұлдызды топтың жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды теңдей қастерлегені. Бұлардың еңбектерінде бес құрлық тұлғалары, ойшылдары, мәдениеті, ғылымы, тарихы қылаудай алалаусыз ұлықталған. Бірде-бір ұлттың атына ғайбат сөз айтылмайды. Өзгені өзіндей көру, үздіктен үйренуге шақыру зая кетпеді. Сондықтан да шығар, эмиграцияға кеткендері (М. Шоқай, А.З. Валиди) демократиялық ортаға кіре қалса, барған жерінің кетігін тауып, кірпіш болып қаланды, саяси-шығармашылық қызметтерін жалғастыра берді, танымалдығы артпаса, бір мысқал төмендеген жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, алаш тәрбиесі мен мектебінен өткен жас буынның үздік, дүлдүл өкілдері (М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, Ә. Марғұлан) тоталитарлық қыспақтың өзінде ұлт ұстаздары нұсқаған бағыт-бағдарларын жоғалтпай, әлемдік интеллектуалдық қазынаға олжа салғаны объективті заңдылық.
Азаттықты аңсаған алаштықтар Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдырудың жолдары мен мүмкіндіктерін қаперден шығармады. Жапониядай, Германиядай, Еуропадай болуды армандады. Алдыңғы қатардағы елдердің табыстары мен артықшылықтарын қызғанышсыз құптай білді, әлсіздеріне қол көмегі болмаса да, тіл көмегін беруден аянбады. Дамудың эволюциялық жолын құптаған Алаш ұлт-азаттық қозғалысы сол заманғы ең табысты Батыс өркениеті мен үлгісін қазақ өміріне сәйкестендіруге, бейімдеуге басымдық берді. Әрине, батысшылдық қазақтың болмыс-бітімін бұзуға әкеледі деген ойы да болған жоқ. Халықтың жасампаз қабілетіне сенді. «Ал, алаштың азаматтары! – деді А.Байтұрсынұлы – Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп қамданамыз ба? Қалмаймыз десең, қарап жатпалық. Көп істе көп болып жабылайық! Саңлаулы, саналы халық азаматтары көмек етіп, күш қосып демер деген үміт зор».
Алаш көшбасшылары халқын әлемдік додаға кіргізуге, сол арқылы жаһанның дидарын, Ұлы даланың көркін нұрландыруға жол көрсетті. Қозғалыстың тарихында кемшілік пен кінәрат орын алған жоқ деген ойдан аулақпыз. Кейде ауызбіршілік жетпей жатты. Оған материалдық-қаржылық қиыншылықтар қосылды. Мемлекеттің жарияланбай, үкіметтің құрылғаны сыртқы байланысты әртараптандыруға септеспеді. Дегенмен, Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай, «Қазақ зиялыларының жеке басының қасіретімен қатар, өрілген қызметі өзінің бірегей құбылыс ретіндегі тұжырымды деңгейімен ғана емес, азаттық һәм адамгершілік деңгейімен де осы заманмен үндес».
Ханкелді Әбжанов,
Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының директоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі