
Жуырда Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Алашорда» үкіметінің 100 жылдығына және ХХ ғасырдың 30-50 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мақсатында «Алаш қозғалысы: ұлттық интеллигенция және сталиндік қуғын-сүргін» атты ЖОО аралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Алқалы жиынға еліміздегі іргелі ғылым және білім беру ұйымдарынан 145-тен астам баяндама келіп түскен. Конференция жұмысына елімізге белгілі ғалымдар қатысты. Басқосуды ҚарМТУ ректоры Марат Кеңесұлы Ибатов ашты. Ол өз сөзінде:
– Биылғы жылы «Алаш» қозғалысының құрылғанына 100 жыл толуына орай Алаш зиялыларының мұраларын зерделеу және оны жандандыру шаралары қолға алынуда. Өйткені, олар бүгінгі біздің қол жеткізіп отырған тәуелсіздігіміздің мұраттарын, саяси-құқықтық, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастары мен тұжырымдарын сол кездің өзінде-ақ айтып кеткен. Біз де осы шараға үн қосу үшін әрі «Алаштың» 100 жылдығын сол заманмен ғана шектеп қоймай, бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің тарихымен, ұлттық идеямызбен байланыстырып, осынау жиынды ұйымдастырғанды жөн санадық, – деді.
Іс-шара барысында оқылған баяндамалардың дені «Алаш» қозғалысының тарихындағы эволюцияға тоқталып, олардың мұраларының ішінде әлі де болса зерттелетін құнды дүниелер көп. Тек көп құнды құжаттар Мәскеу мұрағаттарында қалың қағаз астында көмулі жатыр. Дәл қазіргі уақытта оны аршып алып, қалың бұқараға көрсету үшін отандық ғалымдарымыздың толықтай мүмкіндігі болмай жатқандығын тілге тиек етті.
Келелі кеңеске ұйытқы болған ҚарМТУ-дың ғалымдары, атап айтқанда Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент С.Қасымова «Нығмет Нұрмақов – мақтанышы, ар-намысы қазақтың» баяндамасын ұсынып, конференцияға қатысушыларды тың деректермен таныстырды.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сатай Сыздықов «Уақытша үкімет тұсында билікке келген Алаш қайраткерлері ауылдарда кооперативтер ашуды белсене қолдап отырды. Мысалы Ә.Бөкейханов Қостанай губерниясын басқарғанда көптеген кооперативтерді ашуды қолдағандығы, іс қағаздарына қол қойғаны архив материалдарында жиі кездеседі», – деді.
Конференция өз жұмысын Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне жыл сайын еліміздің жоғары оқу орындарында «Алаш» қозғалысы қайраткерлеріне арналған конференциялар өткізу, «Алаш» қозғалысы көшбасшылары туралы толық метражды деректі және көркем фильмдер түсірілімін ұйымдастыру сияқты ұсыныс-тілектермен аяқтады.
Шын мәнінде аталмыш жиыннан түйіп шыққанымыздай, «Алаш» қозғалысының негізгі идеясы әлдеқайда бұрын өмірге келіп, күні бүгінге дейін «елім, жерім» деп ұлт болашағын ойлаған отаншыл азаматтардың елін прогреске бағыттаған жалпыхалықтық демократиялық қозғалыс еді.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ